Ақтөбе — 95

Журналистің жан шуағы

Бірер айдың шамасында «Ақтөбе» газетінің 1992-1996 жылдары редакторы болған Қуаныш Тектіғұл туралы баспадан «Өмірің өтті-ау, сырғып ағып…» атты кітап шықты.

Кітап «Бірінші дәптер: «Аяқталмай қалған сыр»…, «Екінші дәптер: «Өзекті өртер өкініштер, «Үшінші дәптер: «Қалам ұшында өмір бар…», «Төртінші дәптер: «Өткен күндер өрілген өлең болып…» деп аталған төрт тарауға бөлінген.

Бірінші тарауда «Өзім туралы аз ғана баян» деп аталған марқұмның өмірбаяндық жазбасы жарияланған. Кең тынысты басталған шығарма бітпей қалған. Құрастырушылардың «Аяқталмай қалған сыр…» атағаны содан болар.

— Мен қарапайым отбасынан шыққан қатардағы қазақтың бірімін. Өткен ғасырдың 47 жылы (1947), туғандарымның айтуынша, орақ үстінде, яғни күзде (10 қыркүйек) дүние есігін ашыппын. Бұл Ұлы Отан соғысы атанған (1941-1945) алапат қырғынның зардабынан еліміз енді-енді есін жинап жатқан кез екен. Өзім өте әлжуаз болып туыппын. Олай болмай қайтсін, шешем Қамза мені босанғанда жасы он сегізде ғана екен. Оның үстіне, соғыстың кесірінен тойып тамақ ішпеген, бойжетпей жатып колхоздың сабанын айдап, шөбін тасыған жасөспірім келіншек қайткенде де алып бала туа алмаса керек-ті. Қысқасы, әжемнің айтуынша, қол басындай ғана болыппын. Шешемнің әкесі Сағи нағашымның ер басына ілінген дорбасына сыйып кетеді екенмін. Шындары ма, әзілдері ме, мал бағуға шыққанда соған салып қоятын еді, десетін үлкендер, — деп басталады бұл әңгіме.

Кітаптағы өзге де материалдар: замандастары мен достарының, әріптестерінің,  бауырлары мен туыстарының естеліктері осылай өмір есігін ашқан сәбидің жоғары азаматтық деңгейге көтерілуінен хабар береді. 1965 жылы қазақтың қара шаңырағы ҚазМУ-дың журналистика факультетіне оқуға түсіп, Сағат Әшімбаев, Жарасқан Әбдірашев, Кеңшілік Мырзабеков сынды, кейін қазақ әдебиетінің керегесін кеңейткен қаламгерлермен бір бөлмеде жатып, бірге  оқиды. Университетті бітіре сала бірер жыл облыстық телехабарын тарату редакциясына жұмысқа орналасып, жетпісінші жылдардың басында облыстық газетке ауысады. Осында ширек ғасырдан астам журналист ретінде қалыптасып, редакцияның лауазымдық қызметінің барлық баспалдағынан өтеді.

Аталған кітаптың үшінші тарауындағы Қуаныш Тектіғұлдың топтастырылып берілген әр жылдарда жазылған мақалалары оның қаламының қарымымен бірге, қоғамдық өмірге азаматтық тұрғыдан белсене қатысқанын да көрсетеді. Себебі, журналист өзінің мағыналы ғұмырында тек облыстық газетте қызмет атқарып қойған жоқ, зейнеткерлікке шыққанға дейін бірсыпыра уақыт облыстық ішкі саясат, ақпарат басқармаларында жауапты жұмыстарда болды. Өткен күндерін өлеңмен өрнектеген ақындығы, қолына домбыра алып той-думанда ән салатыны, тіпті кезінде жастар шырқаған бірнеше әндердің авторы болғаны да, журналистің ғұмырын сөз еткен кітапта жақсы қамтылған. Жұбайы Мәрзияның, ұл-қыздары Нұрлыбек, Ардақ, Айнұрдың, қарындасы Жаннаның, немерелері Томирис, Алигимран шерткен сырлардан қамқор әке мен мейірбан атаның жүрек нәзіктігі айқын сезіледі.

Жалпы қай салада қызметте болса да ол өзіне тапсырылған міндетті мінсіз атқарды. Бұл жөнінде ұзақ жылдар газетте бірге қызмет еткен әріптес қаламгер інісі Нұрмұханбет Дияров: « Қуекең жаны жайсаң жан еді. Қатардағы қызметкер кезінде де, басшы болған тұсында да айналасына кеңдікпен, түсінушілікпен қарайтын. Өн бойынан адамдарға деген ізгілік, жаны ашушылық сезіліп тұратын» деп жазады естелігінде.

Осы сөз — журналист, редактор, азамат Қуаныш Орынбасарұлын білетін ақтөбелік қаламгерлердің ортақ пікірі деуге болады.

 Аманқос ОРЫНҒАЛИҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button