Ақтөбе — 150Басты жаңалықтар

Ақтөбеге ақ тілек

Ақтөбе қаласының 150 жылдығына арналған негізгі салтанатты шара облыс әкімі Оңдасын Оразалиннің қатысуымен ҚР Тұңғыш Президенті атындағы орталық саябақта өтті. Бұл кеште «Туған жерге тағзым» және «Ауыл — ел бесігі» акциясы аясында Ақтөбе жерінен шыққан қазақ эстрадасының жұлдыздары құтты мекен аспанын ән мен күйге бөледі.

Мерекелік шара барысында аймақ басшысы ақтөбеліктерді айтулы мерекесімен құттықтады.

Қаланың іргетасы 1869 жылы ақ төбенің басындағы бекіністің негізінде қаланған болатын. Биыл сүйікті қаламызға 150 жыл толып отыр.

Тек тәуелсіздік жылдарын есептегенде қаланың әлеуеті ерекше өсіп, жоғары көрсеткіштерге қол жеткізді. Елбасы берген тапсырмаларды орындау барысында да Ақтөбе алғашқылардың қатарында. Қаланың ең басты байлығы, әрине, оның тұрғындары. Осы ретте Ақтөбе қаласының әлеуметтік-экономикалық жағынан өсіп-өркендеуіне қосқан қомақты үлестеріңізге, ерен еңбектеріңізге, азаматтық қоғам құруға белсене қатысқандарыңызға, бейбітшілік пен келісімді сақтауға атсалысқандарыңызға алғысымды білдіремін,  — деген Оңдасын Оразалин аймаққа есімі белгілі, еңбектерімен көзге түскен түрлі саладағы 6 азаматқа мерекелік төсбелгі тақты.

Кештің көркін халықаралық және республикалық байқаулардың лауреаты Жадыра Арыстанова, Венера Алпысбаева, Мирас пен Құралай Бекжановтар, «Үміт» сыйлығының лауреаты Саламат Мұқашев, эстрада жұлдыздары Асхат Тарғын, Есет Сәдуақасов сынды еліміздің сахналарында өнер көрсетіп жүрген белгілі әншілер қыздыра түсті.

Сондай-ақ кеш барысында республикалық «Ән тербеткен Ақтөбем» атты авторлық әндер байқауының марапаттау салтанаты өтті. Қаланың 150 жылдығына орай ұйымдастырылған мәдени шараға Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларымен қатар, Ақтөбе мен Жамбыл облыстарынан барлығы 32 өтінім келіп түскен. 27 мамыр күні облыстық халық шығармашылығы орталығында белгілі композитор, ҚР Композиторлар одағының мүшесі Бейбіт Оралұлының төрағалығымен қазылар алқасының жабық отырысы өтіп, онда олар жабық конвертте келіп түскен шығармаларға өз бағаларын беріп, үздіктерді анықтады.

Байқаудың бас жүлдесін Орал-Қосай Байсеңгірдің сөзіне жазылған Марат Жанғазының «Құтты мекен — Ақтөбем!» әні жеңіп алды. Байқау жеңімпаздарына Бас жүлденің арнайы дипломы мен 1 000 000 теңге көлеміндегі сыйақыны кештің басты қонағы, әнші Димаш Құдайберген табыстады.

Белгілі композитор Елена Әбдіхалықованың «Айналайын, Ақтөбем» атты әні бірінші орынды иеленді.

 Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button