Басты жаңалықтар

Димашты 25 жасымен құттықтады

24-мамыр — Димаш Құдайбергеннің туған күні. Қазақстан өз алдына ғой, әлемнің қай түкпіріне барсаңыз да, өнерді сүйетін қауым оны жарнамасыз, анықтауышсыз-ақ таниды. Оны дүниенің әр түкпіріндегі фанаттар өнер әлемінің Ди ханзадасы деп атайды.

Әлем үшін Димаш Қазақ еліне — Ұлы Далаға ашылған терезе болды. Ұлтты сүюді, ол үшін қалтқысыз қызмет етудің үлгісін көрсетті Димаш. Ол осы ғасырдағы кәсіби өсуді арзан эротизммен алмастырған эстрадаға жол беріп алған музыка әлеміне тазалық пен кәсібилікті, бекзадалық пен жоғары талғампаздықты алып келді. Оны әлемнің мықты деген өнер майталмандары «Құбылыс» деп атады. Қытай поп-музыка корпорациясының басшысы Фу Линнің пікірінше,  вокал өнерінде техниканың үш деңгейі, яғни жай техника, супер техника және адам қабілетінен тыс техника болса, Димашқа соның соңғысы тән…

Димаш пен музыка бүгінде қатар ұғым болып кетті. Ол кішкентай кезінен қазақтың атын әлемге танытуды армандады. Оның 5-6 жасында жергілікті телеарнаға берген сұхбаты, томпиып отырып: «Мен Қазақстанды әлемге танытқым келеді», — деп айтқан сөзі әлемді шарлап кетті. Сол періштенің бүгінде айтқаны айдай келді: біздің ханзада қазағын әлемге танытты. Димаш деген есім қазақтың брендіне айналды. Оның миллиондаған жанкүйері Димаштың әндері мен оның берген сұхбаттарын түпнұсқада тыңдау үшін, жақсырақ түсіну үшін қазақ тілін үйрене бастағандарын жарыса жазып жатыр. Ол қазақ тілінің беделін өсіріп, мәртебесін тасытты. Ол қазақ домбырасын әлемнің ең мықты сахналарына алып шықты. Ол қазақ әндерін ең әйгілі сарайларда шырқады. Ол екінші мүшелге толғанша дүниежүзінің ең мықты деген санхаларында концерттерін берді.

Маусым айында төрткүл дүниенің назары ел астанасына ауады: елордада өтетін концертке 96 мемлекеттен 12 мың шетелдік келмек! Бұл — бұған дейін ешкім алмаған «Қазақ туризмінің елшісі» мәртебесі Димашқа бекер берілмегеніне тағы бір дәлел…

Димаштың туған күні миллиондаған фанаттары үшін ерекше күн. Оны Димаштың өзі «Dears» деп атайтын жанкүйерлерінің планетаның әр түкпірінен жазып жатқан құттықтаулар айқындайды.

Димашты жерлестері де жарыса құттықтап жатыр. «Достар, бүгін вокалдық өнерде теңдесі жоқ талант иесі, бүкіл әлемді өнерімен бағындырған біздің ерекше дарынымызды туған күнімен құттықтағым келеді! Димаш Құдайберген, алтыным, Сізді ұлы болашақ және әлемдік сахналар күтіп тұр. Бүкіл әлем бірегей өнеріңді бағалап, бас иіп, құрметтегенін қалаймын», — деп жазыпты Мәдениет және спорт министрі А.Мұхамедиұлы. Әлеуметтік желілерде құттықтаулар тұнып тұр.

Ал Димаштың өзі 25 жасын атап өту үшін Ақтөбесіне — ата-анасының, бауырларының қасына келді. Біз де Димашты туған күнімен құттықтап, оның жетістіктеріне, жеңістеріне тілеулес екенімізді білдіргіміз келеді!

 

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button