Спорт

Орындар өзгермеген тур

Премьер-Лига

Өзара келісіп алғандай 12-турда алғашқы бестікте тұрған командалардың барлығы да жеңіске жетті. Тең есеппен ойнаған немесе жеңіліп қалған клубтардың да не ілгері жылжыған, не кері кеткен ештеңесі жоқ. Қысқасы, бұл турда турнир кестесіндегі орындарға еш өзгеріс енбеді.

Кезекті ойынын Алматыда өткізген «Ақтөбе» тағы да ұтылды. Рас, бірінші таймда гол соғуға соншама ұмтылған алаң иелеріне жерлестеріміз дес бермей қойды. Ал екінші таймда жеткілікті резерві жоқ, қиын шақта жас әріптестеріне өз қимыл-әрекетімен дем беріп отырар тәжірибелі футболшылары кемшін біздің командамыз қателіктер жіберіп алуға мәжбүр болды да, қазақстандық үздіктерді былай қойғанда, небір шебер легионерлерді жинап алған «Қайрат» үш гол соқты. Бірақ бұл қонақтар тіпті нашар ойнады деген де сөз емес. Қақпашы Игорь Трофимец пен қорғаушыларымыздың қақпамызды бірнеше қауіпті сәттерде жанкештілікпен қорғап қалғанын айтпағанның өзінде, «Ақтөбе» кем дегенде екі рет гол соғып кетерліктей мүмкіндікті пайдалана алмай қалды. Қалай болғанда да, жерлестеріміз дәл бұрынғысынша күш-қуаттарын сарқа жұмсады. Жанкүйерлеріміздің жабырқап қалған көңілдеріне демеу болатын жұбаныштардың бірі де осы ғой.

Айтпақшы, осы турдан соңғы шолу сұхбатында белгілі футбол маманы Владимир Гулямхайдаров алматылықтардың жеңісіне ерекше назар аудара қойған жоқ: «Қайрат» өз алаңында ұтпағанда қайда жүріп ұтуға тиіс? Әрине, 3:0 — ірі есеп. Бірақ «Ақтөбе» қазір үздік ойнай алмай жүр ғой», — деді. Сондай-ақ бұған дейін «Қайрат» қарсыластар қақпасына соққан 22 доптың 3-еуі ғана қазақстандық футболшылардың еншісіне тиесілі екенін де айта кеткіміз келеді. Ал қалған доптар: Эсеола — 10, Эппель — 5, т.с.с. Қандай мақсат көздегені белгісіз, «Спорт кз» сайты: «Алексей Шпилевский жас қазақ ойыншыларын тәрбиелеуді сенімді түрде жалғастырып келеді: олардың «Қайраттың» сапындағы ойыны әр кездесу сайын азайып барады» деп жазыпты. Мұны осы кездесудегі құрамның тізіміне көз жүгіртіп те анық аңғаруға болады. Ал шын мәніндегі «Қайраттың» қайратын жуықта басталатын Еуропа Лигасы ойындарында көретін боламыз.

«Қайрат»-«Ақтөбе» — 3:0

Гол авторлары: Адеринсола Эсеола, 60-минут (1:0); Адеринсола Эсеола, 73-минут (2:0); Мартон Эппель, 89-минут (3:0).

Ескерту қағазын алғандар: А.Эсеола, 52-минут, И.Қуат, 55-минут («Қайрат»).

«Қайрат»: Стас Покатилов, Дино Миканович, Елдос Ахметов, Раде Дугалич, Ян Вороговский, Исламбек Қуат, Небойша Косович (Вячеслав Швырев, 76-минут), Георгий Жуков, Бауыржан Исламхан (капитан), Конрад Вржещиньский (Айбол Әбікен, 71-минут) , Адеринсола Эсеола (Мартон Эппель, 82-минут).

Бас бапкер Алексей Шпилевский.

«Ақтөбе»: Игорь Трофимец, Әділхан Таңжарықов, Виталий Волков (капитан), Саят Жұмағали, Антон Шурыгин, Бағдат Қайыров, Милан Радин (Ардақ Сәулет, 80-минут), Саша Марьянович, Асланбек Кәкімов, Жамбыл Көкеев (Рустам Сахибов, 72-минут), Абат Айымбетов (Әлішер Әжімов, 87-минут).

Бас бапкер Александр Седнев.

31 мамыр 2019 жыл. Алматы. Орталық стадион. 7800 адам.

*   *   *

Басқа кездесулердің нәтижелері:

«Атырау» (Атырау)-«Тараз» (Тараз) — 1:1

«Ордабасы» (Шымкент)-«Оқжетпес» (Көкшетау) — 3:0

«Тобыл» (Қостанай)-«Шахтер» (Қарағанды) — 2:0

«Қайсар» (Қызылорда)-«Ертіс» (Павлодар) — 2:0

«Астана» (Нұр-Сұлтан)-«Жетісу» (Талдықорған) — 1:0

*   *   *

Сонымен командалар турнир кестесіндегі бұрынғы орындарын сақтап қалды.

1-3 орын иелері: «Астана» (32 ұпай), «Тобыл» (29 ұпай), «Ордабасы» (26 ұпай). «Астананың» басқа командалардан екі ойыны артық.

4-6 орындарда «Қайсар» (26 ұпай), «Қайрат» (25 ұпай), «Жетісу» (21 ұпай) тұр. Өзгелерден «Қайраттың» бір ойыны артық.

7-9 орын иелері: «Шахтер» (17 ұпай), «Оқжетпес» (15 ұпай), «Ертіс» (12 ұпай). «Ертіс» басқалардан бір ойынды артық өткізді.

10-11 орында 10 ұпайдан жинаған «Тараз» бен «Атырау» келе жатыр. «Атыраудың» басқа командалардан екі ойыны артық.

Еш ұпайы жоқ (-5) «Ақтөбе» 12-орында тұр. ФИФА шешімімен «Ақтөбе» командасынан 12 ұпай шегеріліп қалғанын еске саламыз.

*   *   *

14 тур ойындары екі апталық үзілістен соң 16 маусым, жұма күні өтеді.

Бұл турда «Ақтөбе» өз алаңымызда Қостанайдың «Тобыл» командасын қабылдайды.

Басқа кездесулер:

«Жетісу» — «Ордабасы»

«Оқжетпес» — «Қайрат»

«Тараз» — «Ертіс»

«Шахтер» — «Атырау»

«Астана» — «Қайсар»

*   *   *

P.S. Екі апталық осы үзіліс кезінде Қазақстан құрамасы 2020 жылы өтетін Еуропа чемпионатының іріктеу турниріндегі екі ойынын өткізеді.

8 маусымда сырт алаңда Бельгиямен кездесіп, 11 маусымда өз алаңымызда Сан-Марино құрамасын қабылдаймыз.

Бұған дейін кездесулерге келсек, 21 наурызда Шотландия құрамасын 3:0 есебімен ұтып , 24 наурызда Ресейден 0:4 есебімен жеңілген болатынбыз.

Ертай АШЫҚБАЕВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button