Мереке

Құрметті Ақтөбе тұрғындары! Қадірлі жерлестер!

Бүгін біздің тамаша да сүйікті қаламыздың іргестасы қаланғанына 150 жыл толып отыр.

Тарихтың белгілі бір кезеңін қамтитын осы бір жарым ғасырлық уақытта Ақтөбе талай сынақты жолдан өтті. Өзінің ілгері даму барысында бірнеше дәуірді бастан өткерді, бүгінгі күні Батыс Қазақстанның дамыған инфрақұрылымы бар ірі өнеркәсіптік, мәдени, білім беру, спорттық және медициналық орталығына айналды.

Тұрғын үй және әлеуметтік құрылыстың жоғары қарқыны, экономиканың әртүрлі салаларының жедел дамуы және ауқымды әлеуеттер біздің қаламызды еліміздегі төрт агломерацияның бірі ретінде тануға мүмкіндік берді.

Ақтөбенің келешегі кемел, мүмкіндіктері зор. Алайда қаланың ең басты байлығы — оның адамдары. 150 жылдық жолда еліміз бен қаламыздың тарихына енген көптеген тамаша тұлғалар Ақтөбенің даңқын арттыра түсті. Ақтөбеліктердің жаңа буыны сүйікті қаламыздың келбетін көріктендіруге лайықты үлестерін қосуда.

Ақтөбенің 150 жылдығы құрметіне көптеген шаралар жоспарланып, жүзеге асырылуда. Бұл игілікті істер алда да жалғасын табатын болады, өйткені, биылғы жыл тұтасымен біздің сүйікті қаламыздың мерейтойы аясында өтпекші.

Ал мерейтойдың өзі, әсіресе, жастарымыз үшін тарихымызды тереңдеп танып, оның жаңа беттерін жазуға, қаланы бұрынғыдан да әсем әрі көрікті етуге берілген бір жақсы мүмкіндік.

Барлық ақтөбеліктерді мерекемен шын жүректен құттықтап, барлығыңызға мықты денсаулық, отбасы бақытын, игіліктер мен бейбітшілік, табыстар тілеймін.

Біздің сүйікті қаламыз алда да көркейіп, бұрынғыдан да әсем шаһарға айнала берсін!

 

Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын ОРАЗАЛИН.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button