Ақтөбе — 150Басты жаңалықтарМереке

Құрылыс компаниясы «Жер шарын» сыйлады

Мереке күні құтты мекенде «Жер шары» нысаны ашылды. Салтанатты шараға Ақтөбе қаласының әкімі Ілияс Испанов қатысып, қала тұрғындары мен қонақтарын шаһардың 150 жылдық мерейтойымен құттықтады.  

Әбілқайыр хан мен Әлия Молдағұлова даңғылдарының қиылысында бой көтерген сәулеттік нысан — «Спарта и Ко» құрылыс компаниясының Ақтөбенің 150 жылдығына арнаған тартуы.

Аумағы 5 метрлік көлемді, биіктігі 5600 метрді құрайтын бұл композицияда Қазақстан Республикасымен қатар Ақтөбе облысының картасы бейнеленген. Алыстан мен мұндалап тұрған нысанның жан-жағы ұсақ гранит тастармен көмкерілген.

Достық пен бірліктің символын бейнелеп тұрған «Жер шары» нысаны 150 жылдық тарихы бар, халқы миллион болуға ұмтылған құтты мекеннің сүйікті композициясына айналары анық.

— Осыдан 150 жыл бұрын кішкентай ғана бекініс болып құрылған құтты мекенде бүгінгі таңда 500 мыңнан астам адам тұрады. Бұдан өзге, қалаға келушілер саны да күн санап көбеюде. Сондықтан шаһардың архитектуралық жағдайына да көңіл бөлуіміз қажет. Бүгін қалалық баланста пайдалануға беріліп жатқан композиция — жеке компанияның қалаға тартып жатқан сыйы. Шаһардың көркіне көрік қосып тұрған нысанның авторы мен демеушілеріне қала басшылығы атынан үлкен алғысымды білдіремін. Бұл — кез келген қала тұрғыны үшін үлгі боларлық іс, —  деген қала әкімі шаһар тұрғындары мен қонақтарын мерекемен құттықтап, шаңырақтарына құт-береке тіледі. Ал компания басшысын Ақтөбе қаласының 150 жылдығына арналған мерекелік медальмен марапаттады.

Сәулет композициясының авторы — Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген сәулетшісі Сәкен Нарынов. Айта кетейік, ол әлемнің ең үздік 20 сәулетшілерінің қатарында.

Ақерке САТЫБАЛДЫ. 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button