Жаңалықтар

Қоғамдық штаб қорытынды кезеңде

9 маусым — Қазақстан Республикасы Президентін сайлау күні

Nur Otan партиясы облыстық филиалында ұйымдастырылған кезекті брифингте Президенттікке кандидат Қасым-Жомарт Тоқаевтың облыстық қоғамдық штабының басшысы Сәния Қалдығұлова бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерін алғашқы екі үгіт толқыны аумағындағы қорытынды ақпараттармен таныстырды.

— Үгіт-насихат науқаны басталғаннан бері Қасым-Жомарт Тоқаевтың сенімді өкілдері облыс бойынша бес мыңнан астам шара өткізді, оған 400 мыңдай адам қатысты. Сонымен бірге, 11 мамырдан 31 мамырға дейінгі аралықта «Birge» акциясы өткізілді, оған жиырма мыңнан астам қамтылды,— деді Сәния Қалдығұлова. — «Есіктен есікке» акциясы да өз дәрежесінде өткізілуде. Осы акция аясында 100 мыңнан астам ақтөбелік азаматтарға үміткердің сайлауалды бағдарламасының мәні түсінікті және сенімді түрде таныстырылды. Қазіргі уақытта облыс бойынша құрылған 14 штабта 500-ден астам адам жұмыс істеуде. Президентке үміткердің қоғамдық қабылдау бөлмесі азаматтардың өтініштеріне жауап беріп, көпшіліктің проблемаларын қарастыру мәселесімен айналысуда.

«Халыққа қызмет ет!» және «Мен халық даналығына сенемін!» атауымен үгіт толқынының екі кезеңі кеше аяқталды. Енді 1 маусымнан 7 маусымға дейін «Игілік — баршаға!» атауымен үшінші кезең жұмыстары жүргізілуде.

— Қабылдауға келушілер арасында тұрғын үй алу, жағдайы нашар адамдардың үйлерін газ желісіне қосу, атаулы әлеуметтік көмек, сондай-ақ, жол жөндеу, жеке бизнес ашу, мемлекеттік бағдарламаларды пайдалану, мемлекеттік-жекеменшік серіктестік мүмкіндіктері туралы мәселелер көптеп қозғалады. Өтініш-шағым, ұсыныстардың барлығы бізде тіркелген. Олардың орындалуы Nur Otan партиясы облыстық филиалының жауапкершілігінде болады,— деп жиынды қорытындылады Сәния Қалдығұлова.

Нұрмұханбет ДИЯРОВ.

Төлеутай Рахымбеков ғылыми институт өкілдерімен кездесті

ҚР Президенттігіне «Ауыл» саяси партиясынан үміткер Төлеутай  Рахымбеков  Алматыда бірқатар кездесулер өткізді.

Жұмыс сапарын Төлеутай Рахымбеков Ө.Оспанов атындағы Қазақ топырақтану және агрохимия ғылыми зерттеу институтын аралаудан бастады.  Сонымен қатар, үміткердің штабы арнайы көрмені, жатақханаларды, химиялық талдау зертханасын тамашалады. Қазақ инженерлік институтында президенттікке үміткер Төлеутай Рахымбеков сайлаушылармен кездесіп, сұрақтарына жауап берді. Ол Қазақстанның агороөнеркәсіп кешенін дамытуды ұсынды. Сонымен қатар жол, су, электр қуаты, байланыс, интернет мәселесі өзекті екенін жеткізді. Жиналғандар үміткерге алаңдатқан сұрақтарын қойды.

А.Таспиховтің сенімді өкілдері үгіт-насихат жұмыстарын жүргізді

ҚР Президенттігіне үміткер Аманкелді Таспиховтің сенімді өкілдері Қызылордада үгіт-насихат жұмыстарын жүргізуде.

Белсенді жастар 1 маусым мереке күні кешке серуенге шыққан қала тұрғындары арасында үгіт-насихат парақшараларын таратып, Аманкелді Таспиховтің сайлауалды бағдарламасы туралы хабардар етті. Еске сала кетейік, ҚР Президентінің сайлауы 9 маусым күні өтеді. Қазіргі таңда 7 кандидат үгіт-насихат жұмыстарын жүргізіп жатыр.

Жамбыл Ахметбеков қала тұрғындарымен кездесті

ҚР Президенттігіне үміткер Жамбыл Ахметбеков Семей қаласының тұрғындарымен кездесті. Мәдениет үйінде өткен кездесуде Ж.Ахметбеков сайлауалды бағдарламасының негізгі аспектілеріне тоқталып, кедейлікпен күресуге арналған өзінің жоспарымен бөлісті.  Қатысушылар президенттікке үміткерге көкейлерінде жүрген сұрақтарын қойды. Олардың қатарында жалақы көлемін арттыру мен еңбек жағдайын жақсарту, медициналық қызметпен қамту және баспана мәселесі болды.

Дания Еспаеваны қолдау мақсатында веложарыс ұйымдастырылды

Алматыда ҚР Президенттігіне үміткер Дания Еспаеваны қолдау мақсатында  веложарыс ұйымдастырылды.

Шараға «Вело-халық Алматы» және №73 жасөспірімдер мен балаларға арналған «AppleTeam and» спорт мектебінің жеткіншектері қатысты. Веложарыс — спорт пен туризмді дамыту, Жастар жылы аясында саламатты өмір салтын насихаттау мақсатында ұйымдастырылды.

Сәдібек Түгел перзентханада жаңа туған сәбилерге бата берді

ҚР Президенттігіне кандидат Сәдібек Түгел Қарағанды облыстық клиникалық ауруханасы жанындағы перзентханада болды.

Үміткердің сайлауалды бағдарламасындағы басты бағыттардың бірі — демографияға ерекше көңіл бөлу. Осыған орай, Сәдібек Түгел Қарағанды облыстық клиникалық аурухана жанындағы перзентхана бөлімін аралады. Өмірге перзент әкеліп, қуаныштан жүздері жайнаған төрт ана — Мадина Ысқақова, Әсел Есендәулетова, Эльмира Абдрахманова мен Мөлдір Әбенге гүл шоғын сыйлап, ақ тілегін арнады. Жаңа туған сәбилерге ақ батасын берген Сәдібек Түгел мен оның сенімді өкілдері бұдан кейін қала орталығындағы саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған ескерткішке барып, гүл шоғын қойды.

Әміржан Қосанов жұртшылықпен жүздесті

ҚР Президенттігіне үміткер Әміржан Қосанов Павлодар облыстық сайлауалды штабының белсенділерімен және жергілікті тұрғындармен кездесті. Бұл жөнінде кандидаттың баспасөз қызметі мәлім етті.

Іс-шарада кандидаттың сайлауалды платформасы кеңірек талқыланып, ол түрлі өзекті қоғамдық мәселелерге қатысты өз ұстанымын жеткізілді. Сайлаушылар өздерін толғандырған мәселелерді көтеріп, кандидатқа сұрақ қойды.

Ақпараттар www.inform.kz сайтынан алынды.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button