Мәселе

Пәтер ұрлығы өршіп тұр

Ақтөбе қаласында пәтер ұрлығы өршіп тұр, яғни ұрлық, тонау деректерінің 60 пайыздан астамы облыс орталығында тіркеліп отыр. Қылмыстың 50 пайызы сырттан келгендердің қолымен жасалады. Бұл туралы қала әкімі Ілияс Испанов және облыстық полиция департаментінің бастығы Атығай Арыстановтың қатысуымен өткен жиында айтылды. Басқосуға қаладағы ПИК, кондоминиум төрағалары шақырылды.

Атығай Арыстановтың айтуынша, қалада ұсақ қылмыс, соның ішінде пәтер ұрлығы көбейген. Бұрын ұрлықпен айналысатындар қала сыртындағы жеке үйлерді торуылдаса, қазір орталықтағы көп қабатты үйлерді тонап жүр. Полиция қызметкерлері қанша жерден ізге түссе де, қылмыстың алдын алу мүмкін болмай отыр.

— Ең бастысы — тұрғындардың қауіпсіздігін сақтау керек. Әрбір азамат қалада өзін еркін сезініп, жеке мүлкіне алаңдамауы тиіс. Ол үшін барлығымыз бірігіп жұмыс жасауымыз қажет. Оның ішінде пәтер иелері кооперативі, кондоминиум басшылары полиция қызметкерлерімен бірлесе жұмыс жасауы тиіс. Қаланың қауіпсіздігі — бәрімізге ортақ іс, — деді полиция бастығы.

Қылмыс жасаушылардың басым бөлігі сырттан келгендер. Олардың ішінде пәтер жалдап, ұрлықпен, тонаумен айналысатындар  бар. Тіпті кейінгі кезде  соңы кісі өліміне соқтыратын жағдайлар тіркеліп жүр.

Жиында департамент бастығы жеке күзет қызметінің нашарлығын сынға алды. Күзетілетін аумақта қылмыс орын алмауы керек. Себебі қырағы күзетші аумақты жіті қадағалап, әрбір заттың қауіпсіздігіне жауап беруі тіис. Алайда қаладағы атауы мықты кейбір күзет орындарының қызметкерлері жұмысын дұрыс атқармайды. Мәселен, осыдан біраз уақыт бұрын жеке кәсіп иесі құны 13 миллион теңге тұратын затты күзетілетін аумаққа қойып кетеді. Азамат күзетке сеніп, мүлікті алаңсыз тастап, өзі бір аптадан кейін келсе, әлгі заты ұшты-күйлі жоқ. Ал аумақты күзететін адам қашан қолды болғанын білмейді. Тіпті аулаларға үлкен техникамен кіріп, контейнерлерді ұрлап жатса да күзетшілер «оянбайды».  Департамент бастығы бұндай оқиғалардың көп екенін айтты. Ұрлықшылар тіпті  бірнеше миллион теңге тұратын мүлікті сауда орындарына еркін шығарып жүр. Ал күзетшілер бұндай қылмысты көрмейді, бейнебақылауға үңілмейді, яғни бір сөзбен айтқанда, қызметіне жауапкершілікпен қарамайды.

Атығай Арыстанов барлық жауапкершілікті полиция қызметкерлерінің мойнына жүктеп қоюға болмайтынын айтты. Егер әрбір тұрғын дер кезінде ақпарат беріп, айналасындағы жағдайларға бейжай қарамаса, қылмыстың алдын алып, оны дер кезінде ашуға болады. Осы және өзге де мәселелерді айтқан департамент басшысы жиналғандарды бірігіп жұмыс жасауға шақырды.

Облыстық жергілікті полиция департаментінің бастығы Қанат Әлиев тұрғын үй кооперативі мен кондоминиум қызметкерлері учаскелік полициямен тығыз байланыс жасау керектігін айтты. Пәтер жалдап тұратындар, оның ішінде шетел азаматтары бар, яғни тұрғын үйге кімдер келіп, кімдер кететіні туралы  мәліметтерді электрик, сантехник секілді қызметкерлер біледі. Ал олар учаскелік полиция қызметкерлерімен ақпаратты бөліссе, қылмыстың алдын алуға болады. Сондай-ақ әрбір учаскелік полиция қызметкері өз аумағына жиі бақылау жүргізуі керек.

Жиында үйлерге бейнебақылау қондырғыларын орнату мәселесі де сөз болды. Қалалық тұрғын үй қатынастары бөлімі басшысының міндетін атқарушы Ерлан Рамазановтың айтуынша, қазіргі күні қалада 1801 көп қабатты тұрғын үй бар. Оның 711-ін ПИК, кондоминиум, басқарушы компаниялар және жеке серіктестіктер қадағалайды. Түрлі қылмыстың алдын алу үшін 306 көп қабатты үйге 1420 бейнебақылау камерасы орнатылған. Оның біріне тұрғындардың жеке қаржысы жұмсалса, екіншісін «Цифрал», «Факториал», «Қазақтелеком» мекемелері орнатқан. Ал 68 көп қабатты үйдің қауіпсіздігі жеке күзетпен қамтамасыз етілген. 3920 подъезге домофон қондырылған. Ерлан Рамазановтың айтуынша, бейнебақылау қондырғылары қылмыстың ашылуына септігін тиігізіп отыр.

Жиын соңында қала әкімі Ілияс Испанов қылмыстың алдын алу шараларына баса назар аудару керектігін айтты. Тұрғын үйлер, мектеп, балабақша аумағындағы күзет күшейтілуі тиіс. Сондай-ақ күзетке жастар тартылуы керек. Себебі үлкен кісілер көп қозғалмайды, аумақты жиі аралап жүрмейді. Ал күзет күшті болмаса, қылмыскерлердің еркінсіп кететіні анық. Осы және өзге де мәселелерді айтқан қала басшысы тиісті орындарға тапсырмалар берді.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button