Жаңалықтар

Жол қайта жөнделеді

Өткен жексенбіде Ақтөбе қаласының әкімі Ілияс Испанов қалалық комиссияның арнайы жұмыс тобымен шаһардың жол инфрақұрылымын салу және қайта жасау барысын тексерді.

Қалалық комиссияның бұл жұмыстары апта сайын сенбі-жексенбі күндері жүргізіледі. Қала әкімі бастаған топ алдымен Сәңкібай батыр даңғылының бойында орналасқан суағар каналының құрылысын тексерді.

— Бұл құрылыс былтырғы жылы аяқталуы тиіс еді. Атыраудың мердігер компаниясы «Шам» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің салғырттығынан жоспар жүзеге асырылмады.  Енді оларға қатысты тиісті шаралар сотқа беріліп, «қара тізімге» ілінді. Қазіргі таңда әкімдік тарапынан төленетін тиісті қаражат бөлінді.

Қала көшелеріндегі жолдар жөнделгенімен, сапасы сын көтермей жатады. Соның салдарынан жол-көлік оқиғалары жиі тіркеледі, тұрғындар шағымданады. Сондай-ақ қаладағы кәсіпкерлік ғимараттар мен мекемелер есігінің алдын көгалдандырып, абаттандыруы тиіс. Әсіресе, халыққа қызмет ететін автокөліктерді жуу, техникаларды сату орындары аулаларын абаттандыру мәселесін қолға алып, «Таза бейсенбі» сенбілігін ұйымдастыру қажет. Бұл азаматтардың қаланың 150 жылдығына қосқан үлесі болар еді, — деді қала әкімі.

2016 жылы Қ.Сәтбаев көшесінен Ә.Молдағұлова даңғылына дейін төселген тасжолы да сын көтермейді. Себебі кепілдік мерзімі аяқталғанша, ой-шұңқырлар пайда болған. Мердігер мекеме — «Еңбек-Ақтөбе» жол бойын қайта жөндеуге уәде берді. Сондай-ақ осындай жұмыстар М.Мәметова көшесінде де жүргізілуде.

Бұл күні қала әкімі І.Испанов қаладағы сайлау учаскелерінің Президент сайлауына дайындық барысымен де танысты.

Ақтөбеде барлығы 150 учаске орналасқан. Оған 325619 тұрғын келіп, өз таңдауын жасайды. Қала әкімі «Нұр Ақтөбе» шағын ауданындағы №60 мектепте орналасқан №531 сайлау учаскесіне барды. Мұнда дауыс берушілердің саны — 2755, оның 7-уі сайлауға алғашқы рет қатыспақ. Ал №532 сайлау учаскесіне 2975 тұрғын тіркелген. Екі сайлау учаскесінде де 100 адамға сыйлық беріледі.

Бүгінде тиісті органдар әлеуметтік желіні қатаң бақылауға алды. Әлеуметтік желіде жеке тұлғаның ар-намысына нұқсан келтіретін сөз жазғандар қылмыстық жауапкершілікке тартылады.

Ақтөбелік тұрғын Нұралы Айтжан қала әкімінің инстаграм парақшасына балағат сөздер жазып, теріс пікірлер жариялаған. І.Испанов бұл азаматпен кездесіп, мән-жайды сұрады. Алайда ол бұл әрекеті үшін кешірім сұрап, өкінетінін айтты.

Қала әкімі, әлеуметтік желі пайдаланушылар негізсіз пікір білдірген жағдайда жазаға тартылатынын айтып, тұрғындарды ғаламторда бұқаралық мәдениетті қалыптастыруға шақырды.

Ақбота ҚАЛДЫБЕК.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button