Жаңалықтар

Сазды өзеніне Ақтөбе су қоймасынан  су жіберілді

Кеше  «Қазсу шаруашылығы» республикалық мемлекеттік кәсіпорны Ақтөбе филиалының атқарушы  директоры Әділжан Ализақ  Ақтөбе су қоймасынан  Сазды өзеніне  су жіберуге байланысты  журналистерге түсініктеме берді.

— Сазды өзенінің аңғарында су жетіспеушілігіне байланысты Ақтөбе  су  қоймасынан бүгінде 3 миллион текше метр су біртіндеп жіберіліп жатыр.  Бұл аңғарында 45 миллион текше метр суы бар  Ақтөбе қоймасынан жіберілетін су мөлшерінің 1 пайызы ғана. Өткен жылдың мамырында Ақтөбе су қоймасын Сазды өзеніне жалғау арқылы  облыс орталығындағы экологиялық жағдайды реттеуге бағытталған жаңа жоба басталған еді. 2019 жылдың  соңына дейін   облыс орталығындағы 1000 гектар аумақтағы жасыл желекті суаратын, соның ішінде Тұңғыш Президент атындағы саябақты көгалдандыру жұмыстарына жеткілікті болатын су мөлшерін көбейтіп, «Әнуар» гипермаркетінен Елек өзеніне дейінгі  өзен аңғарын бетондау жұмыстарын  аяқтау міндеттелген. Жоба құны  — 1 миллиард 360 миллион теңге. Бүгінде оның 650 миллион теңгесі игерілді. Жыл соңына дейін 700 миллион теңге игеріліп, мердігер компания су таратқыш құрылғы жұмысын  биылғы жылдың 1 қазанына  дейін толық іске қосуы тиіс. Бас мердігер — «Ремстрой» ЖШС,  тапсырыс беруші — Ақтөбе қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы мекемесі, — деді Әділжан Ализақ.

Бүгінде қала іргесіндегі үш су қоймасы — Ақтөбе, Сазды, Қарғалының аңғарында жиналған су көлемі былтырғыдан  төмен. Биыл Сазды су қоймасында 2 миллион 800 мың текше метр, Қарғалы су қоймасында  87 миллион текше метр, Ақтөбе су қоймасында  45 миллион текше метр су жиналған. Ақтөбе су қоймасынан Сазды өзеніне  дейін тартылып жатқан құбырдың ұзындығы — 10 шақырым 500 метр.

Сазды өзенінің аңғарын тазалап, кеңейту жұмыстарын жүргізіп жатқан  «Гидро-құрылыс» ЖШС  қызметкері Бекзат Достаев: «Саяжай кооперативтерінің  өтініштерімен, кооперативтердің Сазды бойындағы  су жинайтын  шұңқырларын тазалап, бөгеттерін де жөндеп кетіп жатырмыз», — дейді.

Сазды өзенінің бойында 17 саяжай кооперативі, бірнеше шаруа қожалықтары бар. Жөндеу жұмыстары кезінде өзен аңғарының бұрылып кетуіне олар да алаңдаулы. Биылғы қыстағы қардың  аздығына, көктемде су келмеуіне байланысты ылғал жетіспеушілігі қаупі де сезіліп отыр. Оның үстіне, экологтар  Сазды өзенінде су көлемінің тым азайып, борланып кетіп жатқанына айтып дабыл қағуда.

                                                               Баян СӘРСЕМБИНА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button