Басты жаңалықтар

Мезгілдің сұранысы — қой басы мен төлбасы

Баға

Ауылдағы ағайынның негізгі табысы төрт түлік десек, қазіргі таңда «қой баққанның» бағасы озып тұр. Пайдасы көл-көсір делінгенмен, жылқы, түйе, ірі қара малдарындай емес, күнұзақ соңында жүретін Шопан атаның тұқымын бағу оңай емес.  Сондықтан жеке тұрғындар болсын, шаруа қожалықтары болсын, қой бағатын адам таппай қиналады. Ал, ерінбей, қыстай саулықтарын туғызып, төлдерін ойдағыдай алған шаруалардың бренді — марқа қазіргі мезгілде үлкен сатылымға ие.

Қыстан шыққан малдың қаны толысып үлгермеген шақта марқа етіне деген сұраныс жоғарылайды. Тез пісетін, дәмі тіл үйіріп жұмсақ болатын жас еттен кәуап, сірне, қуырдақ секілді бірнеше тағам түрі дайындалады. Одан бөлек сыйлы қонаққа, тағы басқа да қажеттіліктерге союға марқадан басқа ыңғайлысы жоқ.

Төл басының қымбаттауы ауыл тұрғындары үшін тиімді болғанымен, қалалықтардың қалтасына салмақ  түсіріп отыр. Мал базарына келген әрбір тұтынушының айтуынша қой  бағасы «ұшынып» тұр.

Қала базарындағы марқаның құны —28-30 мың теңге. Өткен жылғы төл — тұсақ — 35-40 мың теңге болса, қойдың жоғарғы бәсі 50 мың теңгеге жетті.

Мал басының бұлай қымбаттап кетуі сатушылар үшін қалыпты жағдай. Ауылдың өзінде марқаны 25 мың теңгеден кемге бермейді. Ал шаруа қожалықтарынан көтерме бағамен  22-23 мыңға сатып ала аласың.

Марқа еті қазіргі мезгілдің бренді болып тұр. Өйткені соғым еті бітті. Біз мал сатумен тұрақты айналысамыз. Бізге жеткізіп береді немесе өзіміз барып ауылдардан жинап қайтамыз. Ауылдың өзінде марқа қымбат. Бұрынғыдай емес, қазір мал иесі қысылып тұрмайды. Өзі ойлаған бағаларына береді. Ал, бізге барып әкелу шығыны бар. Оны ешкім есептеп жатқан жоқ,— дейді қой сатып тұрғандардың бірі.

Ал, ауылдағылардың да айтар уәжі бар. «Мал бағу оңай шаруа емес. Егер арзанға сатсақ, оның бағу бейнеті өз алдына, 6 ай қыс бойғы шығынын ақтамайды. Мал азығы жыл сайын қымбаттай түсуде. Одан бөлек барлық заттың бағасы күн өткен сайын көтерілуде» дейді.

Орташа марқаның таза етінің салмағы 13-15 келі тартады. Ал орталық базарда ең арзан деген қой етінің бір келісі  1500-1700 мың теңге тұрады. Бәрібір сол баға шығады. Ірі сауда нүктелерінде де ет бағасы сол шамалас. Сондықтан жағдайы жеткендерге бір бас қойды немесе марқаны аяқтай сатып алған тиімді.

Мал базарындағы қойлар түгелге дерлік Ойыл ауданынан келеді. Одан басқа Шалқар, Әйтеке би, Байғанин, Ырғыз аудандары да әкеліп сатады. Базарда әр басқа 100 теңгеден төлейді. Немесе жалға алады.

Ауылдан келгендер малын сенбі, жексенбі күндері түгел өткізіп кетуге тырысады. Бір айтарлығы, ешкім базардағы алыпсатарларға ұрына қоймайды екен.

Бұдан он жыл бұрын сатушылардың көбі қысылып, әкелген малдарын арзанға беріп кететін. Оны базардағы алыпсатарлар алып қалып, ертесіне 5-10 мың теңге қосып қайта шығаратын. Өйткені, оқудың ақшасы, ұл-қыздың тойы, тағы басқа қажеттіліктерге қысылатын. Қазір ондай атымен жоқ. Ауылдан кім келсе де тұтынушыға тікелей сатады. Көлік бәрінде бар. Жол жақсарды. Ал егер өтпесе өздерінің көліктерімен кері алып кетеді. Ешқандай қиындық жоқ. Мал иесі түгел өткізгісі келсе, базар саудагерлеріне көтерме бағамен беріп кетеді. Ал, ауылдан мал жинап келетіндер ондағылардың қатты қысылып тұрғанын көрмейді. Өйткені бәрінің малын қалаған уақытта, қалаған бағаға өткізуге мүмкіндігі бар. Рас, қала тұрғындары еттің қымбат екенін айтады. Бірақ бұл уақытша ғана. Марқаның алды енді жетіліп, жеуге жарап жатыр. Жаздың басында базардағы марқа саны көбейіп, бағасы 5 мың теңгеге дейін түседі, — дейді мал базары әкімшілігі инспекторы Ринат Нұрғалиев.

Оның айтуынша мал базары жем-шөп қоры, арнайы орындар мен мал дәрігерлерімен толық қамтылған. Сатып алған малыңды сол жерде сойып, бұтарлап, бас-сирағын үйтіп беретін қасапшылар да бар. Олардың қызметі бір қойға 2000-2500 теңге. Бірақ бір мәселе жуық арада шешімін таппасы белгілі болды. Ол — қойдың жүні мен терісі. Ешқайда өтпегесін өртеліп күлге айналады.

Сырттан сұраныс жоқ. Ал еліміздегі кәсіпорындардың бәрін бірдей игеруге күші жетпейді. Жүннің сапасы болғанымен тасымалы да тиімсіз. Өзін-өзі өтемейді.

Жергілікті билік әр апта сайын қала, аудан тұрғындарына арнап ауылшаруашылық жәрмеңкесін өткізеді. Бірақ мұнда да бәрібір базар бағасынан арзан болмайды. Жәрмеңкеде бағаны қанша төмендеткісі келгенімен жеке қожалықтар өз бағаларын ұстайды. Қалай болғанда да марқаның бағасы түссе де, ел соғым етіне жеткенше сұранысы жоғалмайды.

Қой бағасының қымбаттауын кейбіреулер облыста қой санының азайып кеткендігінен көреді. Бірақ, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының айтуынша облыста қой саны жыл сайын көбейіп тұр. Облыстың өрісін малға толтыруға облыс әкімі де тапсырма берді. Бұрын шаруа қожалықтары бірінен-бірі алып,  алып-сату облыстың ішінде ғана болса, енді Шопан атаның тұқымын сырттан әкелу көзделді. Өткен жылы өзге облыстардан 15 мың қой сатып алынса, биыл 30 мың қой алу жоспарланған.

Қазір қой етіне шетелден сұраныс жоғары болып тұр. Өйткені Иран, Ресей, тағы басқа елдерге ет экспорттап жатырмыз. Бұл ішкі нарықтағы бағаға әсер етіп қой құнының қымбаттауына алып келді.  Бұл облыс экономикасы үшін басты табыс. Сондықтан қой басын көбейтуіміз керек. Рас, бұрын қой етіне көп сұраныс болмай, оның үстіне бағу бейнетінен қашып, сатып жіберген шаруа қожалықтары бар. Ал, бүгінгі күні қой басын қайта құрап, көбейту қолға алына бастады. Еттің қымбаттауы мал ұстағандар үшін тиімді, әрине. Бірақ қала тұрғындарына қымбатқа түседі. Сол себепті «Табыс» коммуналдық базарында апта сайын жәрмеңке өтеді. Аудандарда да солай. Біз «Табыс» коммуналдық базарынан басқа жерлерге ет бағасына бақылау жасай алмаймыз. Өйткені қой еті әлеуметтік маңызы бар 19 азық-түлік ішіне кірмейді, — дейді облыстық ауыл шаруашылғы басқармасының басшысы Құсайын Сәрсембай.

Жыл мезгіліне қарай әр малдың етіне сұраныс жоғарылайды. Жаз уақытында қой еті тиімді. Қазір облыста төлдер жаппай пісіп жетілді. Әр мал иесі аталық малдарды көптеп сата бастайды. Себебі қой төлі алты айға дейін ғана салмақ қосады. Жаз ортасында қой тұқымының бағасы түсуі ықтимал.

Самат НАРЕГЕЕВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button