Денсаулық

Сібір жарасынан сақ болыңыз!

Сібір жарасы (түйнеме) – зооноз тобындағы жедел жұқпалы ауру. Ол дене қызуының көтерілуімен, лимфа жүйесінің зақымдалуымен және ағзаның ауыр түрде улануымен сипатталады. Сібір жарасы терілік, өте сирек  ішектік, өкпелік  және сепсистік формада өтуі мүмкін.

Сібір жарасын адамға жұқтырушы  — үй жануарлары (ірі қара мал,  қой, ешкі, түйе, шошқа). Адамға аурудың жұғу жолы көбінесе малды сою кезінде терісін шығаруда немесе мал терісін өңдеуде  және бактерияның спораларымен ластанған  тағамдар мен ауызсуын ішіп-жеу кезінде және ластанған топырақты егістікте қолданғанда жұғуы мүмкін.  Ал ауру адамнан адамға жұқпайды.

Сібір жарасы ауруы көбінесе тері жамылғысын зақымдайды, сирек түрде ішкі мүшелерді де зақымдауы мүмкін. Инкубация кезеңінің ұзақтығы терілік формада бірнеше сағаттан 14 күнге дейін, сепсистік формада 6-8 күн. Дененің ашық жерлері зақымдалады.

Лимфа түйіндерінің ұлғаюы болады. 2-3 аптаның соңына қарай қабыршақ түсіп, оның орны тыртыққанады. Карбункулдың ең көп орналасатын жерлері – аяқ-қол, мойын және желке. Жергілікті қабыну процесі кезінде ағзаның жалпы улану белгілері болады. Әлсіздік, шаршағыштық, басының ауыруы, дене қызуы 39-40ºС дейін көтеріледі.

Аурудың бастапқы кезеңіндегі айтылған белгілер байқалған жағдайда науқас немесе оның жақындары оны міндетті түрде ауруханаға жеткізіліп, медициналық көмекке жүгінуі қажет. Дәрігерге дер кезінде қаралғанда және арнайы емдеу шараларын жүргізгенде дерттен толығымен жазылып кетуге болады.

Сібір жарасының ең тиімді алдын алу шарасы — жыл сайын ауруға қарсы егу жүргізу. Ауруға қарсы вакцинаны егу үй жануарлар мен ет комбинаттарында, мал шаруашылығында тұрақты жұмыс істейтіндерге, тері-жүн өңдеуге, тасымалдауға, сақтауға, сұрыптауға, илеуге қатысатын адамдарға егіледі.

Сонымен қатар осы аурудың жұқтырушы көзі ретінде үй жануарларын да бақылауда ұстау қажет. Екпе жүргізу ең тиімді әдіс болғандықтан, жануарлардың барлығын қамтуға тырысқан жөн. Үй жануарларының иелері малдарды екпеге қатыстырмау — дерттің кең етек жайюына себепші болып, мұның салдарынан адамдар сібір жарасына шалдығатынын естерінен шығармаса игі болар еді. Сібір жарасына қарсы вакцина егілгеннен кейін 10 күн ішінде жануар өліп қалса, оның терісін сыдыруға болмайды.

Бұл ауру әр малда әртүрлі айтылады, мысалы, қойда — топалаң, жылқыда — жамандат, ірі қарада — қараталақ, түйеде — ақшелек, қарабез, ал адамда — түйнеме, күйдіргі.

Жалпы жұртшылыққа айтарымыз: мал немесе мал өнімдерін сатып алған жағдайда ветеринарлық бақылаудан өткен, арнайы мал өнімдерін сататын жерге ғана барыңыз. Өз иелігіңіздегі малдың жайына мұқият қарап, оны ұстау ережелерін сақтаңыздар. Аурудың алғашқы белгілері байқалса, дереу шара қолданып, емдеу орындарына қаралу керек.

Мәлік ӘБИЕВ,

Қазақ ғылыми-зерттеу ветеринарлық институты

Ақтөбе филиалының меңгерушісі.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button