Басты жаңалықтарМереке

Балалар шаттанған күн

1 маусым — Халықаралық балаларды қорғау күні құтты мекенде бар сән-салтанатымен тойланды. Әр шаңырақтың мәні мен сәніне айналған балапандардың мерекесіне орай облыс бойынша 50150 баланы қамтыған балалар мен жасөспірімдердің музыкалық оркестрлері мен ансамбльдерінің мерекелік қойылымы ұйымдастырылды. Ал қаланың барлық саябақтарында «Бақытты баламыз» деген атаумен түрлі мерекелік шаралар өтті.

Балалар мерекесіне арналған басты салтанатты шара облыс әкімі Оңдасын Оразалин мен қала әкімі Ілияс Испановтың қатысуымен «Қазақ еліне мың алғыс» ескерткіш-стелласының алаңында болды.

Облыстық білім басқармасы берген мәліметке сәйкес, балалар мен жасөспірімдердің музыкалық оркестрлері мен ансамльдерінің бұлайша өнер көрсетуі облыста 2017 жылдан бері өткізіліп келеді. Биыл дәстүрлі түрде үшінші жыл қатарынан ұйымдастырылған мереке облыстың барлық аудандарында бір уақытта өтіп, оған 50 000-нан астам бала қатысты. Тек Ақтөбе қаласында 8 мектептен тыс ұйымдардан және 60-тан астам білім беру ұйымдарынан құрылған салтанатты қорапта (барлығы 71 қорап) облыстың 7 929 оқушысы қамтылды. Салтанатты колонналарды барабаншылар отряды, үрлемелі оркестрлер мен ансамбльдер, мажореткалар, хор және би ұжымдары құрады. Сонымен қатар,  облыс орталығында өткізілген мерекелік қойылымға Алға, Қарғалы, Қобда және Хромтау аудандарынан келген балалар шығармашылық ұжымдары қатысты.

Қаланың басты алаңындағы салтанат «Бақытты балалық шақ» әдеби-музыкалық-хореографиялық композициясымен бастау алып,  «Орман гүлдері» сюжетіндегі  гүл күлтелеріне жасырынған Түймеқыздар мен Гномдар, ара-көбелектер және «Буратино» биін әрлендірген бір топ Мальвина, Пьеро, Буратино персонаждары балаларды ертегілер әлеміне қызықты саяхатқа жетеледі.

Сондай-ақ облыстың 100 жас спортшысы таэквондо, каратэ сияқты  спорт түрлерінен өз  шеберліктерін көрсетті.

Бұдан соң,  «Искорки» би ұжымы «Жастар» биін, «Шаттық» би ұжымы қытай халқының биін,  Шығармашылық Академиясының өнер ұжымы роботтар биін орындады.

Жастар жылы мен  Ақтөбе қаласының 150 жылдығына орай бірыңғай киімді  1000 оқушы  «Ақтөбе-150», «Жастар», «Бақытты бала»  сөздерін құрап,  балалар мерекесінің көркін келтірді.

Ақтөбелік бүлдіршіндерді мерекесімен құттықтаған облыс басшысы жаздың жаймашуақ алғашқы күнімен тұспа-тұс келген мерекенің тарихы әріде екендігін айтып, оның маңыздылығына тоқталды.

— Бүгін — жаздың алғашқы күнімен тұспа-тұс келіп отырған атаулы күн біздің бүлдіршіндеріміздің мерекесі. Бұл күн бүкіл әлемде Біріккен Ұлттар Ұйымының шешімімен Балаларды қорғау күні ретінде аталып өтіледі.

Дүниеде баладан асыл, олардың күлкісінен қымбат қазына жоқ. Бала — біздің болашағымыз, еліміздің ертеңі. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев дүниеге келген әрбір сәбиге еліміздің ертеңін сеніп тапсыратын тұлға ретінде қарап, отбасы тәрбиесіне қатты көңіл бөлу қажеттігін үнемі жадымызда ұстауды тапсырды.

Бүгінгі таңда Елбасымыздың сарабдал саясатының арқасында біздің балалар бейбітшілік пен татулықтың туының астында өмір сүріп жатыр. Еліміздің ертеңі — балаларымыздың болашағы жарқын болғай.

Оқу жылын сәтті аяқтап, жазғы демалысқа шығып жатқан жас достарымызды бүгінгі мерекелерімен шын жүректен құттықтаймын. Дендерің сау, аспандарың ашық болсын, — деп өзінің балаларға деген ақжарма тілегін жеткізген облыс әкімі Оңдасын Оразалин оқуда озат, дарынды, жыл бойы білім сайыстарында жүлдегер атанған 420 балаға жазғы демалыс лагерьлеріне жолдама берді.

Енді ақтөбелік үздік оқушылар жаз бойы Алматы қаласындағы «Тот самый», Бурабай курорттық аймағындағы «Звездный», Қатонқарағайдағы «Сұңқар», Өскемен қаласындағы «Дарын» және Каспий теңізі жағалауында орналасқан «Vip child» лагерьлерінде демалатын болады.

Бұдан өзге, мерекелік шара барысында білім, мәдениет, денсаулық сақтау және қарулы күштер саласында қызмет ететін көпбалалы отбасылардың 25 дарынды баласына Щучье қаласындағы «Балдәурен» республикалық сауықтыру лагеріне жолдама табыс етілсе,  жетім, ата-ана қамқорлығынсыз қалған 25 жас талапкерге жоғары және арнаулы оқу орындарына білім гранттары табыс етілді.

Облыс басшысы содан соң,  «Tree of life Aktobe» аквапаркі маусымының  ашылуына қатысты. Аквапарк 2018 жылы іске қосылған. Күніне 600 адамның  демалуына мүмкіндік бар.  Биылғы маусымның ашылу құрметіне  аквапарк  балаларға арнап  түрлі  ойындар мен көңілді  шаралар ұйымдастырған. Балалар  бассейнге шомылып, әуе шарларын ұшырды. Аймақ басшысы  аквапарктің  ішін аралап, бүлдіршіндерге демалыстың сәтті өтуін тіледі.

 Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button