Басты жаңалықтарСпорт

№48 орта мектептің командасы Испанияға жолдама алды

Бейсенбі күні Қобыланды батыр атындағы Орталық стадионда «Ақтөбе мектеп лигасы» турнирінің жабылуы өтті. Оған Ақтөбе қаласының әкімі Ілияс Испанов, қалалық бөлім басшылары, жас спортшылар мен қала мектептерінің оқушылары қатысты.

Аталған жарысқа өткен жылдың қыркүйек айынан бастап айналым жүйесі бойынша  Ақтөбе қаласының барлық мектептерін қамтитын 231 команда, жалпы саны 3234 бала қатысты. Нәтижесінде №1, №17, №21, №35, №48, №56 орта мектептердің командалары финалға жолдама алды.

Маусымның жабылу салтанатында финалға шыққан командалар жасыл алаңда өзара сынға түсіп, шеберліктерін көрсетті.

Жарыстың нәтижесі бойынша №48 орта мектептің 3-сынып оқушылары қарсыластары — №56 орта мектептің командасын қиындықсыз жеңіп, Испанияның «Реал Мадрид» футбол клубы базасына жолдама алды. Ал 2-сынып оқушылары арасында №21 орта мектеп-гимназиясының командасы топ жарса, 1-сынып оқушылары арасында №17 орта мектептің оқушылары жеңіске жетті.

Шара соңында Ақтөбе қаласының әкімі Ілияс Испанов жеңімпаздарды марапаттап, турнирге қатысқан барлық жас футболшыларға өңірде спорттың дамуына қосқан үлесі үшін алғысын айтып, ризашылығын жеткізді. Сондай-ақ «Ақтөбе мектеп лигасына» демеушілік жасаған бір топ кәсіпкерге Алғыс хат табыстады. Олардың қатарында «Дару» клиникасының басшысы Ғалымжан Елеуов, «ТрансТелекомСвязь» ЖШС басшысы Төлеген Исергужин, «Бабек Құрылыс» ЖШС басшысы Рахиб Азизов, «Сбербанк» АҚ филиалы директоры Дмитрий Еремин, т.б бар.

Айта кету керек, жеңімпаздар алдағы уақытта Шымкент қаласындағы «Биік» спорт кешеніне, ал қалған командалар облыстағы сауықтыру лагерлеріне барып демалады.

Биылғы жылдың қыркүйек айынан бастап «Ақтөбе мектеп лигасына» Ақтөбе қаласының барлық мектептерімен қатар аудан орталықтары да қатысады. Алдағы уақытта турнирге бес мыңға жуық жас қатыспақ.

Данагүл ҚАЗИХАН.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button