Жаңалықтар

Жаңа цех: жылына 6 мың тонна өнім өндіріледі

«Ақтөбе хром қосындылары зауыты» акционерлік қоғамы қазіргі күндері нарық талабына бейімделіп, сұранысқа ие өнімдер шығару мүмкіндігін қарастыруда. Осы бағыттағы нақты қадамдардың бірі — пигментті хром тотығы цехын пайдалануға беру.

Кеше жаңа өндірісті іске қосу салтанаты болып өтті. Оған қатысқан Ақтөбе қаласының әкімі Ілияс Испанов құттықтау сөз сөйледі.

— Ақтөбе хром қосындылары зауытының іске қосылғанына алпыс жылдан астам уақыт өтті. Содан бергі уақытта өндіріс қаншама өзгерістерді бастан өткеріп, қазіргі уақытта жаңа технологияларды енгізу басты бағдарда ұсталынуда. Жаңа цехтың жаңалығы көп екенін байқап отырмыз. Мұнда басқару процесі оңтайландырылған, жоғары білікті мамандар еңбек етеді. Алты түрлі өнім шетелге шығарылады. Ең бастысы — өндіріс экологиялық жағынан зиянсыз. Жақында облысымызда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев болған кезінде осы мәселеге, яғни атмосфера тазалығына назар аударған еді. Біздер зауыт басшылығымен өзара жасаған меморандумымызда жұмысшылардың әлеуметтік мәселелерін шешуді көздегенбіз. Олар жүйелі түрде орындалуда. Таяуда ғана зауытқа автобус маршруты аялдамасын жақындату оң шешімін тапты,— деді ол.

«Ақтөбе хром қосындылары зауыты» акционерлік қоғамы басқармасының төрағасы Алексей Химич бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне жаңа өндіріс сипатына қатысты әңгімелеп берді.

— Бұл жаңа жобаның құны 1 миллиард 700 миллион теңге, оған толық өз қаржымыз жұмсалды, — деді ол.— Бұл жоғары технологиялық цехта жылына 6000 тонна өнім шығарылады деп жоспарлап отырмыз. Жаңа ұжымда 95 адам еңбек ететін болады. Бізге шикізат жеткізуші — «Восход Трейдинг» ЖШС. Олардың тарапынан шикізаттың, яғни хром рудасының құны көтерілуі бізді алаңдатып отыр.

— Мен 2016 жылы Гумилев атындағы Еуразия университетін химия мамандығы бойынша бітіріп келген жас маманмын. №5 цехта технолог болып еңбек етемін. Бізде өндірісте сапа менеджменті енгізілген. Еңбекақы уақытында төленіп тұрады. Кәсіподақ ұйымы еңбек қорғау, еңбек қауіпсіздігі, жұмысшылар мүддесін қорғау тұрғысынан ықпалды жұмыс істеуде. Жаңа цехтың іске қосылуы жаңа мүмкіндіктер көзін ашты, бұған қуаныштымыз,— деді технолог Сұңғат Есентаев.

Салтанатты жиынға қатысушылар өздерінің еңбектерімен қатар, Ақтөбе қаласының 150 жылдығын лайықты атап өтуге де үлестерін қосатынын білдірді.

Нұрмұханбет ДИЯРОВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button