Жаңалықтар

Көпбалалы аналардың үйіне барды

Ақтөбе қаласының әкімі Ілияс Испанов баспаналы болған көпбалалы аналардың үйіне барып, бүлдіршіндерін 1 маусым — Халықаралық балаларды қорғау күнімен құттықтады.

Ақтөбеде тұрғын үй құрылысын жүзеге асыру жұмыстары аясында тұрғындардың санатына қарай баспанамен қамту шаралары көзделген. Бүгінде сатып алу құқығымен жалдамалы пәтерге ие болу мақсатында 90 пәтерді беру жоспарланса, қазіргі күні оның 25-і қолданысқа берілді. Қалған пәтерлерге келісімшарт жасалуда.

Алдымен шаһар басшысы Нұр Ақтөбе шағын ауданынан баспаналы болған көпбалалы аналардың бірі — Зәмзәгүл Жоламанованың үйіне барды. Ол алты ай мерзімде пәтер құнының он пайызын жинап, «Бақытты отбасы» мемлекеттік бағдарламасы арқылы 2 пайызбен пәтер ақысын төлейтін болады. Екі бөлмелі пәтердің құны — 7 миллион 200 мың теңге.

Көпбалалы ана З.Жоламанова баспанамен қамту шарасында жасалып жатқан қамқорлыққа шынайы ризашылығын білдірді.

Сондай-ақ баспаналы болғандардың бірі — үш балалы жалғызбасты ана Самал Серікбаева.

—  Қалалық әкімдіктің қоғамдық қабылдауында болып, «Қолғанат-Ақтөбе» қайырымдылық қоры арқылы «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің» салымшысы ретінде алғашқы жарна — 350 мың теңгені төледік. Осындай пәтерге ие болуымызға ықпал еткен барша азаматтарға алғысым шексіз.  

Енді жаңа қонысымызға көшіп, үйден тігіншілікпен айналысып, кәсіп бастауды көздеп отырмын, — дейді С.Серікбаева.

Ал, 46 шаршы метр 1 бөлмелі пәтерге (құны — 5 млн теңге) ие болған мүмкіндігі шектеулі Әлия Сағындықова бұған дейін жалдамалы пәтер үшін 40 мың теңге төлеп келгендігін, енді ол қаржыны өзінің баспанасына төлеуге мүмкіндік алғаны үшін қала басшысына ризашылығын білдірді.

Жаңадан баспаналы болған үй иелеріне қала әкімі жеміс пен тәттілерге толы себетті сыйға тартып, балаларының мерекесімен құттықтады. Сондай-ақ мемлекет тарапынан қашан да көпбалалы аналарға қолдау барын жеткізді.

Ақбота ҚАЛДЫБЕК.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button