Ақтөбе — 150Басты жаңалықтарМереке

Мерейтой тартулары

Сейсенбі күні Ақтөбе қаласының 150 жылдығына орай облыс орталығында ескерткіш ашылып, жерасты өткелі пайдалануға берілді. Сондай-ақ мерекелік іс-шаралар аясында ардагерлер мен қала жастары марапатталды. Аталған шараларға облыс әкімі Оңдасын Оразалин, Ақтөбе қаласының әкімі Ілияс Испанов, зиялы қауым өкілдері мен қала тұрғындары қатысты.

Қайраткер рухына тағзым

Облыс әкімі бастаған топ алдымен партия-кеңес қайраткері Василий Зинченкоға арналған ескерткіштің ашылу салтанатына қатысты.

Шарада облыс әкімі жиналғандарды Ақтөбе қаласының 150 жылдық мерейтойымен құттықтап, жылы лебізін білдірді.

Осыдан 150 жыл бұрын Ақтөбе қаласы әскери бекініс болып құрылып, кейін шаһарға айналды. Ал бүгінде қаламыздың мемлекетіміздегі ең ірі төртінші қаласына, яғни мегаполиске айналғаны шаһардың экономика жағынан қарқынды дамып келе жатқанын көрсетеді. Тарихтағы өзгерістерге қарамастан, қаланың тұрғындарының сүйіспеншілігі мен еңбекқорлығының арқасында бүгінгі күні Ақтөбе дамып, көркеюде. Сондықтан осы шараға жиналған барлығыңызды сүйікті қаламыздың 150 жылдығымен құттықтаймын! Бүгінгі мерейтойлық шаралар аясында белгілі қайраткер Василий Зинченконың ескерткішін өзінің атымен аталатын көшеге ауыстырып отырмыз. Біз үшін қаламыздың құрылуына, дамуына үлес қосқан осындай тұлғалардың есімін ұлықтау — басты міндеттердің бірі. Сондықтан Василий Зинченконың қаламыздың дамуына жасаған үлесі, игілікті істері ешқашан ұмытылмайды, — деді облыс басшысы.

Құттықтау сөзінен кейін облыс әкімі Ақтөбе қаласының дамуына елеулі үлес қосқан бір топ еңбек ардагеріне «Ақтөбе қаласының 150 жылдығы» мерейтойлық төсбелгісін табыстап, сый-құрмет көрсетті.

Бұдан кейін облыс әкімдігі мен Ақтөбе қаласы әкімдігінің атынан ескерткішке гүл шоқтары қойылып, жиналғандар қайраткердің рухына тағзым етті.

Айта кету керек, Василий Зинченко 1874 жылы Вознесенск қаласында жұмысшы отбасында дүниеге келген. 1909 жылы Ақтөбеге келіп, Ақтөбе қалалық кеңесінің бірінші төрағасы болған. Қайраткер азаматтық соғыстан кейін халық шаруашылығын дамытуға, Қазақстандағы теміржол көлігін қалпына келтіруге белсене қатысқан, сондай-ақ кәсіподақ ұйымын басқарған.

Кәсіпкердің үлесі

Облыс әкімі Оңдасын Оразалин қаланың ескі бөлігіндегі Шығанақ Берсиев көшесіне жаңадан салынған жерасты өткелінің ашылу салтанатына қатысты.

Ақтөбе қаласының 150 жылдық мерейтойына орай жеке кәсіпкер, «TransMostGroup» ЖШС басшысы Төлеген Таңатаровтың демеушілігімен салынған жерасты өткелі балалар мен тұрғындардың қауіпсіздігін сақтап, жол-көлік оқиғаларының алдын алады.

Салтанатты шарада облыс әкімі Оңдасын Оразалин қаланың мерейтойына арнап сый жасаған жеке кәсіпкерге алғысын айтып, тұрғындар атынан ризашылығын білдірді.

—  Бүгінге дейін тәуелсіздік жылдары ішінде Ақтөбе қаласы тұрғындарының саны екі есеге артып, облыстың әлеуметтік-экономикалық әлеуеті дамып келеді. Қазіргі таңда тұрғындардың үлес қосуымен, сондай-ақ ерекше сүйіспеншілігінің арқасында қаламыз дамып, гүлденуде. Соның бір дәлелі — бүгінгі ашылып отырған жерасты өткелі. Бұл жобаны белгілі кәсіпкер Төлеген Таңатаров жүзеге асырды. Ол өзі ниет білдіріп, бастама көтеріп, қаланың дамуына, тұрғындардың қауіпсіздігін сақтауға атсалысып, өз қаржысына жерасты өткелін салып беріп отыр. Белгілі кәсіпкерге осы бастамасы, игілікті ісі үшін тұрғындар атынан алғыс айтамын. Бұл игі іс облыстағы басқа да кәсіпкерлерге үлгі болады деп сенемін. Осы игілікті шара ары қарай өзінің жалғасын тауып, қаламыз дами берсін! Мереке құтты болсын! — деді О.Оразалин.

Бұдан кейін облыс әкімі әр салада еңбек етіп, қаланың дамуына зор үлес қосып жүрген бір топ азаматты мерейтойлық төсбелгімен марапаттады.

Шарада жерасты өткелін салған белгілі кәсіпкер Төлеген Таңатаров жиналғандарды Ақтөбе қаласының 150 жылдық мерейтойымен құттықтаса, №8 орта мектептің ата-аналар комитетінің төрағасы Сайын Боранқұлов мектептің ата-аналары атынан облыс басшылығы мен жеке кәсіпкерге балалардың қауіпсіздігін сақтау мақсатында көтерген бастамалары үшін шынайы алғысын білдірді.

Айта кету керек, жерасты өткелінің ұзындығы 23 метр болса, ені — 2,5 метр. Жерасты өткеліне брусчатка төселіп, қабырғалары ерекше безендірілген. Алдағы уақытта тұрғындардың қауіпсіздігі үшін мұнда бейнекамералар орнатылмақ.

І орын — Жанназаровтарда!

Мереке күні ҚР Тұңғыш Президенті Н.Назарбаев атындағы орталық саябақта «Ақтөбе деген қала бар!» атты мерекелік шара өтті.

Шарада Ақтөбе қаласының әкімі Ілияс Испанов тұрғындарды мерейтоймен құттықтап, «Қалыңдыққа тұрмысқа шығуға ең ерекше және креативті ұсыныс жасау» байқауының жеңімпаздарын марапаттап, арнайы дипломдар мен сыйлықтар табыс етті.

Айта кету керек, аталған байқаудың қорытындысы бойынша жас жұбайлар арасында

1-орынды Ержан, Жанар Жанназаровтар, 2-орынды Қадіржан Нұрғазы мен Айғаным Омар, ал 3-орынды Елдос, Ұлмекен Әжігереевтер иеленді.

Мерекелік шарада қаладағы мәдени ұйымдар мен шығармашылық ұжымдары өздерінің өнерлерін көрсетіп, «Есет батырдың Әбілқайыр ханмен кездесуі» атты қойылымын ұсынса, жас спортшылар ұлттық спорт түрлерінен сынға түсті.

Сондай-ақ мереке күні қалалық кітапханалардың ұйымдастыруымен Әлия Молдағұлова даңғылында орналасқан «Емшан» тұрғын үй алаңында және Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің бас ғимараты алаңында «Ақтөбе қаласының әдеби көшелері» атты көпшілік шара ұйымдастырылды.
Ақтөбе қаласы бойынша көшелерге берілген қазақстандық және жергілікті ақын-жазушылардың есімін ұлықтау, қазақ тіл білімінің ғылыми негізін қалаған тұңғыш лингвист, түркітанушы, педагог Құдайберген Жұбановтың өмірі мен шығармашылығын насихаттау мақсатында өткізілген іс-шарада Ақтөбе қаласының тарихынан сыр шертетін еңбектер мен суреттерден жасақталған көрме ұйымдастырылып, жастар мерейтойға арнаған лебіздері мен арнау өлеңдерін оқып берді.

Мемориалды тақта орнатылды

Бұдан кейін Ақтөбе қаласының әкімі Ілияс Испанов бастаған зиялы қауым өкілдері Ақтөбе теміржолы ауруханасы аумағында орналасқан Д.Беркімбаев көшесіне қоғам қайраткері, Ақтөбе уездік комиссиясының мүшесі, полковник Дербісәлі Беркімбаевқа арналған мемориалды тақтаның салтанатты ашылуына қатысты.

Шарада шаһар басшысы жиналғандарға өзінің парасаттылығымен, біліктілігімен көзге түскен даңқты тұлға, қоғам қайраткері Дербісәлі Беркімбаевтың өмір жолы мен Ақтөбенің құрылуына ерекше қосқан үлесі туралы айта келіп, оның есімін ұлықтауға зор үлес қосып жүрген кәсіпкер,қоғам қайраткері Арынғазы Беркімбаевқа «Ақтөбе қаласының 150 жылдығы» мерейтойлық төсбелгісін табыс етті.

Салтанатты шарада ардагерлер мен көше тұрғындары қоғам қайраткерінің мемориалды тақтасына гүл шоқтарын қойып, рухына тағзым етті.

Айта кету керек, мереке күні Ілияс Испанов Ақтөбе қаласының дамуына зор үлес қосқан бір топ еңбек ардагерін мерекелерімен құттықтап, үйлеріне барды. Олардың қатарында Сапар Сағынтаев, Сматолла Беркімбаев, Зайыр Жанжаркеновтер бар.

Қала әкімі ардагерлерге мерейтойлық төсбелгілер табыстап, сый-құрмет көрсетті.

Данагүл ҚАЗИХАН.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button