Ақтөбе — 150Мереке

Мереке күні 28 сәби дүниеге келді

Қала күні босанған аналарды құттықтап қалалық №1 перинаталдық орталығына Ақтөбе қаласы әкімінің орынбасары Айгүл Арынғазиева арнайы барды.

— Ақтөбе қаласының 150 жылдық мерейтойы күні дүние есігін ашып жатқан бүлдіршіндеріміздің болашақта үлкен азамат пен азаматша боларына сеніміміз зор. Мереке күні дүниеге келіп жатқан барлық сәбидің дені сау болып, елдің баласы болып өсуіне тілектеспіз. Ең бастысы, осы сәбилерді дүниеге әкелген аналардың денсаулығының мықты болғандығы. Өйткені қасында анасы болса, балалар бақытты. Бүлдіршіндеріміздің болашағы жарқын , бақытты бала болып өссін, — деді қала әкімінің орынбасары.

Құтты мекеннің 150 жылдық мерейтойы күні туған барлық аналар мен сәбилерді құттықтаған қала әкімінің орынбасары естелік сыйлықтар мен гүл шоқтарын табыс етті.

— Бүгін біздің шағын ғана «мемлекетіміз» үшін қуанышты күн. Өйткені өмірге Фатима есімді кішкентай ғана қызғалдағымыз келді. Шынымды айтсам, босануым бүгінгі мерекемен тұспа-тұс келеді деп ойламадым. Дегенмен, өте қуаныштымыз. Мен үшін бастысы — баламның аман-сау дүниеге келіп, денсаулығының жақсы болғандығы. Қазір қызымның да, өзімнің де денсаулығым жақсы. Бүлдіршіндерімізді құттықтап келіп жатқан қала басшылығына айтар алғысым шексіз. Сүйікті қаламыз жасай берсін, — дейді жас ана Ақбота Әдетханқызы.

Қалалық әкімдік берген мәліметке сәйкес, мереке күні түскі сағат 14.00-ге дейін Ақтөбе қаласындағы барлық перзентхаларда 28 сәби дүниеге келген. Оның 15-і №1 перинаталдық орталығында туды.

Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button