Басты жаңалықтар

Ақтөбеліктер саяси қуғын-сүргін және  ашаршылық құрбандарын еске алды

Кеше, барша қазақстандықтармен бірге Ақтөбе облысының тұрғындары да саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алды. Ақтөбе қаласының іргесіндегі қызыл террор құрбандары жатқан Түйетөбеге  қуғын-сүргінге ұшырағандардың ұрпақтары, облыс және қала басшылығы, құқық қорғау органдарының өкілдері, облыстық, қалалық мәслихат депутаттары, зиялы қауым, саяси партиялар мен қоғамдық бірлестік басшылары, ЖОО оқытушылары мен студенттері  келді. Жиналғандар алдында облыс әкімі Оңдасын Оразалин сөз сөйледі:

— Құрметті жиынға қатысушылар! Қадірлі жерлестер! Қазақстан Республикасы Президентінің 1997 жылғы Жарлығымен, 31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу, аза тұту күні болып жарияланған. Бұл күн-біз үшін қаралы дата. Бұл күн – зобалаң көріп, зұлматқа ұшыраған арыстарымызды еске алу күні.Тарихи деректер бойынша 1932-1933 жылғы аштық пен аурудан Қазақстанда 3 миллионға жуық адам (жалпы халықтың 42%-ы) көз жұмған. 600 мыңнан аса қазақ азаматтары осындай себептермен туған жерін тастап шетелдерге кетуге мәжбүр болды. Халқымыздың тең жартысы қырылған ашаршылықпен жалғасқан 1937-1938 жылдардағы сталиндік репрессиялау да қазақ үшін ауыр соққы болған еді. Осы жылдары Қазақстанда 100 мыңдай адам жазықсыз сотталып, оның 25 мыңы атылған. Халқымыздың көзі ашық, зиялы азаматтары осы режимнің құрбаны болып, жазықсыз жапа шекті. Тек Ақтөбенің өзінен 7 мың адам айдалып, 1800 адам ату жазасына кесілген. Бұл қасіреттердің орны ешқашан да толмайды. Және мұны әрқашан жадымызда сақтаймыз. Біздің ендігі жердегі борышымыз – елдің бірлігін нығайту. Сол бір зұлмат жылдардың оқиғасын, оның жазықсыз құрбаны болған арыстарымыздың есімдерін ұмытпау, оларды мәңгі есте сақтау!
Құрметті жерлестер! Ғылымда «тарихпен тәрбиелеу» деген қағида бар. Себебі, тарих — өткеннің ауыр сабақтарын сараптай отырып, адамзаттың бүгінгі және болашақтағы тарихында осындай зұлматты болдырмауды міндеттейді. Сол бір қатыгез дәуірде де қазақ қонақжайлығынан жаңылмады.  Ауыртпалыққа шыдап, ұйыса білді. Осындай зобалаң көріп, зұлматқа ұшыраған арыстарымызды еске ала отырып, олардың ерліктеріне бас иеміз. Олар өз миссиясына адал болды. Енді мұндай жағдай қайталанбас үшін біз қолдан келгенше барлық мүмкіндіктерімізді дұрыс пайдалануымыз керек. Халқымызда «Береке басы — бірлікте» деген нақыл сөз бар. Біздің елдің  қарқынды дамуының бір сыры да осы болар. Өйткені біздер бейбіт, мамыражай өмірдің құнын бағалай білетін халықпыз. Елбасы айтқандай, рухани жаңғырудың басты шарты – ұлттық кодты сақтай білу. Егер біздің ұлттық бірегейлігіміз сақталып, заман ағымына сай жаңарып, бірлігіміз бекем болса – бізден мықты ел болмайды. Сіздермен тек қаралы күндерді еске алуда емес, амандықта, абыройлы істерде жолығайық!»

Жиналғандар  саяси қуғын-сүргін құрбандарын  үнсіздік минутымен еске алды.  ҚМДБ Ақтөбе облысындағы өкілі, облыстық  «Нұр Ғасыр» мешітінің бас имамы Төлеби Оспан құрбандар рухына Құран бағыштады.

Түйетөбеге келген Қонақ Базарғалиев осы жердегі көп шұңқырдың бірінде  атасы  Құлмағамбет молданың жатқанын айтады:

— Атам бұрынғы Жұрын ауданында (қазіргі Мұғалжар ауданы) Ор өзенінің бойында тұрып, 1904 жылы салынған Көкмешітте бала оқытқан. 1937 жылы ұсталып, Ақтөбеге алып кетіп содан жоқ болған.  4 баласының үлкені менің әкем –Әлім мен інісі  Құлтас ағам атамыздың  ұсталған бойы  «тройканың» үкімімен 3 күн ішінде Түйетөбеде атылғанын анықтады.

Л. Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің доценті, тарих ғылымдарының кандидаты Ерлан Сайлаубай  елімізде адамдар атылған жұмбақ орындардың көптігін, олардың әлі ашылмағанын айтады.

— Түйетөбе — кездейсоқ анықталған орын. Қарғалы өзенінің бойындағы Кемпірсайда да   осындай қазан шұңқырлар бар. ҚР Президенті архивінде  шекаралық аймақтар бойынша деректер іздегенімде, ОГПУ қызметкерлерінің  «шекарадан өтіп бара жатқандар тоқтатылды»  деген  шұғыл  хабарламаларын көп оқыдым.  Аштықтан, қуғын-сүргіннен қашып бара жатқан топ қалай тоқтатылды? Аржағы түсінікті. Қоршап алып атып тастайды. Қазақстанның шекарадағы бір ауылында  Сүйексай деген жер бар.  Әлі күнге дейін жұрт  сүйектер  шашылып жатыр деп  ол жаққа аттап  баспайды.

КСРО-да  репрессия 1937 жылы Ежовтың №447 және №448 бұйрығынан басталды. Бұйрық бойынша Ақтөбе облысынан  саяси сенімсіз 350 адам ату жазасына кесілуі керек.  1938 жылы қазақ өлкелік партия комитетінің  басшысы Мирзоян Қазақстаннан  1000 адамды халық жауы ретінде қосымша  жазалауға лимит сұрайды. Әзірге, НКВД мұрағаты жабық болғандықтан, қанды террордың  барлық құжаттарына қолымыз жетпей отыр».

Шешен-ингуштардың «Вайнах» этномәдени бірлестігі  төрағасы Хасан Сағаев 1944 жылдың ақпанында бір түнде  мылтықтың күшімен көшірілген 500 мың шешен жұртының тең жартысы Қазақстанға жіберілгенін айтты.  Қақаған қыс ортасында аш-жалаңаш, азып-тозып жеткен  жұртты   қазақтардың жатырқамай қарсы алып, бір үзім нанымен бөліскен жақсылығын шешен ақсақалдары өле-өлгенше ұмытпай өтті  дейді.

Осыдан кейін  қалалық Мәдениет үйінің аумағындағы саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарына  арналған мемориалда облыс әкімі Оңдасын Оразалиннің қатысуымен зұлмат құрбандарын еске алу шарасы өтіп, құқық қорғау органдары, саяси партиялар мен қоғамдық ұйымдар өкілдері  ескерткішке гүл шоқтарын қойды. Саяси қуғын-сүргін көргендердің ұрпақтары атылып кеткен аталары туралы естеліктермен бөлісті.

                                                                    Баян СӘРСЕМБИНА. 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button