Ақтөбе — 95

Жастық леп, жаңа жол

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ,

«Ақтөбе» газетінің 2000 жылдан бергі тілшісі.

… Ақтөбе өңірінің бір ғасырға жуық жылнамасы болып келе жатқан облыстық «Ақтөбе» газетінің 95 жылдық тойы құтты болсын! Газетіміздің ардагері Идош Асқар ағай айтпақшы, осы жылдары газетте төрт буын қызмет еткен. Әзірге соңғы буынның көшін көтерісіп жүрген біздер — газетке кейінгі жылдары келген ұрпақпыз.

Біз  газеттің алғашқы саны шыққан 1924 жылдардан бермен қарайғы қиындықты — ашаршылықты, соғыс жылдарын, тың игеру, колхоздастыру, тоқырау кезеңдерін көргеніміз жоқ. Ол жылдардағы газет шығарудың қиындығы мен қызығын қатар көрген аға буынның естеліктерінен ғана оқыдық. Тәуелсіздіктің ақ таңы атқан тоқсаныншы жылдары «Ақтөбенің» мектепте оқып жүрген оқырманы ғана болдық. Біздің бағымызға — сол қиындықтардың барлығынан қайыспай өткен қайсар газетіміздің жаңа заманның сұранысына қарай келбеті мен мазмұны қатар өзгерген екі мыңыншы жылдар бұйырды. 2000 жылдардың басында елімізде тәуелсіз газеттер көбейіп, ұлттық мәселелер батыл әрі жиі көтеріле бастады. «Ақтөбе» де сол қатарда болды: қоғамдағы жетістіктер мен кемшіліктер қатар жазылды. Газетіміз автоматтандыру дәуірінің алғашқы сатысына аяқ басты: редакцияға алғаш рет компьютерлер әкелініп, ескі жүйемен басылып келе жатқан басылым жаңа цифрлық ғасырдың жемісін көре бастады. Алғаш рет газетіміздің электронды нұсқасы жасалып, «Ақтөбені» интернет арқылы әлемнің кез келген түкпіріндегі оқырман оқи алатын дәрежеге жеттік!

Сол кезеңде біз, жаңа ғасырдың жас журналистері, алдымыздағы ағаларымыз бен апаларымыздан дәстүрлі журналистиканың озық үлгілерін үйрене отырып, газетімізге өзімізбен бірге жастық леп, жаңа идеялар мен тың тақырыптар, өзгеше формалар алып келуге тырыстық. Ешқашан татулығы бұзылмаған біздің рухани үйіміз, Ақтөбе журналистикасының ұстаханасы  — біздің сүйікті редакциямыздың шаңырағында 95 жылдан бері үзілмей келе жатқан аға буынның қамқорлығы мен жастардың жаңашылдығы одан әрі жалғасын таба бергей! Газетке енді келіп жатқан бесінші буынның бағы мен бабы алдыңғы буыннан мықтырақ, батылырақ болғай!

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button