Денсаулық

Дәрі-дәрмек дәрігердің  рецептімен ғана сатылады

Брифинг

Былтыр ҚР Денсаулық сақтау министрінің дәрілік заттарға «Рецептілерді жазу, есепке алу және сақтау қағидаларын бекіту туралы» бұйрығына өзгерістер енгізілді. Осыған сәйкес, дәрігердің жазып берген рецепті үш жылға дейін дәріханада сақталады. Денсаулыққа кері әсері көп дәрі-дәрмектер рецептісіз сатылмайды. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз жиынында  ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Фармация комитетінің Ақтөбе облысы бойынша департаментінің басшысы Ринат Құбатаев айтты.

Қазіргі күні елімізде 7792 дәрілік зат тіркелген. Оның ішінде 6033 дәрілік препарат дәрігердің рецептісі бойынша берілсе, 1759 түрі рецептісіз сатыла береді. Облыс бойынша дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың бөлшек саудасымен  368 дәріхана айналысады. Ринат Құбатаевтың айтуынша, алдағы уақытта дәріханалардың жұмысы қатаң бақылауға алынады. Егер дәріханада  дәрі-дәрмек рецептісіз сатылатын болса, «ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы» кодекстің 426-бабы бойынша дәріхана қызметкерлері жауапқа тартылады. Жеке тұлғаларға — 70, лауазымды адамдарға — 100, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне — 100, орта кәсіпкерлік субъектілеріне — 200, ірі кәсіпкерлерге 1000 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл салынады. Сондай-ақ рецепт арнайы параққа жазылмаса, препараттың атауы нақты көрсетілмесе, дәрігер де айыппұл төлейді. Егер қателік бірнеше рет қайталанатын болса, маман сертификатынан айырылады.

Дәріханада микробқа қарсы және гормональды препараттар, құрамында есірткі, психотроптық заттары бар дәрілер, жүрек-қан тамыр және асқазан-ішек жолдары ауруларын емдеуге арнаған дәрі-дәрмектер рецепт бойынша сатылуы тиіс. Ал иод секілді сыртқы қолдануға арналған дәрілік заттар рецептісіз беріледі.

Жиында медицина ғылымының докторы, профессор, ҚР Ғылым академиясының академигі Раиса Көзденбаева елімізге келетін әрбір дәрі-дәрмек қатаң тексерулерден өтетінін айтты.

—  Көпшілік дәрілерді рецептісіз сатып алудың қаншалықты қауіпті екенін білмейді. Кез келген медициналық препараттың пайдасы мен зияны қатар жүреді. Әрбір ішкен дәрі-дәрмек бауыр мен бүйрекке зиянын тигізеді. Қандай да бір дәрінің қорабын мұқият оқитын болсаңыздар, кері әсерінің қаншалықты көп екені жазылып тұрады. Сондықтан дәріні дәрігердің ғана  нұсқауымен қабылдаған жөн, — деді ғалым.

Көпшілік дәрі қабылдау кезінде салғырттық танытады. Егер дәріні нұсқаулықта көрсетілген мерзімде ішпесең, оның пайдасынан зияны көп болады. Сондай-ақ балаларға берілетін дәрі-дәрмектерге қатысты да проблема көп. Олар көп жағдайда арнайы мөлшермен сатылмайды. Ал бұндай дәрілерді рецептісіз қолдану бала өміріне қауіпті. Мәселен, Германия дәріханаларында дәрі-дәрмектердің 80 пайызы  рецепт бойынша беріледі.

Антибиотиктерді ретсіз қолданудың соңы вирустардың төзімділігін арттырып отыр. Қазір бұл әлемдік проблемаға айналуда. Мәселен, тұмауды жеңудің жолы — антибиотик. Бірақ антибиотикпен емделер алдында дәрігерден кеңес алып, толық тексеруден өту керек. Аурудың бактериялық инфекция екенін растау қажет. Сонда ғана ем пайдасын тигізеді.

Жиын соңында мамандар көпшілікті дәрі-дәрмекті рецептісіз пайдаланбауға шақырды.

 Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button