Жаңалықтар

Цифрландыру бойынша жұмыстарды жандандыру тапсырылды

Бейсенбі күні облыс әкімі Оңдасын Оразалин «Қазақтелеком» АҚ басқарма төрағасы Қуанышбек Есекеевті қабылдады. Жиынға «Қазақтелеком» АҚ-нан өзге,  денсаулық сақтау, білім беру саласының мамандары, ішкі істер департаментінің өкілдері қатысты.

«Қазақтелеком» АҚ басқарма төрағасы өткен жылы «Жол картасы» бойынша атқарылған жұмыстармен таныстырды. Алайда, облыс басшысы кейбір мектептердегі интернет жұмысын сынға алды. Себебі, информатика сыныптарындағы интернет жұмысы — төмен деңгейде.

Сонымен қатар, кездесу барысында білім беру, денсаулық сақтау, қоғамдық қауіпсіздік және мемлекеттік басқару саласында цифрландыруды одан әрі енгізу бойынша жоспарлар талқыланды. Облыс әкімі Оңдасын Оразалин Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасының өңір үшін маңызды екенін айтты.

«Қазіргі таңда біз үшін облыстың барлық білім беру және денсаулық сақтау нысандарын жоғары жылдамдықты интернет желісімен қамтамасыз ету міндеті тұр. Қала және облыс тұрғындарының тіршілігін жеңілдететін жаңа технологияларды енгізуге тырысудамыз. Облыс әкімдігі аймақты одан әрі цифрландыруға бағытталған «Қазақтелеком» АҚ-ның ұсыныстарын  қолдайды», — деп атап өтті  облыс әкімі Оңдасын Оразалин.

Айтып өтейік,  2018 жылы облыстың 4 ауылында (Пригородное, Қарғалы, Мұғалжар, Жамбыл) талшықты-оптикалық байланыс желілерінің құрылысы аяқталып, нәтижесінде 11 мемлекеттік мекеме интернет желісіне қосылған. Білім беру нысандары үшін 135 км ТОБЖ салынып, 151 мектеп жоғары жылдамдықты интернетпен қамтылды, жабдықтарды жаңғырту аясында Интернет жылдамдығы 276 мектепте артқан болатын.

Денсаулық сақтау нысандары үшін 116 км ТОБЖ құрылысы жүргізіліп, 56 медициналық мекемеге жоғары жылдамдықты интернет берілді, онымен қоса, радиокөпір орнату арқылы — 7, ADSL технологиясы бойынша 38 медициналық мекеме үшін интернет жылдамдығы ұлғайтылған. Жиын барысында ағымдағы жылға арналған екі жақты ынтымақтастық мәселелері бойынша «Жол картасына» қол қойды. Аймақ басшысы кездесу соңында  жауапты мамандарға  жұмысты  жандандыруды тапсырды.

 Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button