Ақтөбе — 150Мәдениет

Туған жерге ән шашуларын арнады

Ғ.Жұбанова атындағы облыстық филармонияның 75 жылдығы және Ақтөбе қаласының 150 жылдығы аясында «Ақтөбем — алтын бесігім» атты мерекелік концерт өтті. Кешке Ақтөбе өңірінен шыққан, еліміздің сахналарында өнер көрсетіп жүрген белгілі әншілер қатысып, жерлестеріне көтеріңкі көңіл күй сыйлады.

Кеш шымылдығын «Достық сазы» фольклорлық ансамблі ашты. Сондай-ақ шарада Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері Есенгелді Ырза, халықаралық және республикалық байқаулардың лауреаты Жадыра Арыстанова, Венера Алпысбаева, Мирас пен Құралай Бекжановтар, «Үміт» сыйлығының лауреаты Саламат Мұқашев, эстрада жұлдыздары Асхат Тарғын, Есет Сәдуақасов сынды ақтөбелік өнерпаздар туған елдің тойына деген құттықтауларын әсем әндерімен жеткізді.

Кеш барысында Ақтөбе қаласының әкімі Ілияс Испанов өңірдің өнерлі перзенттеріне жылы лебізін арнап, зор ризашылығын білдірді. Бірқатар Ақтөбе қаласының құрметті азаматтарына, сондай-ақ кешке қатысқан өнер иелеріне «Ақтөбе қаласына — 150 жыл» мерекелік төсбелгілері мен кәдесыйларын табыс етті.

— Бүгін біз үшін қуанышты күн. Көңілімізде елге деген ерекше сағыныш, толқу сезімі бар. Туған қаламыздың мерейтойына ән шашуымызды ала келдік. Жерлестеріміз жылы қабылдап, ыстық ықыластарын білдіріп жатыр.

Мен қазіргі таңда Алматы қаласында Абай атындағы мемлекеттік опера және балет театрының әншісімін. Италян тілінде, «Қыз Жібек», «Абай» опералары секілді қазақ спектакльдерінде өнер көрсетіп жүрмін.

Ақтөбеде болып жатқан қуанышты жаңалықтардан хабардар болып отырамыз. Мұндағы мерекелік шараларға да барынша атсалысуға әрдайым дайынбыз, — деді Венера Алпысбаева.

Сондай-ақ кеште әнші Есенгелді Ырза өнер көрсетіп, жерлестерін мерейтоймен құттықтады.

— Мен Ақтөбе қаласында туып-өсіп, Ахмет Жұбанов атындағы Ақтөбе музыкалық колледжінде, кейіннен Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясында білім алдым. 20 жылға жуық уақыттан бері өнер жолында келемін. Жерлестерімізге жиі келіп, осындағы концерттерге қатысып тұрамын. Бүгін, міне, туған қаламыздың 150 жылдық мерейтойына ән шашуымызды ала келдік. Сұлу шаһарымыз одан әрі гүлденіп, өркендей берсін, — деді ол.

Кеш шымылдығы өнер жұлдыздарының орындауындағы «Құтты мекен — Ақтөбем» әнімен жабылды.

Ақбота ҚАЛДЫБЕК.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button