Жаңалықтар

Күтпеген қуаныш

Қасиетті Рамазан айының соңғы күнінде ақтөбелік жалғызбасты ана баспаналы болды. Бұған дейін аумағы 16 шаршы метр болатын жатақхана бөлмесін паналап келген Гүлден Әлиеваға кәсіпкер Зейнұр Мәйтеков бастаған жомарт жүректі жандар екі бөлмелі пәтердің кілтін табыстады.

Ораза айт мерекесінің алғашқы күнінде қоныстойын тойлап жатқан Гүлден — жалғызбасты ана. Үш баласының үлкені Самира — туабітті мүгедек (ДЦП). Қалған балалары балабақша жасында. Айтуынша, жолдасы қиындыққа шыдамай отбасын тағдыр тәлкегіне қалдырып кеткен. Ал өзі жұмыссыз.

— Хан сарайындай пәтерім болады деп үш ұйықтасам да ойламаппын.  Әуелі Алла, кейін қайырымды жандардың арқасында баспаналы болып жатырмыз. Зейнұр ағай бастаған бір топ азаматтарға, ол кісінің анасы — Бақтылы апайға, ал Бақтылы апаймен таныстырған Нәйлә Бөртебаева апайға алғысым шексіз. Бұрын тұрған жатақханамда балаларды далаға кіргізіп-шығаруым, жуындыруым, барлығы үлкен күшті талап ететін. Енді жаңа пәтеріміздің арнайы жуынатын бөлмесі бар. Үйіміз қаланың орталығында, бірінші қабатта орналасқан. Жан-жағымызда керектің барлығы бар. Жаз айларында саябақта демалуға болады, — дейді Гүлден.

Гүлденді қуанышымен құттықтап барғанымызда Зейнұр Мәйтековтің анасы Бақтылы Мәйтековамен кездесудің де сәті түсті. Кәсіпкердің анасы жалғызбасты ананың үйіне жаңа жиһаздар дайындатып жатыр екен.

— Біздің отбасымыз көмекке мұқтаж жандарға қол ұшын созуды әдетке айналдырды. Мен өзім де бірнеше жылдан бері қолымнан келгенше мұқтаж жандарға көмектесіп келемін және балаларыма да үнемі айтып отырамын. Үлкен ұлым Зейнұр Қасиетті Рамазан айы басталмас бұрын жолдастарымен бірлесіп, көмекке мұқтаж жандарға қол ұшын созу мақсатында есепшот ашып, қаражат жинады. Кейін менен Ақтөбеде көмек қажет ететін отбасы бар ма деп сұрағанда, мен Гүлден жайында айтқан болатынмын. Гүлденнің жай-күйін 3 жылдан бері білемін. Содан осы пәтерді тауып, 6 миллион теңгеге сатып алдық. «Жақсылық жасасаң бүтін ет»  дегендей, үй алып берген соң жиһаздарын да бүтіндеп берейік деп шештік — дейді Бақтылы Мәйтекова.

Айтуынша, Зейнұр Мәйтеков бастаған жомарт жүректі жандар жалпы сомасы 10 миллион теңге көлеміндегі қаражат жинаған. Қалған ақшаға Гүлденнен бөлек, еліміздің тағы бір қаласындағы мұқтаж отбасына пәтер алып бермек.

 Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button