Ақтөбе — 150Мереке

Қаланы ән тербеген күн

Ақтөбенің 150 жылдық мерейтойына облыс аудандары да лайықты тартулар жасады. Аудан өнерпаздары қала саябақтарында концерттік бағдарлама ұйымдастырса, кәсіпкерлері қолөнер бұйымдары мен түрлі кондитерлік тәттілерін құтты мекен тұрғындарына ұсынды.

«Құтты мекен — Ақтөбем» атты аудан өнерпаздарының концерттік бағдарламалары бір мезетте қаланың бірнеше жерінде басталды. Мәселен, ҚР Тұңғыш Президенті атындағы орталық саябақта Алға ауданының өнерпаздары өз өнерлерін көрсетсе, «Керуен сити» сауда, ойын-сауық орталығы алаңында Мұғалжар мен Мәртөк ауданынан келген өнер иелері әннен шашу шашып, би биледі.

Ал ақтөбеліктердің сүйікті демалыс орнына айналған Ақтөбе Арбатында батырлар мекені Қобда ауданынан келген өнерпаздар қала тұрғындарына мерекелік көңіл күй сыйлады. Бұл күні  Қобыланды батыр атындағы Орталық стадион маңы

ерекше көрікке еніп, қала тұрғындары көп жиналды.

— Биыл құтты мекен Ақтөбеге 150 жыл болса, батырлар мекені Қобда ауданына 90 жыл толғалы отыр. Осы ретте аудан басшылығының бастамасымен қос мерекенің құрметіне орай «Құт қонған Қобдадан — Құтты мекен Ақтөбеге» атты марафон-эстафестасын бастадық. Бүгін аудан әкімі Мейрамбек Шермағамбет марафон-эстафетаның ашылуында барлық қатысушыларға сәттілік тілеп, марафонның арнайы туын табыстады. Аудан басшысы бастаған шара Қобда ауылының шығаберісінде орналасқан Қобыланды батыр ескерткішінен бастау алып,  Ақтөбе қаласындағы Қобыланды батыр атындағы орталық стадионда қорытындыланды, — дейді аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Арман Қабылов.

Тоқсан шақырымға ұласқан марафон-эстафетаның Туы қобдалықтар өнер көрсеткен концерттік бағдарлама барысында Ақтөбе қаласының әкімі Ілияс Испановқа табысталды.

Бұдан өзге, Пушкин атындағы саябақта Қарғалы ауданынан келген өнерпаздар  әннен шашу шашса, Алматы ауданындағы «Жеңіс» саябағының аспанын хромтаулық әншілер әнімен тербеді.

Сондай-ақ дәл осы күні Ақтөбе қаласының 150 жылдық мерейтойына орай Марина Деркачтың «ArtLab» халықаралық көркемсурет галереясы ашылды. Қаланың мерейтойымен қатар өзінің 1 жылдығын атап өткен галерея барлық тілек білдірушілерге есігін айқара ашты. Аталған шараға қала әкімінің орынбасары Айгүл Арынғазиева қатысып, шығармашылық иесіне сәттілік тіледі.

Ақерке САТЫБАЛДЫ. 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button