Басты жаңалықтар

Ақтөбеде «Әскери керней» байқауы өтті

Конкурс

Ақтөбе қаласындағы №6655 әскери бөлімінде «Батыс» өңірлік қолбасшылығы әскери бөлімдерінің әскери оркестрлері арасында Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы Бас қолбасшысының жүлдесі үшін VIII «Әскери керней» байқауының іріктеу кезеңі өтті.

Өңірлік кезеңге Орал, Ақтау, Атырау және Ақтөбе қаласының әскери бөлімдері қатысты.

Байқаудың ашылу салтанатынан соң 4 әскери бөлімнің оркестрлер шығармашылық ұжымы саптық алаңда байқаудың талаптары бойынша өнерлерін ортаға салды. Саптық алаңдағы іріктеуде әскери оркестрлердің үрлемелі аспапта орындаушылық шеберліктері, композиторлық қабілеттері және саптық көркемдігі ескерілді. Қазылар құрамында Нұр-Сұлтан қаласынан келген Ұлттық ұлан бас басқармасы әскери қызметінің өкілі, Ақтөбе қаласы әкімінің эстрадалық-үрлемелі оркестрінің көркемдік жетекшісі Сәкен Еркеғұлов пен Ғ.Жұбанова атындағы Ақтөбе облыстық филармониясының камералық оркестрінің көркемдік жетекшісі және дирижері, ҚР Мәдениет саласының үздігі Әлімжан Ермекбаев болды.

Биыл 8-рет өткізіліп отырған «Әскери керней» байқауының іріктеу кезеңінде Атырау қаласының №5546 әскери бөлімі қазылардың шешімімен бірінші орынға ие болды. Еліміздің төрт өңірінде өтіп жатқан іріктеу кезеңінің алғашқы үздіктері біріктіріліп, оркестр құрамы толықтырылып, Нұр-Сұлтан қаласында өтетін Ұлттық ұланның Бас қолбасшысының жүлдесіне арналған халықаралық байқауға қатысады. Оған Қытай, Монғолия, Ресей Федерациясы, Белоруссия, тағы басқа елдерден қатысушылар шақырылды, — дейді Ұлттық ұлан «Батыс» өңірлік қолбасшылығы тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмысы басқармасының бастығы, полковник Болат Смағұлов.

Бүгін «Әскери керней» байқауына қатысқан бөлімдердің әскери оркестрлері ҚР тұңғыш Президенті атындағы саябақта жергілікті уақытпен кешкі 20.00-де қала тұрғындарына өнерлерін ұсынбақ.

Самат НАРЕГЕЕВ.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button