Экономика

«Ақтөбе» ӘКК ҰК жұмысы пысықталды

Кеше облыс әкімі Оңдасын Оразалин «Ақтөбе» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы басшылығымен жұмыс кеңесін өткізді. Облыс басшысы жүзеге асырылып жатқан инвестициялық жобалармен танысып, олардың проблемалары мен перспективаларына назар аударды. Осы бағытта жұмысты жеделдетуге, алда жаңа инвесторлар тартуға байланысты бірқатар тапсырмалар мен кеңестер берді.

Облыс әкіміне Ақтөбе индустриялық аймағындағы атқарылып жатқан жұмыстардың қазіргі жай-күйі туралы  «Ақтөбе» ӘКК ҰК» АҚ төрағасы Руслан Мамунов баяндады. Оның мәлімдеуіне қарағанда, бүгінгі күні индустриялық аймаққа қатысушы 24 компания-резидент бар. Олардан 5 кәсіпорын қазірдің өзінде іске қосылып, 300 жұмыс орны құрылса, 11 кәсіпорын құрылысты жүзеге асыруда және 8 әлеуетті резидент жобалық жұмыстар жүргізуде. Жобаланып отырған жеке инвестицияның жалпы көлемі 94,4 миллиард теңгені  құрап, өндірісті пайдалану кезеңінде 2517 тұрақты жұмыс орны құрылады.Іске қосылған сәттен бастап 1,2 млрд теңгеге өнім өндірілді.Жылдың аяғына дейін әлі де 8 жобаны пайдалануға беру жоспарланып отыр. Биыл керамогранит, биг-бэг шығаратын және лифт жабдықтарын құрастыратын зауыттарды іске қосу жоспарлануда.

Акционерлік қоғам басқармасы төрағасы атап айтқан, бүгінде толық жүзеге асырылған 5 жобаға «TaIan TechnoIogу» ЖШС-ның  жарақаттан қауіпсіздендіру жабындарын шығаратын өндірісі, «Жедел-плюс» ЖШС-ның  үш қабатты қабырға блоктарын өндіру өндірісі, «Ақтөбе Топса Пласт» ЖШС-ның антифриз және химиялық реагенттер бұйымдарын беретін кәсіпорны, «Поливест» ЖШС-ның полиэтилендік пакеттер даярлайтын өндірісі және «Фаэтон компаниясы» ЖШС-ның «А» кластық транспорттық-логистикалық орталығы кіреді. Бұл жобалар қазір халыққа қызмет етіп, игілігін толық көрсетуде.

Ал алда жүзеге асырылатын 11 жоба 24,1 миллиард теңге инвестиция құрап, 552 жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Бұлардың ішінде «Aktobe Smart Tech» ЖШС-ның деректерді өңдеу орталығы, «Зерде-Керамика Ақтөбе» ЖШС-ның керамогранит өндірісі, «FIBC Kazakhstan» ЖШС-ның биг-бэг, «Gigant KZ»  ЖШС-ның автомобиль шиналарын қалпына келтіру, «Lucrum Star» серіктестігінің қағаз өнімдерін шығаратын кәсіпорындары бар. Сондай-ақ осы қатарды мұнай-химиялық реагенттер, лак-бояу, қаңқалы және жұмсақ жиһаз шығаратын өдірістер толықтыратын болады. Мұндағы тағы бір жаңа өндіріс—«QazBeIЛифт» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі салып жатқан лифт жабдықтарын өндіру және құрастыру кәсіпорны. Бұл әлеуметтік маңызды жоба Могилев зауытымен (Беларусь) бірлесіп лифті өндірісін жолға қояды. Сол арқылы қаладағы тұрғын үй құрылысына қатысып, азаматтарға әлеуметтік көмек көрсетуді көздеуде.

Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы басшысы әрқайсысына жеке-жеке тоқталып, кеңінен баяндаған  8 әлеуетті жобаға тартылған инвестицияның көлемі65,4 миллиард теңгенің үстінде. Мұның қорытындысымен 1665 жаңажұмыс орны қосылады.

«Юнайтед Энержи Казахстан» ЖШС-ны  жел генераторы өндірісі 440 жұмыс орнын қамтиды. Оған тартылатын инвестиция көлемі — 33 миллиард теңге. «Атлант-Ақтөбе» ЖШС-ның электр балқыту зауыты арқылы 250 жұмыс орны ашылып, 5,1 миллиард  теңге инвестициялық қаржы тартылады. Бұлардан өзге де жүзеге асырылғалы отырған әлеуетті жобалардың маңызы зор. Олар халықтың игілігін арттыруға бірден-бір керек өндірістер. Бұл жобалардың бастапқыларын ағымдағы жылдың екінші тоқсанында жүзеге асыру көзделіп отыр.

Облыс әкімі Оңдасын Оразалин шығарылатын барлық өнімдердің экспорттық бағыт ұстауын айрықша атап көрсетті.

Кеңесті қорытындылаған сөзінде облыс басшысы «Ақтөбе» ӘКК ҰК» акционерлік қоғамының  қазіргі жағдайына қысқаша талдау жасады. Жобаларды жүзеге асыруға байланысты өзінің нақты ойларынайтты. Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының экономикалық көрсеткіштерін пысықтады.

Сонымен бірге, корпорацияның  қызметін ширата түсуді, әсіресе онда қызмет істейтін жастардың белсенділігін күшейтудіталап етті.

«Жас әрі білімді азаматсыңдар, жұмысты жандандыру үшін галстукті шешіп, нысандарды аралаңдар. Жаңа жұмыс көздерін қалай көбейтуге болатынын, өнімдерді өзге жаққа  экспорттауды ойлаңдар. Маған көзбояушылыққа толы таныстырылымдардан гөрі, жұмыс нәтижесі керек»,- деп аяқтады кеңесті аймақ басшысы.

 

Аманқос ОРЫНҒАЛИҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button