Басты жаңалықтар

Ағалар алға жетеледі

Биыл оқырмандардың сүйікті, әр номерін асыға күтетін «Ақтөбе» газетінің шыққанына 85 жыл толатынын жазып та, айтып та жатыр. Газет жайлы сөз қозғалса, ойым шартарапқа кетеді. Сонау жастық шақтарым, Алматыға оқуға барғаным, студенттік өмірім елес береді.

«Кедей» («Ақтөбе») газетінің 4-нөмірінен бастап Абдолла Құлыбеков редакторлық қызметті атқарған екен. «Ақтөбе» газетінің 85 жылдығына байланысты материалдарды оқығанымда сол кісінің бейнесі де көз алдыма тұра қалады. Ол кісіні бірінші де соңғы рет көрдім.

1948 жыл. Ырғыз орта мектебін ұл-қыздары бар қырық бала бітірдік. Емтихан тапсырар алдында мектепке аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Нұрқасым Бердіғұлов келіп, мектеп бітіргелі тұрғындармен жиналыс өткізді. Ауданның экономикалық, мәдени жағдайымен таныстыра келіп: «Оны ілгері дамытатын да, өркендететін де сендерсіңдер. Ол үшін оқу керек, мектеп бітірісімен бәрің де оқуға барыңдар», – деп кеңес берді.

Ағаның бұл ақылын біз бұлжытпай орындадық. Соғыстан кейінгі жағдай ауыр да, қиын болғанмен жоғары, жоғарыдан орта білім болса да, оны алу үшін Алматы, Қызылорда, Ақтөбеге қарай аттандық. Бұл Ырғыз тарихында бұрын-соңды болмаған оқиға еді.

Бір тобымыз Алматыдан шықтық. Әркім өзі қалаған мамандығына қарай жоғары оқу орындарына құжаттарын өткізді. Марабай Кадыралиев, Шобай Бекенов, Шауқат Құрманғалиев және мен Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетіне түсуді ұйғардық.

Шауқат – соғыс ауыртпалығын сезбей өскен әке-шеше ортасындағы жалғыз бала. Әкесі Құрманғали Ырғыздағы күйлі адамдардың бірі болды. Бізден бірер күн соң келді. Олар белгілі аудармашы, «Қазына аралы» кітабын аударған Абдолла Құлыбековтің үйіне түсіпті. Ол кісінің өздеріне қандай қатынасы бар екендігін Шауқат айтып түсіндірді, ырғыздық екен.

1 тамызда емтихан басталады, әзірленіп жүргенбіз. Бірде Шауқат мені Абдолланың үйіне ертіп барды. Ол кезде бұл кісінің біздің облыстық газетке редактор болғанынан хабарым жоқ. Бұрынғы Комсомол көшесі бойындағы М.Горький атындағы саябаққа таяу, оның шығыс жағында ағаштан қиып салынған бір қабатты үйде тұрады екен. Үйге жапсарласа есік алдына биік сәкі салыныпты. Айнала өскен шырмауық сәкіні жағалай қағылған тіреу ағаштарды бойлай үйдің жоғарғы кенересіне дейін жетіп, көлеңке түсіріп тұр. Шағын бөлме тап-таза, ортасына шай ішетін, тамақтанатын үстел қойылған. Аула іші жемістері төгілген ағаштар.

Шауқат шешесімен сөйлесіп, енді кетуге айналғанымызда үй ішінен үстінде пижама, ұзын бойлы, ат жақты, қыр мұрынды, өзін тік ұстайтын, сырт пішіні келбетті, жұқалтақ кісі шықты. Біз қатарласа сәлем бердік.

Жылы жүзді, кішіпейіл екен. Біздерді сөзге тартты. Ырғыздан оқуға келіп жатқан балалардың көптігіне көңілі біткендей: «Талаптары жақсы екен, оқығандары  дұрыс…» деген сияқты әңгімелер айтып отырды. Байқауымша, Шауқат үйінде жатқанымен, онымен әлі сөйлесіп үлгермеген. Жұмысқа ерте кетіп, кеш оралады екен. Күн демалыс болғандықтан әңгіме сұрап жатқан көрінеді.

Әңгімені: «Балалар шай ішейік, дастарқанға жақындаңыздар!» – деген бәйбішесінің үні бұзды.

Бірақ біз үлкен кісімен қатар отырып шай ішуге қысылып, рахметімізді айтып, шығып кеттік.

Міне, мен «Ақтөбе» («Кедей») газетінің алғашқы (редакторларының бірі Абдолла Құлыбековті осылай көріп қалған едім.

Оқуға да түстік. Осы қалада оқығандардың арманы бар ма екен деген әсем қаланың студенті де болдық.

Алғашқы жылғы тіршілігіміз курста лекцияларды тыңдаудан басқа «ауызша газет» деген шығады екен. Ол бір жиналыс сияқты. Әркім тақырып тауып мақала жазады. Олардың арасында бірін-бірі сынау, көшеде, лекцияда, жүріс-тұрысыңда, мінез-құлқыңда байқалған кемшіліктер сөз болады. Жазылған мақалалар талқыға түсіп, пікір айтылады. Ауызша газеттің ой түзетуде, бой түзетуде, мінез-құлқыңды өзгертуде мәні күшті болды.

Үшінші курстан бастап біздерге «Социалистік Қазақстан» («Егемен Қазақстан») газетінде істейтін Әбдуали Қарағұлов, Жекен Жұмақанов, Төлеубай Ыдырысовтардай республикаға белгілі журналистер баспасөз жайында лекциялар оқыды.

Әбдуали Қарағұлов біздерге мақала жаздырып, хат қорыттырып, жазған мақалаларымыздың жетістік, кемшіліктерін көрсететін. Бірде мен жазған мақалаға жылы сөздер айтты.

Ұстаз пікірі мені қанаттандырып жіберді. Мақаланы екі-үш рет қайта жазып шықтым. Бұл 1951 жыл еді, әлгі мақаланы Ақтөбе облыстық «Социалистік жол» («Ақтөбе») газетіне жібердім. Ол газеттің сәуір айындағы нөмірінде екінші беттің сол жағындағы екі бағанаға түгел беріліпті. Студент қой деп ағалар ескерген  болу керек, артынан келген қаламақысы да аз емес.

Ақша студент үшін аса қымбат. Дегенмен мені ақшадан бұрын қуантқаны – тұңғыш мақаламның газетке көлемді боп шыққандығы. Жастығымнан да болар, көңілім тасып бір аптадай жер  үстіне сыймай жүрдім. Ағаларға шексіз алғысымды іштей айта бердім.

1953 жылы университетті бітіргеннен кейін республикалық «Лениншіл жас» («Жас Алаш») газетінің Ақтөбе, Орал, Гурьев облыстарындағы меншікті тілшісі болдым, тұрағым – Ақтөбе.

1954 жылдың 1 қазанынан облыстық «Социалистік жол» газетіне ауыстым. Тұңғыш мақалам шыққаннан бері ыстық көрінетін ағалар ортасына қосылдым. Мұнда меншікті тілші, әдеби қызметкер, бөлім меңгерушісі боп  сегіз жарым жылдай істедім. Мені коммунистік партия мүшелігіне кандидат етіп алған да, партия мүшелігіне өткізген де осы ұжым. Редакцияда жергілікті комитет төрағасы, партия бюросының мүшесі де болдым.

Мен келгенде редакцияда Шауқат Құрманғалиев, Сұлтанғали Кадыров, Таңатар Шанбатыров болды. Кейін заң қызметкері, осы редакцияда ұзақ жылдар жүріп, талай жастарға ұстаз, үлгі болған, құрметті ардагер журналист Мұрат Нұртаев келді. Бірте-бірте біздің қатарымызды Әлходжа Мұхамбетжанов, Әжібек Мәліков, ақын Мұхтар Құрманалин, талантты журналист Сәрсен Жұмағалиев, бүкіл саналы өмірін осы газетке арнаған Кәдірбай Бекмағамбетов толықтырды.

Біздің алдымыздағы аға буындар: редакторымыз Құбаш Қожамұратов, оның орынбасары, кейін редактор болған Смағұл Мұқашев, жауапты хатшылар Әнес Мұхтаров, Лұқпан Жұмабаевтар, бөлім меңгерушілері Хасен Наурызбаев, Дербісалы Ниязбаев, Кәрім Ержанов, Нағашыбай Нұрпейісов, Ғұбайдолла Юсуповтар қилы-қилы кезеңдерде өмірдің ащы-тұщы дәмін тата жүріп шыңдалған, көпті көргендіктерімен, қандай ісімен болса да жастарға үлгі, өнеге көрсете білген жандар еді.

Жасы зейнеткерлікке жетпесе де біздерге кәрі көрінетін (жастығымыз ғой, ол кезде жасы қырықтан асқандарды да шалдар деп, кәрілер санын көбейтіп қоятынбыз) Құбаш ағай үстіне шаң жуытпай, шалбарының қыры сынбай тіп-тіке жүретін. Қыста да жеңіл киінетін. Біздер қалыңдау киінсек: «Жап-жас болып мынауың не?» – деп кейіс білдіретін.

Смагұл ағай алдына барған мақалаларды мұқият оқып, түзеп, ұнаған материал болса, өзіңді шақырып алатын. Бірде фельетон жазғанмын, оқып шығыпты, ұнапты. Шақырып алып: «бүркеме ат қояйық», – деді. «Болсын», – дедім. Өзімнен сұрады. Ойыма ыңғайлы ат келе қоймады. Сәкең аз ойланып отырып, «К.Жалғасов» деп жазды да: «бұл қалай?» – деді. «Өте жақсы», – дедім. Оған разы болдым. Сірә, Сәкең біздің ісіміздің, өміріміздің жалғасы болсын деген-ау деген ой келді. Сонымен, менің бүркеме атым «К.Жалғасов» боп кетті.

Хасен Наурызбаев ағайдың бар оқуы «Ликбез» (сауатсыздықты жою) болған. Ұжымдастыру ісіне белсене араласқан. Үнемі іздену арқылы білімін көтерген. Орыс тіліндегі мақалаларды, «Правданың» бас мақалаларын қазақ тіліне өте шебер аударатын. Қандай материал болса да қолмен жазбай машинисткаға өзі оқып, жаздыратын. Қолмен қағазға жазып отырмайтын. Қазақ тіліне өте жетік, көрген-білгендерін тартымды да, қызықты да етіп айтып отыратын. Партияға өтерімде, кепілдік беріп жатып «Шойдым коммунист бол» деп тілек білдірген аға еді.

Дербісалы аға әңгіме айтпайтын, мінезге бай, өз ісіне мығым, қолынан келгенінше жастарға көмектесетін, қамқорлық жасайтын.

Ғұбайдолла ағайымыз жұмысқа бір минут кешікпейтін, жұмыс аяқталғанда бір минут жұрттан бұрын кетпейтін. Тәртіпті қатаң сақтайтын, ісіне ұқыпты, ешкімнің бетіне қарсы келмейтін кісі болды.

Ал Кәрім аға аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болған, ұжымшар басқарған, партия жұмысына осы облыстық газетте жауапты хатшы боп жүргенде жіберілген. Жас кезінде комсомол жұмысын атқарған. Көрген-білгендерін аңқылдап айтып отыратын.

Ауыл шаруашылығы бөлімін басқарған Нағашыбай Нұрпейісов – бұрын Қызылорда облыстық партия комитетінің идеология жөніндегі хатшысы, Алға ауданында бес жыл редактор болған кісі.

Редакцияның бір үлкендеу бөлмесінде үш бөлімнің қызметкерлері отырады. Орталарында жалғыз телефон, ол қысы-жазы Нәкеңнен босай қоймайды. Нәкең өзі жинаған деректер және тілшілер жазған мақалалармен газет бетінің төрттен бірін, ал үшінші бетті түгел толтыратын. Соларды оқығанда көз алдыңа қыстағы мал қыстату, техника жөндеу, тұқым тазарту, қар тоқтату жұмыстары, көктемде қойы қоздап, қозысы шулайтын, жазда өрісі төрт түлік мал қаптайтын ауыл, күзде кең далада жайқалған егінді жинап, астықты мемлекетке жөнелтіп жатқан диқандар, көмекке келген қала адамдары келетін. Қауырт, тынымсыз еңбек дүбірі естіліп жатқандай болатын.

Газетте тың және тыңайған жерлерді игеру жолдары, тыңға келушілерді қарсы алу, орналастыру, олардың тыныс-тіршілігі үнемі жазылатын. Тың қаһармандары туралы очерк, суреттемелер берілетін.

Ауданға редактор болып дербес жұмысқа келгенімде ағалар ортасында, газет көтерген мәселелерге қатыса жүріп, көп нәрселерді үйренгендігімнің, қасиетті қара шаңырақтың қазанында қайнап шыққанымның пайдасы тиді. Редакция ұжымын басқаруда, адамдармен жұмыс істеуде ағалардан көргенімді жасадым.

Аудандағы жұмыстың қиындығы бейнеті басынан асатын екі тілдегі газетті уақытында шығару ғана емес, одан да зор екен.

Отыз бір жылдай редактор, ұзақ жылдар аудандық кеңестің депутаты, аудандық партия комитетінің мүшесі бола жүріп бәрін көрдім, бәріне төздім. Осы жылдардың бәрінде ауданның бірінші хатшысы орыс ұлтынан болды. Төрт хатшымен істес болдым.

Михаил Емельянович Милов жұмыста өзін де аямайтын, өзгелерге де талабы күшті, айтқанын істетпей қоймайтын, жұмысыңды білсең, адал болсаң, оны бағалай білетін басшы еді. Редактор боп жеті жылдай істегеннен кейін ол мені аудандық партия комитетінің бюро мүшелігінің құрамына өткізді.

Ауданның өзге басшыларына да, шаруашылық, өнеркәсіп жетекшілеріне де рахмет. Олардың да маған деген көзқарастары түзу болды.

Ауданның еңбек озаттары марапатталып жатса, мен де қалған емеспін. «Құрмет белгісі» орденінің иегерімін, бірнеше медаль, социалистік жарыс жеңімпазы белгілерімен, грамоталармен марапатталдым.

Осының бәрі қандай абыройға ие болсам да, бір кезде тұңғыш керегесін жайып, уығын шаншып, қасиетті қара шаңырақты көтергендердің бірі Абдолла Құлыбековтей ағалардың ісін жалғастырған ұстаздарымнан алған үлгінің, өнегенің жемісі деп білемін.

Ел басшысы Н.Ә.Назарбаев халыққа Жолдауында: «Қазір БАҚ адамдары үшін қиындықты қалай еңсеруге болады. Мынадай қиын кезде қалай аман қаламыз, қалай төтеп береміз деген мәселелерде «кеңесші ретінде көрінуі тиіс», – деді.

Газет ұжымын келе жатқан айтулы мерекемен құттықтай отырып, қаламгерлерге жүктелген осындай зор жауапкершілікте шығармашылық шабыт, нық денсаулық, бақыт тілеймін.

Көбжан ЖАЛДЫБАЕВ,

Алға ауданының құрметті азаматы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button