Ақтөбе — 95

Тоқсанның тілегі

Тоқсан бес жылғы тарихтың тұтас бір кезеңдерін өзіне серік еткен санаулы жандардың бірі — Алма Төлепбаева.

— Мен облыстық газетке жиырма бір жасымда мәшеңке басушы болып келдім. Содан зейнет демалысына шыққанша осында еңбек еттім. Газет жұмысы қай кезде де оңай болып көрген емес. Кейде күні-түні жүретін уақыт болады. Ертеңіне сол еңбегіңнің жемісі — газеттің жаңа саны жарқырап шыққан кезде шаршағаныңның бәрі ұмытылып, тыңнан кіріскендей боласың,— дейді бүгінде тоқсан жасқа қол артып отырған абзал әже.

Жұрын өңіріндегі Жаңатұрмыс ауылында туып-өскен жас қыздың балалық шағы соғыспен тұспа-тұс келген кілең қиыншылықтарға толы болады. Алдындағы екі ағасы — Қуандық пен Сағидолла майданға аттанып, бірі жеңіспен елген оралғанымен, екіншісі Сталинград түбіндегі шайқаста қаза табады. Кейінгі төрт қыздың үлкені болғандықтан да, ауылдан ұзап шықпай, ата-анасына көмектесуді ойлайды. Сауатты жас қызды ауылдық кеңестің хатшысы етіп сайлайды. Сол кез туралы кейініректе «тұлымшағы желбіреп, атқа мініп жүрген қыз едім тыным таппай» деп көп айтып отыратын әже әңгімесін қазір немерелері жатқа біледі.

Елуінші жылдардың басында жас жігіт Серікбай Құрманбаевқа тағдыры табыстырған ару алдағы бүкіл ғұмырын осы әулетпен байланыстырады.

— Сөйтіп, жиырма бір жасымда қалалық болдым. Жолдасым облыстағы асылтұқымды мал өсіретін бірлестіктің басшысы болды. Отбасымызда төрт перзент дүниеге келді. Үлкенім Айсұлтаным жолдасы Лиза екеуі де дәрігер. Олардан кейін Ботагөзім де адам жанының арашашысы, күйеу балам Бисембай — танымал азаматтардың бірі. Мақсатым — Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетте ғылым кандидаты, доцент, келінім Нәйла Бөртебаева біраз жыл Ақтөбе қалалық әлеуметтік қамсыздандыру саласына жетекшілік етті. Кенжем Талғат — «Қазхром» акционерлік қоғамында инженер, келінім Тыныштық. Шүкір, осы балаларымнан немере сүйіп, жапырағым жайылып отырған жағдайым бар,— деп қария әңгіме арасында ұрпағы туралы бір шолу жасап өтті.

«Ақтөбе» газетінің өткен жолына үңілгенде әженің айтары көп. Алдыңғы буын өкілдері саналатын Құбаш Қожамұратовпен, Смағұл Мұқашевпен қатар еңбек етті. Қазақ әдебиетінің көрнекті қайраткерлері Тахауи Ахтановтың, Қуандық Шаңғытбаевтың, Сағи Жиенбаевтың, Бәкір Тәжібаевтың елге келгендегі редакцияға өз үйіндей сағынышпен енетінін тебіреніп айтады.

Айтпақшы, Алма апай ауылдағы мектепте белгілі ғалым Есет Жұбановпен бірге оқыған. Ұзақ жыл Алматы қаласында тұрған Есет аға сонау жылдары Ақтөбеге қоныс аударды. Сол тұстарда кластастар бірін-бірі ұмытпай жиі хабарласып, үйлеріне қонақтыққа шақырып тұрған.

Алма апай өзімен қатарлас еңбек еткен замандастары Жаңылай Құлыбекова, Әмина Айтмағамбетованың, ізін қуған Жәмила Жакиенова, Алтын Қарағұлованың есімдерін әрдайым құрметпен атап, балаларына олар туралы сүйіспеншілікпен әңгімелеп отырады.

Алма апай өзінің тоқсан жасына тың келді. Үйге қонақ келгенін жақсы көреді. Оларға облыстық газетте қызмет атқарған жылдарын жыр қылып айтқанды ұнатады.

«Ақтөбе» газетін әлі күнге дейін алдырып оқиды. Уақыт өз дегенін істейді ғой, мұнда да буын алмасты, көзкөргендерден санаулы қызметкерлер ғана қалғандығын біледі.

— Бұл газетте қызмет істегенімді тағдырдың жақсы сыйы деп білемін. Көп жақсы адамдарды көрдім, газет арқылы жақсы жаңалықтарды алғашқылардың қатарында біліп отырдым.

Балаларымды мерекемен құттықтай отырып, «Ақтөбе» газеті алда да көпшіліктің іздеп жүріп оқитын басылымы болсын деймін. Барлығыңызға ұзақ ғұмыр, жақсылықтар тілеймін,— деді Алма апай.

Біз тоқсанның тілегін көпшілікке газет арқылы жеткізуді жөн көрдік.

Нұрмұханбет ДИЯРОВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button