Жаңалықтар

Науқан нәтижелері: 586 өтініш, 1731 шара

Брифинг  

Nur Otan партиясы облыстық филиалында өткен брифингте сайлау науқанының алғашқы екі аптадағы нәтижелері айтылды.

Президенттікке үміткер Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ақтөбе облыстық қоғамдық штабының басшысы Сәния Қалдығұлова атқарылған жұмыстарды хабарлады. Сондай-ақ, брифингке үміткердің сенімді өкілі  Келдібай Есмағанбетов, партияның «Жас Отан» жастар қанатының жетекшісі Асылжан Бүркіталин қатысты.

Қазір облыста 14 штаб құрылып, бұл жұмыстарға  500-ден астам адам жұмылдырылды.  Олардың көпшілігі сайлау науқанында тәжірибесі мол әрі облысқа  танымал партияластарымыз. Кандидат Қасым-Жомарт Тоқаевты қолдау жөніндегі үгіт-насихат жұмыстары 11 мамыр күні сағат 18.30-дан басталған болатын. 12 мамырдан бастап кандидаттың қоғамдық қабылдау бөлмелері жұмыс істей бастады. Сөйтіп, азаматтардың өтініштерін жедел қолға алуға, халық қойған мәселелерді барынша тез шешуге мүмкіндік беретін команда құрылды.  Үміткердің қоғамдық қабылдауларында телефон қоңыраулары, сайлаушылардың өтініштері, ұсыныстары мен тілектері қабылданып, талдау жүргізіледі. Түскен өтініштердің барлығы талданады. Осы күнге дейін 126 қабылдау жүргізіліп, 586 өтініш қабылданды, — деді Сәния Қалдығұлова.

Штаб мүшелерінің айтуынша, 8152 адам қатысқан «Birge» науқанының барысында халық өз ұсыныстарын, тілектерін ұсынып, парақшаларды толтырыпты. «Үгіт-насихат өткізу кезеңінде ең танымал әлеуметтік желілер арқылы ақпараттық материалдарды жеткізудің түрлі формалары қолданылады. Бүгінгі күні сайлау комиссиялары 1184 сенімді өкілді тіркеді», — деді штаб басшысы.

С.Қалдығұлованың айтуынша, облыста 11-23 мамыр аралығында 62104 адамды қамтыған 325 іс-шара өткізілген.  Сонымен қатар үміткердің сенімді өкілдері

104 069 адамды қамтыған 1731 шара ұйымдастырыпты.

Брифингте штаб мүшелері үгіт кампаниясы кезінде үш мыңға жуық адамнан тұратын түрлі мамандармен кездесу жоспарланып отырғанын айтты.

Сайлау науқанының бүкіл кезеңі үш шартты үгіт-насихат толқынына бөлінді. 11-21 мамырдағы алғашқы толқын «Халыққа қызмет ету!» деп аталды. Оның басты мақсаты — үміткердің ақпараттық және саяси бастамаларын ұсыну және кандидатты таныстыру. Екінші насихат толқыны 22 мамырда басталып, 31 мамырға дейін жалғасады. «Мен халықтың даналығына сенемін» атауымен басталған шараның мақсаты — толық үстемдік. Біз екінші насихат толқыны аяқталғаннан кейін нәтижелері туралы хабардар етеміз, — деді С.Қалдығұлова.

Асылжан Бүркіталиннің айтуынша, қоғамдық штаб жанынан жастар арасында үгіт-насихат жұмыстарын жүргізетін «Жастар қанаты» құрылған. Олардың бастамасымен «Birge» науқанының жастар нұсқасындағы «Бес арманым» акциясы ұйымдастырылыпты. Бүгінде бұл акцияға қатысқан жастар өз кандидаттарына ұсыныстарын ұсынуда. Қазірдің өзінде жастар тарапынан 200 ұсыныс түсті.

Штаб мүшелері науқан барысында әртүрлі мақсатты топтардың ерекшеліктерін ескере отырып, халықпен үш мыңға жуық кездесу өткізу жоспарланып отырғанын айтты. Брифинг соңында штаб мүшелері 9 маусым күні облыстың әрбір тұрғыны сайлауға қатысып, ел болашағы үшін лайықты үміткеріне дауыс беретініне сенім білдірді.

Арайлым НҰРБАЕВА.  

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button