Тарих

Ұзақбай Құлымбетов 19 комиссармен бірге атылды

Ұзақбай Құлымбетов — 1926-1937 жылдары   елде  бесжылдықтардың ірі жобаларына  басшылық етіп, мыс, мырыш, алтын, қорғасын өндірісін дамытып, Түрксіб теміржолын жүргізуге еңбек сіңірген, республиканың жаңа әкімшілік бөлінісі —аудандарды құру мен  ел астанасын Қызылордадан  Алматыға көшіруді басқарған  іскер әрі тамаша ұйымдастырушы.

1921 жылы  Ақтөбе губерниясы құрылғанда  әлеуметтік қамсыздандыру бөлімін, губерниялық оқу бөлімін басқарды. 1923 жылы  Ақмола губерниялық  атқару комитетінің төрағасы, 1925 жылы республика Халық шаруашылығы Орталық Кеңесі төрағасы,1926 жылдың қыркүйегінде  Өлкелік Комитет Халық Комиссарлары кеңесі төрағасының орынбасары болып, әрі өлкелік Жоспарлау комитетін басқарды. 1928 жылдан  Қазақ өлкелік ішкі және сыртқы сауда  Халық Комиссары, Республика Халық комиссарлары кеңесінің төрағасы. 1935-37 жылдары  Қазақ КССР Орталық Атқару Комитетінің төрағасы болды.

1937 жылдың 27 қыркүйегінде  Ұ.Құлымбетов  Т.Рысқұлов, Н.Нұрмақов,

С.Сейфуллинмен бірге  контрреволюциялық  топ құрды деген айыппен қамауға алынып, 1938 жылдың 21 наурызында 47 жасында  19 комиссармен бірге  атылды. Сүйегі Алматының іргесіндегі Қандысайда көп шұңқырдың астында қалды.

Ұ.Құлымбетов атылып, әйелі Әйіш 10 жыл АЛЖИР лагерінде жазасын өтеп,  балалары — Ақтөре, Кәбира, Бостан, Орынша, Болат сол қоғамның қатыгездігін және өгейлігін мықтап сезінді. Жаудың баласы деп кеудеден итерген қатыгездікті сәби жүректерімен сезініп, жетімдер үйіндегі  жоқшылық пен жетіспеушілікті, оқудан шығарылып, жұмысқа қабылданбаған кемсітушілікті  бастарынан өткізсе де, ешкімге кек сақтамай  мықты азаматтар болып қалыптасты.

Құлымбетовтің көзі тірі  жалғыз ұрпағы — 80-ді орталаған педагог, ҚР еңбек сіңірген  қайраткері  Орынша Қарабалина-Қазыбаева:

— Марқұм жолдасым Кәкімжан Қазыбаев кезінде: «Есіңде болсын, Ұзақбай Құлымбетов жөнінде  екі түрлі материал бар. Бірі — қаралаған материал да, екіншісі — жақсы мағынада жазылған материал. Бірақ жұрттың қолына  көбіне қаралаған дүниелер түседі де, екіншісі соның тасасында  қалып қояды. Әкем қай губернияға жұмысқа жіберілсе, барған жерінде мектептер ашқан.  «Елдегі балалардың  25 пайызы ғана мектепке барады, Одақтағы жетім балалардың үштен бірі  Қазақстанда» деп Калининге хат жаза отырып, қаржы бөлгізеді. Алтын кеніштерімізді елге қайтаруға сіңген еңбегі зор болғанымен, айтылмай қалды. Көп еңбектері қолды болды, ұсталған кезде қолжазбаларын өртеп жіберді. Бүгінде ғалымдардың көмегімен әкеміздің 1400 беттен тұратын  баяндамалары мен  еңбектерін жинақтап  шығарғалы отырмыз. Ұсталып жатқанда, көп еңбектерін алып кетіп, тіпті  қолжазбаларын өртеп жіберді, — деген еді.

Тарих ғылымдарының докторы, профессор  Мәмбет Қойгелді: «Ұ.Құлымбетов 1923 жылы Киробкомның ұйғарымымен Ақмола губерниялық  атқару комитетінің  төрағасы қызметіне жіберілді. Онда Ұ.Құлымбетов өзін  шаруашылық мәселелерін  жақсы білетін және әкімшілік жұмысын жете меңгерген қызметкер ретінде  көрсетті. Ұзақбай Желдірбайұлының сол кездегі қызметіне берілген  губком мінездемесінде «Қызметкерлерді таңдай біледі және оларды жұмсай алады. Саяси жағдайда өз бағытын анықтай  біледі. Тұрақты, табанды. Еркі күшті, қателігін мойындап, одан қорытынды шығара алады. Өсек сөзге және топшылдыққа бейімдігі жоқ» деп әділ баға берілген». (Қойгелді М., Туған халқының болашағы үшін күресті //Алаш айнасы. 18.03. 2011. №47).

Ел арасынан 40 баланы таңдап алып, Ақмолада мемлекеттік қызметкерлер даярлайтын  курс ашқан. Олардан кейін елге қызмет еткен ірі  тұлғалар шықты. Осы жерде Петропавл-Көкшетау теміржолын салғызуға басшылық жасап, ағаш өңдеу, консерві жасау зауыттарын қалпына келтіру мен алтын өндірісін  жолға қойған.

Ұзақбай Желдірбайұлының  басшылығымен атқарылған істер: экономикадағы бесжылдық жоспар, әкімшілік-шаруашылық басқаруды жүйеге келтіру, яғни  аудандастыру, салық тәртібін жөнге келтіру, ірі кен орындарының шикізаттық қуатын ел ішіне қайта бөлу. Ірі жобалары — Түрксіб теміржолын жүргізу, ірі өнеркәсіп орындарын құрып, оған жергілікті жұмысшы мамандарын даярлау,  мал шаруашылығын  дамытумен қоса, тоқыма, жүн-тері илейтін зауыттар ашып, жеңіл өнеркәсіпті  дамыту, ауылдарда кооперативтер құрып, шикізат илейтін шағын цехтар мен ұсақ кәсіпшілік құру.

Қазіргі көзқараспен айтқанда, шағын және орта бизнес нысандарын көбейтіп, жаңадан аяқтан тұра бастаған ел экономикасына  аудит жүргізді. Жер көлемі, шикізат кендері, ірі қалалардағы кәсіпорындар қайта түгенделіп, олардың шығарған өнімдеріне тексеріс жүргізіліп,  сыртқа кетіп жатқан бағалы металдар  қайта есептелді, салық базасы қайта қаралды. Ол басқарған уақыттан бастап  түсті металдар мен алтын өндірісі жолға қойылып,  ірі кен орындары ашылады.

1925 жылы РКП (б) Пленумында Қазақстан өнеркәсібін дамытуға, соның ішінде Риддер мен Қарсақпай кен орындарын дамытуға 23 миллион сом қаржы бөлуге шешім қабылданды. Тұрар Рысқұловтың Орталықтағы ықпалымен түсті металлургияға бөлінген  одақтық қаржының жартысы қазақ өлкесіне бұйырды. Бесжылдықтың алғашқы жоспарын құрған Ұ.Құлымбетов Риддер, Екібастұз, Атбасар мыс комбинаттарын дамыту, Ембі мұнай өнеркәсібінің қуатын арттыру, Елек тұз кәсіпорнын игеру, Жетіқара, Аққарға, Бозын  алтын кеніштерін Қазақстанға қайтару мәселесін көтерді. Түрксіб теміржолына  100 мыңдаған жергілікті тұрғындарды жұмысқа тартты. Күрекпен, қайламен жер қазып, құм тасып, рельс төсеген жігіттер  теміржол оқуына жіберіліп, кейін  кәсіби  мамандарға   айналды.

1926 жылы қазақ өлкелік жоспарлау комитетін басқаруға келген Ұзақбай Желдірбайұлы индустрияландыру бағдарламасын жариялап, ол  осы жылы «Қызыл Қазақстан»  журналының №19-21 сандарында жарық көрді. Төменде  қайраткердің  бағдарламасынан үзінділер ұсынып отырмыз.

 

«Қай жерде шикізат болса, сол жерден кәсіпорын ашуға тиіспіз»

 1) Шикізат өндірісін дамыту. Кен орындарын игеру.

Қазақстандағы барлық кәсіпорындар өзінің мөлшеріне қарай үшке бөлінеді:

1) Орталық Мәскеудің қарамағында, олар мыналар: Риддер, Қарсақбай, Спас, Екібастұз, Жетіқара алтын зауыты.

2) Қазақстан қарамағындағылар: Қызылжардағы тері зауыты, Алматыдағы шұға фабрикасы, Тұзтөбенің тұз зауыты, тағы басқалар. Барлығы 11 кәсіпорын және шикізат даярлайтын сауда мекемесі.

3) Жергілікті уақ кәсіпорындары: тері зауыттары, тұздар, диірмендер, май зауыттары…

1913 жылы Қазақстандағы барлық кәсіпорындарының шығарып тұрған заттары 20 миллиондай сомдық еді, олардың ішінде тау, кен кәсіпорындарынікі  — 10 миллиондық. Балық — 5 ½  миллиондық. Тері заводтарынікі — 1 ½ миллиондық. Басқа түрлі кәсіпорындарынікі — бір миллиондық.  Қазақстандағы шығатын шикі тері заттарының ірісі – 8 46 000, ұсағы – 3 436 000. Барлық біздің Кеңес Одағындағы шикізаттың санымен салыстырғанда Қазақстан терілерінің ірісі – 14%, ұсағы –40,4%. Бұл шикізаттардың қаншасының біздің заводтарда істелетінін дәлелдеу үшін төмендегі цифрларды келтірейік: 1) ірі теріден 17%-тін заводқа салып, былғары шығарып отырмыз; 2) уақ терінің 3,6%-тін; 3) жүннің 4%; 4) түйе жүнінің 1,8%; 5) мақтадан тағы сол сияқтылардан бір қадақ та тұтынбаймыз. Фабрика-заводымызда осындайларынан істеліп қалған барлық шикізаттар Қазақстаннан шығарылып сатылады. Шет мемлекеттердегі фабрика-зауыттарда да істелінеді. «Шикізаттарға қарай кәсіпорындары керек» деген орталықтың сұрауларына біз мынадай кәсіптердің алға тез басуы керек деп жауап бердік:

1) Тері өндірісі. Тері зауыт кәсібі алдымыздағы 5 жылда мынадай болуы керек. 1926-27 жылы Семейде 75 мың шамасы ірі терілік сұранған тиісті материалдары тапсырылды. Жаңадан тері зауыты салынуы керек.

Ақтөбенің 30 мың терілік (қазір жүре бастады) зауыты жүруі керек. Қызылжар және Орал тері зауыттарының оңдалуы. Өндірістерінің көбеюі керек. (Пландарында соны көрсетіп отырмыз). Осыған 1 ½ миллиондай сом ақша керек болады.

1927-28 жылы Қызылордаға үлкендігі 150 мың уақ тері, 75 мың ірі терілік бір тері зауыты салынуы керек. Бұған бір миллион 200 мың сом ақша керек. 1930 жылға дейін Орал, Алматы, Қостанайға да бір-бір тері зауытын салу керек. Сонда біздің барлығына шығатын қажетіміз 5 ½  миллион сомнан асыңқырайды.

2) Тоқыма фабрикасы туралы.

1926-27 жылы Алматыдағы  шұға фабрикасын жөндеп болып, өндірісін 50%-ке көбейтпек. 1926-1927 жылы Семейге жылына бір миллион кез — шұға шығарып тұратын фабрика ашу керек. Бұл фабриканы1927-1928 жылдың аяғында бітірмек. Бұл туралы бір маманға тапсырылып еді. Бұл Семейден хабар жинап қайтып, қазір Мәскеуде ісін аяқтап жатыр.

1928-29 жылы Сырдария губерниясының бір қаласында жұқа тауар тоқып шығаратын фабрикалар іске кіріспек. Сол уақытқа дейін мақта өнімі осы күнгі қалпындай болып, кендір мәселесі осы жылдан бастап қаралса, одан шығатын нәрселер жарарлық болса, тоқыма кәсібін көбейтпекпіз. Бұған қосымша жүн жуатын дүкендерін жыл сайын көбейтіп, оларды жақсы машиналардан мұңсыздандыру керек.

3) Балық кәсібі туралы.

26-27 жылы Жайықтың құйылысындағы Гурьев ауданын Аштархан (Астрахань) балық кәсібіне қоспақшы. Аштархан теңізіндегі балық кәсібін жақсылап жүргізу үшін: кеме, қайықшаланды сықылдыларды жөндеп алу, я болмаса Аштархандағы балық кәсібін меңгеріп тұрушымен сөйлесіп, суға қосылу керек. Бірақ, бізге жылына пайда беріп отыратын болсын. Орал теңізіндегі балық кәсібін жөнге салып, бұл кәсіпке арналған Орталықтың былтырғы ақшасын қалайда болса алу керек. Бұған осы жылдан бастап өлкелік қаржыдан, Қарақалпақтың қаржысынан да сыбаға қосу керек.

4) Егін шаруашылығы туралы.

Егін шаруашылығына керек машиналардың сайманын, солардың әртүрлі бұйымдар қоятын зауытты күшейту керек. Мұндай заводтар Қызылжар, Орал, Қостанайда бар. Бірақ, халықтың мұқтажын дұрыстап бере алмай тұр. Сондықтан бұлардың мұқтажын әрбір күн әкімдер өз қаржысына алып отырулары жөн. Қарақалпаққа да осындай бір завод салуға биылдан бастап кірісу керек.

5) Алтын заводтары туралы.

Қазақ жеріндегі алтын шығатын орындардың қанша алтыны барлығы, оны қанша жыл қазуға болатыны әлі күнге дейін бізге белгісіз. Ендігі алдамызда тұрған міндеттің бірі осы байлықтың қанша екенін білу. Екінші, алтын мөлшерін көбейту. Үшінші, Жетіқара алтынын Орскідегі алтын кәсібіне қосу. Түбінде кімге қараса да бұлай болып бұрынғы тұруы біздің үнемшілік ықтиятына қайшы келеді. Алтын  кәсіпорындарының барлық мұқтажы Орталықтың өзінен шықпай, дұрыс жолға қоюға болмайды. Соның үшін осы күнгі біздің планымызда мұны ескеріп жатырмыз.

6)  Тұз кәсібі туралы. Тұзтөбенің тұз зауытының электрін дұрыс аяққа бастыру, машиналардың көнергенін жыл сайын жаңғыртып отыру — ұлы міндетіміздің біреуі. Осы күні жер мекенін жоғарыға қолмен тасымалдайтын әдет бар. Бұдан былай оның орнына машина күшімен жоғары шығарып тұру жағына айрықша назар салуымыз жөн. Бұдан басқа таулардағы тұз диірменін жөндеп, тұздың өнімін бұрынғысынан көбейтпекпіз. Жергілікті тұздарды дұрыс жолға қойып пайдалану жағын қарастырмақпыз. Бұл жергілікті қаржыға көп себеп болады.

7) Мыс, көмір, қорғасын, тағы басқалар туралы.

Риддер-Қарсақбай сықылды ірі кәсіпорындарына 4-5 жылдың ішінде жұмыскерлерін көбейтіп, олардың алдарында тұрған жаңалық жұмыстарына жәрдем беріп отырғанымыз ғана болмаса, олар біздің қаржымен оңдалатын кәсіпорын емес деп жоғарыда айтып өттік. Көмір қазу кәсібін жаңғырту үшін бұл туралы тиісті мағлұматты кіндікке тапсырып, осы  5 жылдың ішінде Қарағанды секілді аса пайдалы кәсіпорындарының жүруіне ынта салуымыз жөн. Қорғасын деген затты (осы күні Әулиеата уезінен шығып жатқан) биылдан бастап жалдаудан алынып, кәсіп шаруа мекемесінің қолына көшу керек. Қорғасын өндірісін де ұлғайту керек.

Тау, кен кәсібі өндірісі жаңа-жаңа оңалып келе жатыр. Екінші, тау, кен кәсібінің (уақ тұз кәсібінен басқа) оңдалуы Орталықтың жәрдемімен байланулы екендігін осы құрылып жатқан пландарда айту керек. Мұндай кәсіптің майы енді 2-3 жылға ғана жарайды. Соның үшін қанша май, қай жерде екендігін осы жылдан кейін зерттеу керек. Кемінде он жылдық алтын қорымызды (запасымызды) біліп отыруымыз керек.

8) Ағаш байлығы туралы. Сырдария губерниясында сексеуіл кәсібі үлкен орын алып отыр. Әсіресе, сексеуілді керек қылатын өзбек пен теміржол бойындағы адамдардың отынға мұқтаждығы. Бұл жөнде сексеуілді көп шауып, 2-3 жылда бітіру ме, әлде шамамен шауып, сатып тұру ма? Менің ойымша, жылда 4, 4½ миллион пұттан асырмай, халықты отынға ашықтырмай да отырсақ, бұл — біраз уақытқа шейін бізге жарарлық байлық.

9) Егін шаруашылығы туралы. Бұл жөнінде шаруалардың орынсыз күйетін жерлері бар. Мәселен, Лепсі уезінде тарының пұты 10-15 тиын болған. Осы сықылды астық тәуір шығатын, әсіресе қаладан алыс жерлерде шаруалар қолдарындағы астық, бидай, тары сықылды нәрселерін дұрыс пұлына сата алмайды. Сондықтан үкіметтің рұқсаты бойынша шығып отырған спирт зауыттарын тегісінен түзеп, жөнге қою керек.

Ірі кәсіппен қатар қолөнер кәсібінің күшейіп, олардың кооператив сауда мекемелерімен байланыс жасап, ұйымдасулары аса пайдалы нәрсе. Әсіресе, мұның ішінде балық пен алтын кәсіпшілеріне аса назар салу керек. Менің ойымша, ендігі барлық кәсіпорындарының, өздерінің істеп шығаратын заттарының арзандатуы үшін үнемшілік ықтияты көзбен қарап, артық шығыннан безу керек. Баяғы өлшеусіз жұмсауға ендігі жерде жол жоқ. Мінеки осы жоғарыда айтылғандай, орнына келтіргенде ғана біздің кәсіп, шаруашылығымыз көркеймек.

10) Ұсақ кәсіпорындар. Шикізат саудасы.  Өндірісті жандандыру үшін ұсақ кәсіпорындарды да еске алуымыз керек. Қай жерде шикізат болса, сол жерден кәсіпорын ашуға тиіспіз.

Ескі үкімет кәсіп шаруашылығының көбеюіне қазақ ұлты сықылды халық арасында қарсы болды. Сондықтан қазақтың малынан болатын шикізаттарды (жүн, тері сықылды) тасып шығарып Орынбор, Ташкент, Омбы, Саратов сияқты қалаларға пайдасын көрсетті. Осы шикізаттарды орталықтағы завод-фабрикаларға алып барып былғары кездеме қылып жасап, баяғы судың иесі шаруаға 4-5  есе артық сатып, екі арада саудагерлер, байлардың қалтасын толтырды. Ақмола, Семей, Алматы, Орал, Ақтөбе сықылды қалаларда 15-20 мың теріні жыл тәулігінде зорға істеп шығаратын кішкентай орындары болғанмен оны ірі кәсіп деп айтуға сыймайды…

1925-1926 жылғы үнем жоспарын 100 процентке апарсақ, соғыстан бұрынғы кәсіп шаруасының 57 процентін орындамақпыз. Бұған қарағанда өлкелік кәсіпорындарының өнімі былайғылардан артық екендігі байқалады. Жергілікті кәсіпорындары 24-25 жылдан бастап өскені сезіледі. Осы күні кәсіпорындардың бұрынғы машина құралдары, үйлері 45%-тен 65 процентке шейін тозған. Тағы бір кемшілік: бұл машиналардың бәрі бұрынғы заманда істелген. Осы күні қай мемлекеттерде де болсын, өнімі мол машиналар шығып, іс істеп жатыр. Олардың қасында біздің ескі машиналарымыздың атты кісінің қасында жаяудай-ақ қуаты бар.

1924-25 жылдан бері бастап тозғандарды бірте-бірте жамап келе жатырмыз. Бірақ, мұнымен көпке баруға болмайды. Сондықтан біздің алдымыздағы бір мықты міндетіміз — осы тозғандарды тез жаңарту. Бұған Орталықтан жыл сайынғы үнем жоспарының орнына келіп отыруына бір мықты шарт, оның ақшасының жетуі (оборотный капитал). Бұл жағынан қарағанда өте жеткіліксіз. Мәселен, Орскідегі алтын заводының жылдық мұқтажын өтейтін ақшасы — 4500 сом. Жылына табатын жалпы сомасы — 42 000 сом. Тері заводтарының жүргізіп отыратын ақшасы 512000 сом болса, жылдық табысы — 2,825,417 сом.

Мінеки, барлық кәсіпорындарының қысқа шкаласы — осы. Бір жылда Қазақстанның кәсіпорындарының өз ақшасы 3 ½ нан 9 ретке шейін айналады. Мұны Орталық губерниялардың кәсіп орындарының ақша халіне қарай сынасақ, мынаны көреміз: Орталық губерниядағы тері заводының ақшасының айналысы 1½ рет, ағаш саудасыныкі 2 ½ рет. Тері құятын  заводтарының артылған жүгінің көптігі, ақшасының өте кемістігі көрінеді.

11) Қолөнер. Кооператив құру. Қазақстандағы ірі кәсіп шаруасынан басқа қолөнер кәсібіне 1925 жылға шейін көңіл қойылмаған. Бұл жөнде 26 жылдан бері қолөнер кәсібін білу ниеті мен жеке шеберлерді артельге жазып, ұйымдастыру жөнінде Қарақалпақ, Ақмола, Сырдарияның екі уезіне адамдар жіберіліп байқалды. Бізде бұл ұйымға жазылған 170 артельдің істеп шығарған заты қанша пайда болса, ондағы жұмыс істеуші 62 мың адамның кәсіп етіп тамақ асырап және өнерінен қалған пайда келтіріп отыруы екінші пайда. Бұл жұмыс басталды. Енді бір жағынан қаз-қаздап жүргізе беру біздің Қазақстан Халық кәсіп шаруашылық мекемесінің және жер-жердегі бөлімдерінің бір мықты міндеті болуы керек. Ірі кәсіпорындарына еңбекті қалай істесек, қолөнер кәсібі де сондай назар салуды тілейді. Бұларға жәрдемші болып отыратын орындар — кооператив, шаруа мекемелері.

Қазақстанда барлық кәсіпорындардағы жұмыскерлердің саны — 10799. Бұл 22-23 жылға қарағанда 729-ға көбейгені. Қазақ жұмыскерлерінің саны қазіргі уақытта 2800 кісі. Жалпы жұмыскерлердің санына қарағанда қазақ жұмыскерлері 25-26%. Бұл да бұрынғы 22-23 жылға қарағанда 2 есе өскендікті көрсетеді. 24-25 жылдан бері қарай өлкелік кәсіпорындарында қазақ жұмыскерлерінің өсуі тәуір. Соңғы айларда Орынбордағы кәсіпорында  қазақ жұмыскерлерінің бұрынғыдан гөрі көбейгендігі көрінеді. Қазақ жұмыскер мәселесінде көбейтуге шаралар қолданған. Бірақ тек көбейту керек деген бұйрықтың жүзеге асқаны шамалы. Соның үшін биылғы апрельдегі кәсіп шаруашылық жиылысында қазақ жұмыскерлері турасындағы қаулы түгелімен орындалуы керек. Ол қаулы мынадай: «Жыл сайын қазақтың жастарынан 50-60 адамнан Орталық губерниядағы кәсіпорындарына іс үйрену үшін жіберіліп отырылуы керек. Міне, сонда ғана іске маман жұмыскер болып шыға алады. Және бізге қара жұмыскер маманы болса болады деп отыруға болмайды. Бізге нағыз білім маманы керек. Соның үшін Қазақстанда жыл сайын орта дәрежелі мектептерді бітіріп шығатын жас азаматтардан Мәскеу, Ленинградтағы жоғарғы өнер мектептерге жіберіліп отыруы қажет. Қазақ жұмыскерлерінің көбеюіне себеп — кәсіпорындарының жанындағы өнерлі мектептерін көбейту. Оған көбіне қазақ жұмыскер жастарынан алу. Бір жағынан, оқытып, екінші жағынан, оқығанын істетіп көрсету. Осы жұмыстарды орындасақ қана жоғарғы мақсаттарға жетуге болады».

Р.S. Ұ.Құлымбетовтің экономика саласындағы  тұжырымдары, әсіресе, шикізатты өндіру мен өңдеуді дамыту жөніндегі жоспарлары бүгінгі күні де өте маңызды.

                                                                                Баян СӘРСЕМБИНА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button