Ақтөбе — 150Басты жаңалықтар

Облыс әкімі сквердің құрылысымен танысты

Кеше облыс әкімі Оңдасын Оразалин бастаған топ Әлия Молдағұлова даңғылы бойында салынып жатқан сквердің құрылысымен танысты. Ақтөбе қаласының 150 жылдығына тарту ретінде Шалқар ауданы салып жатқан жаңа сквер шілде айында пайдалануға берілмек.

Құрылыс алаңында облыс басшысына Ақтөбе қаласының әкімі Ілияс Испанов Ақтөбе қаласының 150 жылдық мерейтойына тарту ететін 12 ауданның арнайы жобаларын таныстырды.

— Бұл аумақ Шалқар ауданына тиесілі. Ауданның кәсіпкерлері мен демеушілерінің қолдауымен бүгінде бұл жерде сквер салынып жатыр. Оның жалпы аумағы — 13 мың шаршы метр. Бұл жерде тұрғындардың демалуына, балалардың ойнауына барлық жағдай жасалады. Сквер аумағына көгалдандыру, абаттандыру жұмыстары жүргізіледі. Сол сияқты күзге дейін облыстың барлық аудандары өздеріне белгіленген аумақтарға көгалдандыру, қалпына келтіру және скверлер салу жұмыстарын жүргізбек. Жалпы мерейтойға арналған шаралар 28 мамырда басталады. Ал аудандар тарту ететін жобалар тамыз айының аяғына дейін аяқталуы керек. Осы жерде айта кететін жайт, бүгінде қаланы көгалдандыру жұмыстарына тұрғындар мен еріктілер атсалысып жатыр. Мәселен, жуырда құрылған «Актобе, дыши!» еріктілер қозғалысының жетекшісі Евгений Лазарчук бастаған топ саябақтар мен скверлердегі ағаштарды суару, күту жұмыстарына өз көмектерін беріп, халықтық бақылау ұйымдастыруда. Алдағы уақытта біз осы қозғалыс жастарымен бірге көгалдандыру, арықтарды тазарту, оларға су толтыру, тағы басқа мәселелерді шешуде бірге жұмыс жасаймыз, — деді қала әкімі.

Әлия Молдағұлова даңғылындағы «Тайқазан» мейрамханасы аумағында салынып жатқан сквердің құрылысы 22 мамырда басталған. Сквердің жобалық-сметалық құны —  40 млн теңге. Мердігер ұйым — «Темірлан Назаров» жеке кәсіпкерлігі.

Сквердің жалпы аумағы — 13 мың шаршы метр. Оның ішінде 2600 шаршы метрге брусчатка төселсе, 10500 шаршы метрге көгалдандыру және абаттандыру жұмыстары жүргізіледі. Сондай-ақ скверге орындықтар, күркелер орналастырылып, жан-жағы жарықтандырылатын болады. Сквердің ортасына балаларға арналған ойын және воркаут алаңдары, субұрқақ жасақталады. Лэд-экран қойылып, «Шалқар» деген арнайы жазу орналастырылады. Ал көгалдандыруға келсек, сквердің екі жағына әртүрлі тал егеміз. Ағаштарды дайын күйінде әкеліп отырғызамыз, — дейді мердігер ұйым басшысы Т.Назаров.

Құрылыс алаңында облыс әкіміне Ақтөбе қалалық жер қатынастары, сәулет және қала құрылысы бөлімі басшысының орынбасары Әлібек Серікбаев қазіргі таңда Алға және Шалқар аудандары ғана белгіленген аумақтарда жұмыс жасап жатқанын, ал қалған аудандар өз жобаларына конкурс жариялағанын жеткізді.

— Бүгінде Алға ауданы «Мәңгілік алау» ескерткішінен Тургенев көшесіне дейінгі аумаққа қайта қалпына келтіру жұмыстарын жүргізіп жатса, Мұғалжар ауданы Жеңіс даңғылындағы скверді қайта қалпына келтіру үшін дайындық жұмыстарын бастап кетті. Сондай-ақ алдағы уақытта Хромтау ауданы Әбілқайыр хан даңғылындағы сквер мен орталық саябақ аумағын қайта қалпына келтірсе, Әйтеке би, Ырғыз, Қарғалы, Байғанин, Ойыл, Темір, Мәртөк аудандары қала орталығындағы Есет батыр, Бөкенбай батыр, Сәңкібай батыр көшелері мен Әлия Молдағұлова даңғылындағы гүлзарлар мен көшелерді көгалдандырып, абаттандыру жұмыстарын жүргізеді. Ал Қобда ауданы Едіге батыр даңғылын абаттандырып, Едіге батырдың ескірткішін тұрғызады, — деді ол.

Сквердің құрылысымен жан-жақты танысқан облыс басшысы жауапты тұлғаларға тапсырмалар жүктеп, барлық жұмыстар қатаң бақылауға алынуы керектігін ескертті.

— Қаламыздың көркейіп, әсем болғаны біз үшін маңызды. Сондықтан бұл басталған жұмыстарды қатаң бақылауда ұстау керек. Жоспар бойынша жобалар белгіленген уақытында аяқталуы қажет. Әрине, құрылыс жұмыстарын сәл кештеу бастап жатырмыз, дегенмен мердігер ұйымдар жүктелген міндетті сапалы, жауапкершілікпен орындауы керек. Ақтөбе қаласының 150 жылдығына арналған шаралар, негізінен, 28 мамырда басталады. Ал жолдарды жөндеу, абаттандыру, басқа да жұмыстарды күзге дейін жалғастырамыз. Ең бастысы, құрылыс жұмыстарын жүргізгенде өсіп тұрған ағаштар мен талдарды сақтап қалуымыз керек.

Мерейтой қарсаңында белсенді жастардың қаланың көркеюіне атсалысып, жанашырлық танытуы көңіл қуантады. Сондықтан бұл жұмыстарға алдағы уақытта тұрғындар да, қала жастары да белсене қатысып, қаламыздың дамуына, гүлденуіне ерекше үлес қосуы керек, — деді О.Оразалин.

Данагүл ҚАЗИХАН.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button