Жаңалықтар

«Ақтөбе — Қандыағаш» жолы қашан салынады?

Брифинг

Облыс аумағындағы республикалық және жергілікті маңызы бар автокөлік жолдары бір кездегіге қарағанда, әрине, көп жақсарды. Қазір көпшілік бағыттарға қиналмай жол тартуға болады. Тек бір ғана бағыт — Ақтөбе-Қандыағаш тасжолы бұрынғы күйінде қалды. Көлік қозғалысы орасан зор бұл жолдың бүгінгі жағдайы сын көтермейді. Жолдың нашарлығынан екі күннің бірінде жол апаты өршіп тұр. Сондықтан халық бұл жолдың тағдырына қатты алаңдаулы, әлеуметтік желілерде наразылықтарын жиі білдіруде. Құрылысы басталған Астрахан-Ақтөбе халықаралық жолының құрамына кіретін 89 шақырым «Ақтөбе-Қандыағаш» телімнің жұмысы «міне, қолға алынады» деп айтылғалы көп болғанмен, сөз жүзінде қалып келеді. Бұл сөзбұйда қашан аяқталып, жол құрылысы қашан басталады, жұртшылық осыны білгісі келеді.

Сейсенбі күні өңірлік коммуникациялар қызметінде Ресей Федерациясының Астрахань шекарасынан бастау алатын Ақтөбе-Атырау автокөлік жолының учаскесін қайта жаңарту тақырыбында өткен баспасөз конференциясында осы аталған мәселелерге жауап ізделді.

«ҚазАвтоЖол»  ҰК» акционерлік қоғамы Ақтөбе облыстық филиалының директоры Марат Махамбетов:

— Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Азия даму банкі арасындағы келісім бойынша 2018 жылғы 18 қыркүйекте «Ақтөбе-Атырау-Ресей Федерациясы шекарасы Астрахань автомобиль жолының «Ақтөбе-Қандыағаш» телімі жобасын мемлекет кепілдігімен мемлекеттік емес қарыз тарту есебінен жүзеге асыру келісімделді. Аталған телімнің жалпы ұзындығы — 89 шақырым. Қарыздарды тарту бойынша тиісті шараларды орындау мақсатында техникалық-экономикалық негіздеме дайындалып, Мемлекеттік сараптама республикалық мемлекеттік комитетіне тапсырылды. Қазіргі таңда Азия даму банкімен қарызды келісімдеу бойынша жұмыстар басталып, ағымдағы жылдың қазан айында қол қою жоспарланып отыр. Мердігер мекемелерді таңдау бойынша конкурстық рәсімдер, келісімдер қатар жүргізіледі. Сатып алу жұмыстары банктің талаптары мен шарттарына сәйкес өткізіліп, мердігер мекеме шамамен ағымдағы жылдың соңына дейін анықталатын болады. Құрылыс-монтаж жұмыстары толыққанды  2020 жылдың басында басталады, — деді.

Облыстық филиал директорының баяндауынша, Астрахань-Атырау-Ақтөбе жолының  815 шақырымы біздің облыстың аумағы арқылы өтеді. Қазір жолдың республикалық бюджеттен қаржыландырылатын бөліктерінде құрылыс жүріп жатыр. Ал «Ақтөбе-Қандыағаш» теліміне шамамен 65 миллиард теңге қаржы керек. Ол мемлекеттік емес қарыз тарту есебінен жүзеге асырылмақ. Осы деректерді алға тарта келіп, жол маманы «Қырқына шыдағанда, қырық біріне де шыдау керек»,  — деп қорытты.

Баспасөз мәслихатында облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының міндетін атқарушы Нұркен Әспенов журналистерге жергілікті маңызы бар жолдардың жағдайы туралы айтып берді.

 Аманқос ОРЫНҒАЛИҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button