Ақтөбе — 95

Біздің ұстаханамыз

Зәуреш БАСЫҒАРАЕВА,

«Ақтөбенің»1997-2001 жылдардағы қызметкері.

Кем-кетіктеу «Кедейден» кемеліне келген «Ақтөбеге» дейін ғасырға жуық уақытты өзі өмір сүрген қоғамның әр тынысымен үндестірген облыстағы басты басылымның төл мерекесі құтты болсын! Ақтөбе өңірінің жылнамасы іспетті аяулы газет қолына қалам ұстағандардың ұстаханасы болды. Қазір де оның ортасы ортайған жоқ, көрігі суыған жоқ. Газеттің «жасы» ұлғайғанмен, оның жауынгерлерінің жаны да, дені де жас. Ғұмырлы бол, аяулы «Ақтөбе».

… Мен газетке өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары келдім. Алғаш келген кезде белгілі журналист, марқұм Амангелді Смағұлов ағамыз жетекшілік ететін әлеуметтік бөлімге қабылдандым. Тоқсаныншы жылдары газет үшін өте қиын уақыттар болды, жалақы алмадық, жалақы есебінен азық-түлік алған кездер де болды. Дегенмен, «ашқұрсақ» жүрсек те, қоғамдағы өзекті мәселелерді көтеріп, халықтың «көзі, құлағы һәм тілі» болуға тырыстық. Сол жылдары мен әлеуметтік тақырыптар төңірегінде көп жаздым: «құл базардағы» жастар жайы, жұмыссыздық, жетім балалардың тағдыры, сырттан көшіп келген бауырларымыз туралы, құлап, жабылып жатқан мектептер, тұралап тұрған туризм, жол мәселелері төңірегінде бірқатар мақалалар жүйелі түрде жарық көріп тұрды. Өзіміздің қалтамыз тесік болса да, мұқтаж жандарға көмектесу үшін «Қызыл крест» қоғамы, облыстағы басқа да ірі кәсіпорындар арқылы оралмандарға, басқа да санаттағы азаматтарға әлеуметтік көмектер ұйымдастырдық. Қалай болғанда да газетте жұмыс істеген жылдарым рухани мазмұнды жылдар болды.

Сол кездері газеттің редакторы болған ардагер журналист Идош Асқар, аға буын журналистер Төлеміс Меңдіғали, Аманғос Орынғалиев, Ертай Ашықбаев, өмірден өткен Амангелді Смағұловтар, басқа да ағаларымыз  қаламымыздың төселуіне,  өреміздің өсуіне зор себепкер болған еді.. Бірнеше буынның рухани ордасына айналған «Ақтөбе» газетін 95-інші белесінің биігі берекетке жетелегей!

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button