Жаңалықтар

 «Аманаттың» бес аманаты

Елімізде сәуір айының соңында алдағы сайлау науқанына мониторинг жүргізетін «Аманат» азаматтық платформасы құрылған болатын. Оның құрамында қоғамдық бірлестіктер, түрлі бастамашыл топтар мен ақпарат құралдары өкілдері бар. Ақтөбе облысында аталған платформаның құрамына өңірдегі үкіметтік емес ұйымдар ассоциациясы кірді.    

Өткен аптада «Аманат» азаматтық платформасы облыстық штабы атқарып жатқан жұмыстары жөнінде баспасөз мәслихатын өткізді. Оған штаб басшылары мен мүшелері қатысты.

«Аманаттың» облыстық штабы алғашқы отырысын 29 сәуір күні өткізген. Оның жетекшісі Айгүл Дүйсенованың айтуынша, 29 сәуір-30 мамыр аралығында штаб 32 іс-шара ұйымдастырған.

— Оның ішінде 20-сы — аймақтық, 12-сі — аудандық деңгейде өткізілді. Алты адамнан тұратын «Аманат» азаматтық платформасы бес негізгі бағыт бойынша жұмыс істеп жатыр. Олар — сайлаушылардың саяси науқанға қатысты барлық ақпаратты білуіне жағдай жасау, сайлау процесіне дайындық, сайлаудың әділ өтуін қамтамасыз ету, байқаушылар мен сайлаушылардың арасында ашық диалогқа және тең серіктестікке мүмкіндік жасау. Біз ең алдымен сайлау учаскелерінің алдағы саяси науқанға дайындығы мониторингін жүргізіп, үміткерлер штабтарының жұмыстарымен таныстық. Яғни сайлау учаскелеріндегі инфрақұрылым, сайлаушылар тізімдерінің толықтығы тексерілді. 18 мобильді капитан сайланды, олардың 6-уы — қалада, 12-сі аудандарда жұмыс істейді. Сондай-ақ «Аманат» платформасы базасында 520 байқаушы арнайы курстан өткізілді. Мобильді капитандар байқаушылардың жұмысын үйлестіретін болады. Келесі бағыт — сайлаушыларды даярлау. Яғни биыл саяси науқанға бірінші рет қатысқалы отырған 18-ге толған жастар арасында сайлау заңдылығын, конституциялық құқықтарын білу үшін бірнеше рет семинарлар ұйымдастырылды және «Аманаттың» онлайн мектебі ашылды.

Тағы бір маңызды бағыт — тұрғындарды ақпараттандыру. Азаматтар сайлау туралы толық әрі нақты ақпаратты білуі керек, штаб осы бағытта да бірқатар жұмыс атқарып жатыр. Азаматтар болашақ президентке сенім білдіре алуы үшін «Бес аманат» жобасын да қолға алдық. Бұл бойынша кез келген азамат болашақ президентке елдің дамуына үлес қосатын өзінің бес ұсынысымен, бес аманатымен шыға алады. Тұрғындардың барлық ұсынысы үміткерлердің штабтарына жолданатын болады, — дейді штаб жетекшісі.

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button