Басты бет » Жаңалықтар » Қайсар жандардың қуанышы

Қайсар жандардың қуанышы

Кеше «Ақтөбе қаласының сал ауруына шалдыққан азаматтарды қолдау қоры» қоғамдық бірлестігінің 20 жылдығына орай салтанатты жиын өтті. Мүмкіндігі шектеулі жандарды облыс әкімі Оңдасын Оразалин, еліміздің өзге өңірлері мен Ресей Федерациясындағы жанашырлары, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, ұзын саны 200-ге тарта адам құттықтап келді.

Дәстүрге айналған «Біз біргеміз!» әлеуметтік акциясы аясында өткізілген шара «20 жарқын жыл» деп аталды. Келушілерге алдымен орталықтың бүгінге дейін жеткен жетістіктері, белсенді өкілдері жайлы мәліметтер қамтылған көшпелі көрме таныстырылды. Мақсат — қоғамдағы әлеуметтік мәселелерді шешуде ұйымдардың маңызын түсіндіру, соның ішінде «Ақтөбе қаласының сал ауруына шалдыққан азаматтарды қолдау қоры» қоғамдық бірлестігінің осынау қуанышын көпшілікпен бірге атап өту.

— Қоғам болғандықтан, проблема болмай тұрмайды. Өмірде әртүрлі жағдайлар кездеседі. Сондай қиындықтарға мойымай, керісінше жігерлілік танытып, ағысқа қарсы жүзу кез келген адамның қолынан келмейді. Міне, сол еліміз еңсесін енді тіктеген жылдары құрылған қоғамдық бірлестік әрдайым белсенділік танытып, қиын-қыстау жылдары да өзінің бағытынан айныған жоқ. Бүгінде ұйым барлық қиыншылықты жеңіп шықты.

Былтыр Елбасының өзі Құралай Базарбайқызының еңбегін ерекше бағалап, Қазақстанның Еңбек Ері атағын беруі көп нәрсені аңғартады. Сіздердің қозғалыстарыңыздың талай игі істерімен өзгелерге үлгі көрсетіп келе жатқаны сөзсіз, — деген Оңдасын Сейілұлы қоғамдық бірлестіктің 20 жылдығына тарту ретінде олар отыратын ғимараттың бүкіл компьютерлік жабдығын жаңартып беретінін айтты. Ал осы топтағы рухы мықты спортшылар өз кезегінде облыс әкімін қоғамның  «Ақтөбе облысының құрметті спортшысы» медалімен марапаттады.

Аталған бірлестіктің төрайымы, Қазақстанның Еңбек Ері Құралай Байменова:

— Бір топ мүмкіндігі шектеулі жастар, бастамашыл топ болып бірігіп, осыдан 20 жыл бұрын қоғамдық бірлестік аштық. 1999 жылдың 20 мамыр күні құрылған ұйымға әуелі «Ақтөбе қаласының сал ауруына шалдыққан азаматтарды қорғау қоғамы» деген атау берілді. Қазірде «Ақтөбе қаласының сал ауруына шалдыққан азаматтарды қолдау қоры» қоғамдық бірлестігі деп аталамыз. Бүгінде 1200 адам мүшелікке енген.  

Қоғамдық ұйым аз қамтылған, мүгедек азаматтардың көптеген мәселелерінің шешімін табуына өз септігін тигізіп келеді. Біздің жанымыздан құрылған

«Достық. Адалдық. Рақымшылық» ұранымен «Д.А.Р.» волонтерлар клубы да жемісті жұмыс істеп жатыр. «Инватакси» қызметі де бар. Бүгінге дейін «Ақтөбе қаласының сал ауруына шалдыққан азаматтарды қолдау қоры» қоғамдық бірлестігінде мүгедектігі бар азаматтарға арналған 100-ден астам әлеуметтік-маңызды іс-шаралар мен акциялар, жобалар ұйымдастырылды, — деп атап өтті.

Бұл кеште мүгедектігіне қарамастан, ана атанғандар, спортта биік белестерді бағындырғандар, олардың қоғамдық көмекшілері, жер-жерден келген жанашырлар да сөз алып, өздерінің жүрекжарды лебізін білдірді.

Салтанатты жиын бір топ қайсар жанның орындауындағы «Мен өмірді сүйемін» әнімен тәмамдалды.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*