Ақтөбе — 95Басты жаңалықтар

Оқырман: біз сіздермен біргеміз!

Ақтөбе

Сенімді серігіміз

Облыстық «Ақтөбе» газетінің 95 жылдық мерекесі жалпы газет қызметкерлері үшін ғана емес, оқырмандары үшін де ерекше салтанатты жағдай деп білеміз.

Мен ұзақ жыл Ойыл ауданында ұстаздық қызмет атқардым, шәкірт тәрбиелеп, қоғамымыздың келешегіне қызмет етер жас буынға жол сілтеу ісіне үлес қостым.

Қазір Ақтөбе қаласында тұрамын.

Қай ұстаз болмасын, өзін баспасөзден бөлек сезіне алмайды. Өйткені газет-журнал — мұғалімдердің айнымас серігі, ақылшысы, қолдаушысы. Біздер кезекті сабаққа дайындалу барысында немесе тәлімдік-тағылымдық шаралар ұйымдастыру барысында баспасөз материалдарын кеңінен пайдаландық. Сондайда облыстық «Ақтөбе» газеті ұдайы жанымыздан табылатын.

Қазір де газет бетінен ел жаңалығын, дәуір өзгерістерін оқып-біліп, жаңалықтарға қанығып отырамыз.

 Ботакөз ҚУАТОВА,

ардагер ұстаз.

Алға

Біздің қолдаушымыз

Адамның басты байлығы — денсаулығы. Алайда оны қорғауға бәріміз бірдей жанашырлықпен қарай бермейміз. Дәрігерді жанына ауру батқан кезде іздейтіндер де көп.

Біздер сырқатты емдеумен бірге, дерттің алдын алу бағытында да жүйелі жұмыстар жүргізуге ұмтыламыз. Бұл ретте көпшілік арасында түсінік жұмыстарын жүргіземіз.

Осындайда бізге басылымдардың көмегі көп. Мәселен, «Ақтөбе» газетінде маман дәрігерлердің кеңестері, бірқатар аурулардан емделу жолдары тұрақты беріліп тұрады.

Ауылдағы газет оқырмандарының өздері сол кеңестерді оқып, бізге келіп емделуге қатысты ақылдасады. Сондайда газет сөзінің әсерлілігін айқын сезінеміз.

Бұл тұрғыдан алғанда газет — біздің қолдаушымыз.

Гүлсім МҰҚАНҒАЛИЕВА,

Қарағаш дәрігерлік амбулаториясының акушері.

Әйтеке би

Құнды ойларды табамыз

Мен білім беру саласында отыз бес жылдай қызмет атқарып, соңғы үш жылда Мәдениет үйінде еңбек етудемін. Үнемі ел-жұрттың ортасында, халықпен бірге келемін. Жастармен жұмыс істеуде біраз тәжірибе жинақтадым.

Аудандық Мәдениет үйі қазіргі уақытта адамдардың рухани күш-қуат алатын орталығына айналды. Біздер, мәдениет саласы қызметкерлері биылғы жылдың өзінде Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақаласын басты бағдарға ала отырып, көптеген шараларды жүзеге асырдық. Бұл ретте облыстық «Ақтөбе» газеті біздің қолдаушымыз іспетті болды. Өйткені басылым бетінде ғалымдардың, зиялы қауым өкілдерінің осы ауқымдағы танымдық-тәрбиелік мақалалары тұрақты жарияланып келеді. Олардағы құнды ойларды, ұсыныс-пікірлерді біз өзімізде ұйымдастырылатын кездесулерде жиі пайдаланымыз.

Темірбек Жүргенов, Ұзақбай Құлымбетов секілді қуғын-сүргін құрбаны болған ұлт мақтаныштары туралы құнды деректерді де біз облыстық газеттен алдық. Қысқасы, «Ақтөбе» — біздің сенімді серігіміз.

 Шара БЕКНАЗАРОВА,

аудандық Мәдениет үйінің әдіскері.

Байғанин

Алпыс жылғы жолдасым

Өткен ғасырдың алпысыншы жылдары Қызылорда педагогика институтын бітіріп келіп, Байғанин поселкесіндегі Комсомолдың 30 жылдығы атындағы орта мектепте мұғалім болып еңбек жолымды бастадым әрі оқу ісінің меңгерушісі, ұзақ жылдар мектеп директоры болдым. Бүгінгі «Ақтөбе» газетімен жолдастығым сол жылдардан басталды.

Ол кезде мұғалімнің қадірі ерекше бөлек еді. Үлкен адамдардың өзі құрмет көрсетіп, ұстаздың ақыл-кеңесіне жүгінетін. Оларды шын мәніндегі ағартушы деп ұғынатын. Осындай сенімнен шығу үшін біз де өз мамандығымыз ауқымында шектеліп қалмай, ізденетінбіз. Газет-журналдарды көптеп жаздырып алатынбыз.

1978 жылы мұғалімдердің республикалық V съезіне делегат болып қатыстым. Облыстық, республикалық ғылыми-практикалық конференцияларда, педагогикалық оқуларда физика пәнін оқытудың тиімділігін арттыру, білім сапасын көтеру жөнінде баяндамалар жасадым, соның бәрінде баспасөзбен байланысымды үзген жоқпын. Оның ішінде «Ақтөбе» газеті жансерігім іспетті болды.

Былтыр Байғанин ауданында болған кездесуде маған осы газетке 2019 жылға тегін жазылу сертификаты берілді. Мұны мен алпыс жылдық жолдан өткен оқырманға құрмет деп ұғындым.

 Межеш ДОСҚУАТОВ,

халық ағарту ісінің озық қызметкері.

Қарғалы

Тілге тірек жасаған

Мен мамандығым мал маманы болғаныммен, жастайымнан газеттерге мақала жазып тұратынмын. 2000 жылдары Қарғалы аудандық газет редакциясына қызметке орналастым. Аудандық газетте ең алғаш қазақ тілінде мақалам шыққанда үрке қараушылар болды. Ол кезде ел жаңалыққа енді қанығып жатқан.

Кейін облыстық «Ақтөбе» газетімен байланыс орнаттым. Ауданның жаңалықтарын әлі күнге дейін жазып тұрамын.

Біздің өңір ұзақ уақыт орыстілді болып келді. Сондықтан да қазақ тіліндегі басылымдарды жаздырып алушылар саны әлі де көңіл көншітпейді.

«Ақтөбе» газеті бізде ең алдымен мемлекеттік тілдің дендеп енуіне көмегін тигізіп келеді. Алдағы уақытта қарғалылық оқырмандар саны көбейе түседі деген сенімдемін.

 Бақыт ИМАШЕВ,

ардагер журналист.

Қобда

Ерлікке үндеген

«Қобда — батырлар елі» деп тегіннен айтылып жүрген жоқ. Біздер кішкентай кезімізден ел қорғаған батырларымыздың есімін жаттап өстік. Біз үшін тәуелсіз еліміздің еңсесі биік тұруы — зор мақтаныш.

Біздің ауданымызда «Қобыланды батыр» жырын жаттаудан шығармашылық байқау ұйымдастырылғанда оған мен үлкен ынтамен қатыстым. Өйткені бұл туындыны бала шағымнан құмартып оқитынмын. Сайыс нәтижесінде бас бәйгеге ие болдым. Алдағы жазда Шығыс Қазақстан облысындағы «Дарын» республикалық лагерінде демалып қайтпақшымын.

Облыстық «Ақтөбе» газетінде мектеп оқушыларының шығармашылығына ұдайы көңіл бөлініп отырады. Бұл да біздің әдебиетті сүюімізге, өзіміздің қатарластарымыздың жазған туындыларын оқуымызға мүмкіндік береді.

Азамат ӘЖГЕРЕЕВ,

Бестау орта мектебінің оқушысы.

Мәртөк

Үйлесімді қызмет нәтижесі

Егемен еліміздегі өзіндік терең тарихы бар, екі ғасырдың куәгері болып, замана ақиқатын айқын жазып келе жатқан басылымдар қатарында біз облыстық «Ақтөбе» газетін алдыңғы лектен көретіндігімізді үлкен сүйіспеншілікпен айта аламын.

Өзінің бастауын сонау 1924 жылдан өрбіткен бұл газеттің абыз жасы — 95-ке абыройлы келуі — шығармашылық ұжымның кешегі, бүгінгі буындарының үйлесімді жұмысының, сәтті сабақтастығының белгісі.

Осы жылдар ішінде облыстық газет өңір өмірінің шынайы шежіресін жазып, ақтөбеліктердің бірнеше буынын отаншылдық рухта тәрбиелеу, халықты елдік істерге жұмылдыру, жетістіктерді насихаттап, кемістіктерді сынау арқылы ортақ істі орайлы ету жөнінде жүйелі жұмыс жүргізіп, оқырмандар ықыласына бөленіп келеді.

Ғасырға жуық, қоғамның сан қырлы даму жылдары ішінде газет ақтөбеліктердің ажырамас серігі, рухани бағдаршысы, айнымас ақылманы, жергілікті биліктің сенімді идеологиялық құралына айналды. Бұған оқырман ретінде куә болған адамдардың бірі екенімді мақтан тұтамын.

Ұлмекен КЕЛБАТЫРОВА,

ардагер ұстаз.

 Мұғалжар

Дәуірнама деп білеміз

«Ақтөбе» газетін біздің құтты мекеніміздің тұтас бір ғасырлық тарихы мен тағдырын таразыға салған, өткені мен бүгінін айна-қатесіз тасқа басқан дәуірнамасы деп атап өтсек қате емес.

Бұл байсалды басылым қазақ халқының бастан өткерген әрбір тарихи кезеңі мен тарихи оқиғаларының куәгері болып келді. Сонау  1924 жылы «Кедей» деген атаумен алғаш рет оқырман назарына ұсынылған облыстық газеттің қалың қауымға рухани шырақшы бола білгені көпшілікке белгілі.

Тоқсан бес жылда қазақ журналистикасында өзіндік орнын қалыптастырған бұл қарашаңырақта ойы ұшқыр, қаламы жүйрік қаламгерлер еңбек еткенін біз мақтан тұтамыз. Олардың көпшілігі біздің Мұғалжар ауданының жақсы табыстарын жарияға жар етті.

Қазіргі күні де басылымның мазмұны уақыт талабымен қатар оқырман талғамын да жіті назарда ұстап, облыс тынысын айқын танытып келе жатыр.

«Ақтөбе» газетінің ұжымына шығармашылық табыс, шалқар шабыт тілеймін!

Сайлау ҚИЯСОВ,

аудандық мәслихаттың депутаты.

Ойыл

Ынтымақтастығымыз үзілмейді

Газет — халықтың үні. Сондай-ақ, көпшілік тұрғындар үшін ақпарат алудың басты көзі. Осындай мәртебелі міндетті бүгінгі күні 95 жылдық белесіне көтеріліп отырған облыстық басылым абыроймен атқарып келеді.

Тәуелсіздігін алған еліміз соңғы отыз жыл ішінде ғана көптеген өзгерістерді бастан өткерді. Қиындықтар да болды, көптеген жетістіктерге де қол жеткіздік. Соның бәрінде облыстық «Ақтөбе» газеті елмен бірге келеді.

Біз байланыс саласында қызмет атқарғандықтан оқырманның газетке деген ықыласын жақсы білеміз. Егер газет бір күн кешіксе, көпшілік поштаға іздеп келеді, қолдарына басылымдарын алғанша асығады.

Қазіргі уақытта Ойылда «Ақтөбенің» 1800 оқырманы бар. Олардың арасында ақ сақалды ақсақалдардан бастап мектеп оқушыларына дейінгі бірнеше буын өкілдері кездеседі.

Біз бұқара мен биліктің арасын жалғаушы қызметін атқарып жүрген облыстық газеттің ұжымын мерейлі мерекелерімен шын жүректен құттықтаймыз. Алдағы уақытта да игілікті жолдағы ынтымақтастығымыз жалғаса беретініне сенімдімін.

 Рая ОРАЛБАЕВА,

«Қазпошта» АҚ аудандық бөлімшесінің директоры.

Темір

Ілгеріден үлгі бар

Менің сүйікті басылымым — облыстық «Ақтөбе» газеті. Сөз қадірін ұғынған әрбір азаматқа «Ақтөбе» газеті рухани ұстаз әрі теңдесі жоқ тәрбиеші деуге болады. Газеттің сарғайған беттеріне көз салып зерделей білсек, мұнда облысымыздың, оның ішінде әр ауданның тыныс-тіршілігі айқын көрінеді.

Елімізді-жерімізді жаудан қорғаған батыр бабаларымыз туралы көптеген деректерді мен осы газет бетінен оқып, танымымды кеңейте түстім. Сондай-ақ, облыс көлемінде болып жатқан өзгерістер мен жаңалықтар, игілікті істер әр күн сайын басылым бетінен көрініп жатады. Осының бәрі қалам иелерінің қажырлы еңбегін көрсетеді. Біз журналистер қауымын, жалпы «Ақтөбе» газеті ұжымын 95 жылдық мерейтоймен құттықтай отырып, алдыңғы ағалардың негізін қалаған қасиетті ісін үлкен абыроймен жалғастыра берулеріңізге тілектестігімді білдіремін.

Наурызбек ОТАРБЕК,

аудандық жастар ресурстық орталығының директоры.

Хромтау

Байланысымыз бұрыннан қалыптасқан

Біздің аудандағы тау-кен байыту комбинаты кезінде Одақ бойынша атағы дүркіреп тұрған кәсіпорын болғаны көпшілікке аян. Мен кейінгі буын өкілі болғаныммен тарихқа үңіліп, өткенді бүгінгімен салыстырып саралап отырамын.

Сонда байқағаным, сонау сексенінші жылдары облыстық «Коммунизм жолы» газеті бетінде комбинат өмірінен, жұмысшылардың тыныс-тіршілігінен проблемалық-талдамалы мақалалар үзбей жарияланып тұрыпты. Сол жылдарда газетте қызмет атқарған журналист Төлеміс Меңдіғалиевтің мақалалары уақыт тынысын тап басып бейнелейді. Демек, бүгінгі 95 жасқа толып отырған газет пен біздің комбинаттың байланысы бұрыннан қалыптасқан екен.

Комбинат бүгінгі күні де қарқынды жұмыс істеуде. Мұнда егемендік алуымызбен байланысты ұлттық кадрлар қалыптасты. Ұжымда әлеуметтік мәселелер оңтайлы шешілуде. Жұмысшылар бос уақытында спортпен шұғылданады, мәдени-көпшілік шараларға қатысады. Жақында комбинаттың волейбол командасы республикада чемпион болды, осы жеңісімізді мен «Ақтөбе» газеті арқылы көпшілікке қуана хабарладым.

 Арайлым ҒАНИ,

Дөң тау-кен байыту комбинаты ішкі корпоративтік коммуникациялар жөніндегі маманы.

Шалқар

Бабалар ерлігін дәріптеген

Біз соғыс басталған жылы дүниеге келген буынның өкіліміз. Осы бірауыз сөздің өзі тұстастарымыздың тағдыр-таланын, өмірлік жолын айқындап тұрған сияқты.

Жастайымнан көнекөз қариялардың әңгімелерін тыңдап өстім. Өткеніміздің шежіресін санама құя берді. Бұл тұрғыдан алғанда баспасөзге жақындығым, газет-журналдарды көптеп жаздырып алатыным өзінің игі әсерін тигізді. Аудандық «Коммунизм таңы» (қазіргі «Шалқар») газетіне мақалаларым жарияланып тұрды.

Облыстық «Коммунизм жолы», беріректе «Ақтөбе» арқылы батыр бабаларымыздың ерліктерін, ел қорғау жолындағы жорықтарын терең зерделедім. Ондағы мақсатым — өзімнің білгенімді жас ұрпақ жадына құю, жастарымызды патриоттық тәрбиелеу.

Ұзақ жыл автомобиль саласында еңбек еттім. Мен бас инженер болған автокәсіпорын аудан шаруашылықтарын түгел қамтыды. Кейініректе өмірлік тәжірибемді автожүргізушілер даярлауға жұмсадым.

Қай жерде жүрсем де облыстық газетті жанымнан тастаған емеспін. Ал қазіргі уақытта ардагерлеріміз басылымда жарияланған мақалаларды талқылап, ой өрбітіп отырады.

Аманкелді ҚАЛЫБАЕВ,

қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы.

Ырғыз

Өміріміздің шежіресі

Ырғыз секілді тарихи өңірдің өзіндік жүріп өткен жолы, кешегісі мен бүгінгісі облыстық газет арқылы талай жұртқа танылды. Бұрынғы өткен билеріміз, батырларымыз бен ақындарымыз насихат-үгіті болмаса, көмескі тартып қала бермес пе еді?!

Бұл ретте облыстық «Ақтөбе» газеті тыңғылықты зерттеу-зерделеу жұмыстарын жүйелі жүргізіп келеді.

Газет — елдің айнасы, өміріміздің шежіресі. Бір ғасырға жуық уақыт бойы тынбастан осы міндетті абыройлы атқару — журналистер қауымына сын.

Біз өзіміздің сүйікті газетіміз арқылы әрісі әлемнің, берісі облыс аудандарының жаңалықтарын біліп отырамыз. Оның сыртында әр түрлі тақырыптағы қызғылықты оқылатын материалдар қаншама?!

«Ақтөбе» газеті алдағы уақыттарда да оқырман ойынан шыға берсін. Ол үшін қалам иелеріне ізденістер мен шығармашылық жетістіктер тілеймін.

 Мырзалы ӨТЕМҰРАТОВ,

еңбек ардагері. 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button