Денсаулық

АНА, БАЛАҢДЫ БАҚЫЛА!

Жаз айында, оның ішінде көкөніс пен жеміс-жидектің піскен уақытында түрлі жұқпалы аурулардың көбейіп кететіні белгілі.  Әсіресе, балалар жедел-ішек инфекциясына жиі шалдығады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметіне сүйенсек, аталған ауру тұмаудан кейін екінші орынды алады екен. Ал жыл сайын 5 миллионға жуық бала ішек инфекциясының асқынуынан көз жұмады. Мәселен, биылғы жартыжылдықта облыстық клиникалық жұқпалы аурулар ауруханасында 676 бала емделіп шыққан.

БАСТЫ СЕБЕП — САЛҒЫРТТЫҚ

Жалпы, аталған ауруханада түрлі жұқпалы аурулармен 14 жасқа дейінгі балалар емделіп шығады.  Алайда қазіргі күні  жаңа туған және үш жасқа дейінгі сәбилер арасында жедел-ішек инфекциясы өршіп тұр.  Мәселен, алты айда түскен 676 баланың 56-сы дизентерия болса, 34-і сальмонеллез, 136 бала тамақтан уланған екен. Осы аурухананың балалар бөлімінің меңгерушісі Сара Алманиязова бұған көп жағдайда ата-аналардың салғырттығы себеп болатынын сөз етті.

Ішек инфекциясы — жұқпалы ауру. Инфекция ауыз арқылы жұғып, қоздырғышы ішекте өсіп жетіледі де сыртқы ортаға тарайды. Инфекция гигиеналық тазалықты сақтамаудан,  жуылмаған көкөністерден, пісірілмеген сүттен, сапасыз тағамдарды пайдаланғаннан, шала пісірілген тағамдарды қолданғаннан,  ауыз суды қайнатпай ішкендіктен жұғады. Ішек инфекциясының түрі көп. Қазіргі күні дизентерия, сальмонеллез, диарея аурулары жиі кездеседі. Бұндай аурудың құрығына алдымен балалар ілінеді. Ауруханаға келген баланы арнайы тексеруден өткізіп, қандай таяқшаның ауруды қоздырып тұрғанын анықтаймыз. Осыған орай нақты диагноз қойылып, ем жүргізіледі.

Сәбилердің ауру жұқтыруына  алдымен аналар кінәлі. Мәселен, бүгінде көп ана сәбиін емшек сүтімен емізбейтіндіктен жасанды сүтпен тамақтандырады. Ыстық күндері езілген сүт ұзақ уақытқа шыдамайды. Кейде аналар баланың тауыспаған сүтін 1-2 сағаттан кейін қайта береді. Ал ашыған сүт сәбидің ішегін бұзады.  Бұған қоса аналардың көпшілігі баланың резеңке емізігін алдымен өзінің аузына, содан кейін баланың аузына салады. Жерге түсіп кетсе де осылай істейді. Балаға беріп отырған тамақтың бірінші  дәмін өзі көріп, сол қасықпен жартысын сәбиіне береді. Ал ересектердің ауыз қуысындағы микробтар өзіне қалыпты болғанмен балаға зиян. Бұл сәбилердің ауру жұқтыруына әкеліп соқтырады. Сондықтан осындай қарапайым қағидаларды ата-аналарға түсіндіріп жатамыз. Қазіргі күні әйелдерге сәбиін алты айға дейін емшек сүтімен қоректендіру қажет екенін айтып әрі осыған үйретудеміз. Өйткені емшек сүті баланы түрлі аурулардан қорғайды.

Сондай-ақ  қазір қарбыз-қауынның піскен уақыты. Қарбызды сатып аларда сатушы жанын үш бұрыштылап тіліп, ішін көрсетеді. Тілінген жерге микроб түсуі мүмкін әрі базардағы қарбыздың күн көзінде тұратыны белгілі.  Ал осындай қарбызды жеген баланың инфекциялық ауруды жұқтыратыны анық. Айта кететін бір нәрсе, кейбір ата-ана балаларына шұжық береді. Қазір бала емес, үлкендердің өзіне шұжықты  көп жеу зиянды. Сондықтан ата-аналар балаларына жеміс-жидектерді жуып бергені жөн және сәбилеріне йогурт, шұжық секілді тағамдарды беруге болмайтынын ескертеміз. Яғни аурудың барлығы дұрыс тамақтанбаудан және  тазалықты сақтамаудан пайда болады, — деді.

Қазіргі күні ауруханада аудан балалары да емделуде. Яғни қалаға қыдырып келген олар ішек инфекциясын жұқтырып алған. Ауруханаға түскен балалар тегін ем алып шығады.

Ауру қалай жұғады?

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметіне жүгінсек, бүгінде  ішек инфекциясының 60-тан астам қоздырғыш анықталған екен. Оның ішінде жедел- ішек инфекцияларының қоздырғыштары бактериялар және вирустар болып екіге бөлінеді. Егер инфекцияны жұқтырған адам уақытында емделмесе, өміріне қауіп төнеді әрі өзге адамдарды да ауруға шалдықтырады. Өйткені микробтар науқас ішегінен бөлініп топыраққа, суға және тағамға түсуі мүмкін. Ал қауіпті вирустар су қоймаларында, тағамдарда және әртүрлі тұрмыстық заттар бетінде ұзақ уақытқа дейін сақталады.

Жалпы, дәрігерлердің айтуынша, ішек ауруларының  көбеюіне ет, құс өнімдері де өз әсерін тигізеді екен. Жазда кәуап, жұмыртқаны шала пісіріп жеу сальмонеллез ауруына шалдықтырады.  Ал бассейндерде, су қоймаларында шомылып жүріп су жұтып немесе аузыңызға су кіріп кетсе де  ішек ауруына шалдығуыңыз әбден  мүмкін. Бұған қоса дұрыс қайнатылмаған көкөністер, баклажан, қияр, қарбыз секілді өнімдер аса қауіпті саналады. Ал бұндай аурулардың алдын алу үшін қарапайым тазалық ережелерін сақтаған абзал.

Алғашқы көмек

Ішек инфекциясын жұқтырған баланың дене қызуы көтеріліп, іші қайта-қайта өтеді. Асқа тәбеті болмай, құсады,  емшектен бас тартады, мазасызданады, басы ауырады. Дәретіне қан немесе кілегей араласады.

Қайта-қайта іші өтіп, құсқандықтан баланың ағзасы тіршілікке қажетті су мен тұздарды көп жоғалтады. Осының әсерінен  әбден қалжырап, әлсіздік пайда болады. Егер аталған белгілер байқалса, дереу дәрігерге қарату керек және бұндай  кезде алғашқы көмек көрсетілуі қажет. Яғни аналар балаларына регедрон ерітіндісін бергені жөн. Езілген сұйықтықты әрбір 4 сағат сайын 1 шай қасықпен ішкізеді. Ерітінді әрбір күнге жаңадан езіліп беріледі. Осы емнен кейін баланың  іш өтуі тыйылуы мүмкін. Егер нәтиже болмай, бала қайта құсса, қызуы көтеріліп, шөлдей берсе, сұйық ішпесе, тамақтан бас тартса, онда ауруханаға жатқызу керек.

Жалпы, дәрігерлер өз бетінше емделу, біріншіден, аурудың асқынуына әкелсе, екіншіден, созылмалы түріне ауысатынын айтады. Бұл өз кезегінде нақты диагноз қоюды қиындатуы мүмкін. Сондықтан ата-аналар уақыт оздырмай дәрігердің көмегіне жүгінгені жөн.

Сондай-ақ науқас балаға сұйықтықты көп беру керек. Мәселен,  сорпа, күріш суы, сұйық шай, кисель, қайнатылған және салқындатылған суды ішкізген жөн. Ал ішектің микрофлорасына тікелей әсер ететін қуырылған, ащы, сүт, кепкен тағамдарды беруге мүлде болмайды.

АУРУДЫҢ АЛДЫН АЛ!

Қазіргі күні жедел-ішек инфекциясының алдын алу үшін облыстың емдеу мекемелерінде түрлі шаралар ұйымдастырылып жатыр. Осы орайда облыстық денсаулық сақтау басқармасы 21 маусым мен 21 қыркүйек аралығында аталған аурудың алдын алу туралы науқан жариялады. Барлық емдеу, сауықтыру орталықтарында жоспар құрылып, учаскелік дәрігерлер кесте бойынша тұрғындармен кездесулер өткізуде. Мәселен, «Балапан», «Жұлдыз», «Бөбек», «Айгөлек», «Нұр Сәт», «Таңшолпан» балабақшалары мен «Энергетик», «Нефтяник» лагерлерінде салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығының және қалалық санитарлық қадағалау басқармасының  мамандары семинар-тренингтер өткізді. Сондай-ақ пәтер иелерінің кооперативтерімен байланыс орнатылып, тұрғындарға «Диарея», «Сақ бол, жедел ішек ауруы!», «Тамақтан уланудың алдын алу»  атты ақпараттық бүктемелер мен парақшалар таратылды. Болашақ аналарға  «Емшек сүтімен қоректендіруді дайындау және қолдану», «Бір жасқа дейінгі сәби күтімі», «Тұрмыс жағдайында жеке бас гигиенасын сақтау» тақырыбында  семинар-тренингтер ұйымдастырылды. Аталған орталықтың дәрігері Жанна Сатқұлова осындай тақырыптағы кездесулер «Апельсин», «Арай» сауда орталықтарында өткізілгенін айтты.

—  Бұндай акцияның мақсаты — жеке бас және қоғамдық гигиенаны сақтау, инфекциялық аурулардың алдын алу, салауатты өмір салтын қалыптастыруға ата-аналардың назарын аудару. Әсіресе, бұндай шараларды балалар арасында өткізуге ерекше мән берілуде. Өйткені жазда ішек ауруларына алдымен бүлдіршіндердің шалдығатыны белгілі. Мәселен, «Ертегі» лагерінде өткізілген тренинг сабағына 27 бала қатысса, қала сыртындағы алаңда өткізілген тренингке 530 оқушы қатысты. Бұған қоса адамдар көп жиналатын жерлерге радио тораптары арқылы хабарландырулар таратылды. Денсаулық тақырыбына қатысты түрлі бағдарламалар өткізілуде, — деді.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button