АуылЖаңалықтар

Оңдасын ОРАЗАЛИН: Сырттан келіп ешкім жарылқамайды, өзіміз қарекет етуіміз қажет

Бейсенбі күні жұмыс сапарымен Мұғалжар ауданына барған облыс әкімі Оңдасын Оразалин Жағабұлақ пен Сағашилі ауылдарының тұрғындарымен кездесіп, бірнеше қарияның шаңырағына бас сұқты. Сондай-ақ, Жаңажолдағы мұнайшылардың хал-ахуалымен танысып, газ тарату бекеті мен Ақтөбе-Атырау тасжолының құрылыс аумағына барды.

Аумағы 27,8 мың шаршы шақырымды құрайтын Мұғалжар ауданында соңғы деректерге сүйенсек, 67 162 адам өмір сүріп жатыр. Аудан орталығы — Қандыағаш қаласындағы халықтың саны 35 мыңнан асады. Ал Батпақкөл ауылдық округінде 2 277 тұрғын бар. Сол округке қарасты Жағабұлақ ауылының тұрғындарымен кездесуінде өңір басшысы алдымен әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер туралы хабарлап, негізгі мақсат — халықтың мұң-мұқтажын білу екенін айтты.

Зейнеткер Бақытжан Қобыланов мал жайлауға арналған шабындық жердің тапшы екенін, көпшілігінің жекенің қолында кеткенін айтып, мәселе көтерді. Сонымен қатар, Жаркемер ауылына ауызсу, газ тартуда қолдау көрсетуді сұрады. Сондай-ақ жиналғандардың арасында Қожасай ауылына көгілдір отынның қашан қосылатынын білгісі келгендер кездесті. Ал Талғат ақсақал өзекті мәселелердің біріншісі жұмыссыздық екенін, сосын еңбекпен қамтуда жергілікті кадрлерге басымдық берілсе деген тілегін білдірді. Жағабұлаққа балабақшаның да керектігі тілге тиек етілді.

— Бізді сырттан келіп жарылқайтын ешкім жоқ. Өзіміз қарекет етіп, еңбектенуіміз керек. Тоқсаныншы жылдары ауылда жарық, газсыз отырып, мемлекеттік қызметшілерге жалақы төлеуге жағдай болмаған кезде де өмір сүрдік. Онымен салыстырғанда, қазіргі күйіміз әлдеқайда жақсы. Сондықтан көп нәрсеге сабырмен қарап, мәселенің біртіндеп шешілетініне сенейік.

Айтылған барлық арыз-шағымдарыңызды жазып алдым, мүмкіндігінше шешуге тырысамыз. Облыс басшысы болғандықтан, мен үшін барлығыңыз бірдейсіздер, ешқайсысыңызды бөліп-жармайтынымды айтқым келеді, — деді өңір басшысы.

Бұл басқосуда Ембі-Бірлік, Бірлік-Жағабұлақ бағыты бойынша көлік жолының жөнделіп жатқаны, келер жылы бұл жұмыстардың аяқталатыны туралы жағымды хабар да айтылды.

Келесі кездесуде — Сағашилі ауылында өткен жиында аудан әкімі мұнда газ кірмеген 14 үйдің барын, соған облыс басшылығы тарапынан жәрдем болса, сосын бұл жақтың жолы да жөндеуді қажет етіп тұрғанын атап өтті. Ал ауыл тұрғындарының өзі алғыс айтумен шектелді.

Оңдасын Сейілұлы Басшилі ауылындағы ауылішілік газ құбырының құрылысына да барды. Мердігер — «Ақ Саток» ЖШС. Өткен жылы басталған жұмыстар алдағы шілде айында аяқталады деп күтілуде. Облыс әкімі құрылысты өз мерзімінде әрі сапалы тапсыру керектігін айтып, сол жерде ауыл тұрғындарымен пікірлесті. Олар газ кірмеген әлі 25 түтіннің барын, солардың үйінің маңына ортақ құбыр тартылса деген тілегін жеткізді.

«Жолдың бойында орналасқан, шаруашылыққа ыңғайлы ауылдың газ жетпеген қалған үйлерін де қолдаймыз. Ол үшін аудан әкімдігі алдымен жобалық-сметалық құжатты дайындауы керек. Кейін облыстық мәслихаттың сессиясына ұсынамыз», — деп жиналғандарды қуантты облыс әкімі.

Республикалық маңызы бар Ақтөбе-Атырау тасжолының құрылысы да таныстырылды. Тапсырыс беруші — «Қазавтожол» ұлттық компаниясы. Құрылыс жұмыстарына 14 миллиард теңге бөлінген. Биыл басталып, 2021 жылы аяқталатын ауқымды жұмыс барысында жол жабылмайды. Оңдасын Оразалин жолаушылардың қауіпсіздігіне баса мән беруді тапсырды.

— Қаражат жағынан қиындық жоқ. Қажетті техника да бар. Ендігі мәселе — тапсырылған жұмысты өз деңгейіне сай атқаруларыңыз керек. Сондықтан ыждағаттылықпен кірісіп, сапаға қатты көңіл бөліңіздер. Және жол жабылмай, қозғалыс тоқтамауы керек. Тұрғындар барам деген жеріне қиындықсыз жетуі тиіс, — деп тапсырма берді Оңдасын Сейілұлы.

Атқарушы билік өкілдері Жаңажол вахталық елді мекенінде тұратын мұнайшы жұмысшылардың жағдайымен де танысты. Мұнда жалпы саны 42 жатақхана бар. Ал жұмысшылардың жалпы саны 7 мыңға жуықтайды.

Сапар барысында Мұғалжар ауданының қарт тұрғындары да назардан тыс қалған жоқ. Сағашилі ауылының тұрғыны, 106 жастағы Мәрзия Каримованың шаңырағына барған Оңдасын Сейілұлы әжейдің иығына қамзол жауып, сый-сияпат көрсетті. Жолдасы Тастай екеуі 2 бала тәрбиелеп өсірген кейуана солардан тараған 5 немере, 13 шөберенің қызық-қуанышына куә болып отыр.

Тағы бір зейнеткер — Ұлы Отан соғысының ардагері Артем Проскурняға да осы тақылеттес құрмет көрсетілді. 102 жастағы атай 9 маусымда өтетін сайлауға қатысатынын айта келе, әлі де теледидар көретінін, тек соңғы жылдары аяғы сырқырайтынын жасырмады. Қос ардагерге амандық тілеген облыс әкімі оларға қамқор болып отырған балаларына да жылы лебізін білдірді.

Айбек СЕРІКҰЛЫ.

Ақтөбе-Мұғалжар-Ақтөбе.    

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button