Басты жаңалықтарЭкономика

«Еңбек» жұмыссыздықты жеңбек

Нәтижелі жұмыспен қамтудың және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының мақсаты —  еңбек нарығында сұранысқа ие мамандар санын арттыру, ауылда және қалада шағын несиелер беру арқылы азаматтардың өзін-өзі жұмыспен қамтуын ынталандыру. Бұл елдегі жұмыссыздық санын азайтып, кәсіпкерлік саласының дамуына жол ашады. Осы мақсатта бағдарлама аясында білім алуға мүмкіндігі болмаған жастарға тегін білім беріледі, кәсіби курстар ұйымдастырылады, мамандықтары бойынша практикалық дағдыларын алу үшін тәжірибеге жіберіледі. Бес жылға жоспарланған бағдарлама нәтижесінде елімізде жұмыссыздық деңгейі 4,8 пайыздан төмен болады, ал шағын және орта бизнес субъектілері кемінде 10 пайыздан асады деген болжам бар.  

Биыл облыстағы ауылдық елді мекендерде, шағын қалаларда микрокредит бөлуге 976 жобаға 3 850,2 млн теңге қарастырылып отыр. Ал қалаларда және моноқалаларда кредит беруге 119 жобаға 1 191,6 млн теңге бөлінді. Шағын несиелерді кепілдендіру үшін 351,0 млн теңге қарастырылған.

Аталған бағдарлама шеңберінде кәсіпкерлерге микрокредит беру — «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» акционерлік қоғамы, «Аграрлық кредиттік корпорация» акционерлік қоғамы және «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» акционерлік қоғамына жүктелген. Бағдарламаның қаржылай емес операторы — «Атамекен» ұлттық палатасы жұмыссыздарды оқыту, біліктілігін арттыру жұмыстарын атқарып отыр. «Еңбектің» бағыттары мен облыста атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде бағдарлама операторлары өкілдерімен сұхбаттасқан едік.

 

Кепілге кез келген мүлік алынады

«Еңбек» бағдарламасының микрокредит беру операторларының бірі — «ҚазАгро» холдингінің еншілес компаниясы «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ. Осы қордың облыстық филиалы басшысы Гүлжанат Ерғазинаның айтуынша, биыл ауылдағы кәсіпкерлерге қолдау көрсету үшін аталған қордың жергілікті филиалы арқылы 2 млрд 150 млн теңге беріледі:

— Ауылдық жерде саудадан басқа кәсіпкерліктің барлық түріне «Еңбек» бағдарламасы аясында ең төменгі, яғни 6 пайызбен несие беріледі. Бағдарлама алты жылға есептелген. Дегенмен, ауыл шаруашылығы салаларына басымдық беріліп отыр — бүгінге дейін рәсімделген несиелердің 70 пайызына жуығы ауыл шаруашылығы салаларындағы кәсіптерге берілген. Негізінен несие бес жылға беріледі, егер мал шаруашылығына қатысты кәсіп болатын болса, 7 жылға дейін рәсімделеді.  Бір заемшыға 2,5 мың айлық есептік көрсеткіш көлемінде, яғни, 6 миллион теңгеге дейін, зәкірлік кооперациялар үшін 8 мың айлық есептік көрсеткіш көлемінде несие беріледі. Несие бойынша негізгі қарыз бен сыйақыны қайтаруға жеңілдік бар. Заем алушы қарызды ай сайын, тоқсан сайын, жарты жылда немесе жылына бір рет төлеу арқылы да құтыла алады, — дейді Г.Ерғазина.

Қаржы аталған қор филиалына сәуір айының аяғында түскеніне қарамастан, мамыр айында құны 150 миллион теңгеден астам  бірқатар жоба қаржыландырылған.

Кәсіпкерлерге кепілдік беру рәсімі де жеңілдетілген. Олар кез келген жердегі  жылжымалы және жылжымайтын мүліктердің барлығын кепілге қоя алады — жерді, үйлерді, ғимараттарды, баздар мен қора-жайларды, автокөліктерді, автотехниканы да кепіл ретінде көрсете алады.

— Жерді 49 жылға алған шаруалардың жерге жалға алу құқын кепілге қоямыз. Бір ескертетіні, жылжымайтын мүлік құрылысының қай жылы салынғанына қарамастан, кепілге аламыз.  Ал жылжымалы мүліктерге қатысты арнайы ереже бар, сол ережеге сай кепіл құны есептеледі. Бұған қоса асылтұқымды мал да кепілге қойылады, асыл тұқымды емес малды қосымша кепіл ретінде қоюға болады. Сондай-ақ, кез келген үшінші тұлғаның кепілгер болуына құқы бар. Кепілге қойылған мүлікті алмастыруға болады, — дейді Г.Ерғазина.

Қор филиалы басшысының айтуынша, аталған бағдарлама бойынша кәсіп ашу үшін шағын несие негізінен  жұмыссыздарға, аз қамтылғандарға, оралмандарға, мектеп, оқу орындарын бітірген жастарға, белгіленген мерзімнен бұрын зейнетке шыққан азаматтарға беріледі. Олар несие алу үшін алдымен «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздерін үйрететін курстарда оқып, сертификат алуы тиіс. Ал кәсіпті кеңейту үшін несие рәсімдеуге сертификат қажет емес, бар болғаны жұмыссыз ретінде тіркелген болуыңыз шарт.

«Еңбек» бағдарламасының жастарға да берері көп. Орта арнаулы, жоғары оқу бітіргеніне үш жылдан аспаған, бірақ  өз мамандығы бойынша тәжірибесі жоқ жастар меншік түріне қарамастан, кез келген мекемеде жарты жылдық тәжірибеден өте алады. Оған алты ай бойы 25 айлық есептік көрсеткіш көлемінде, яғни, 63 мың теңге жалақы төленеді. Кейін сол жерге жұмысқа қабылдану мүмкіндігі бар.

— Мәселен, ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры облыстық филиалында 14 адам жастар практикасы бойынша жарты жыл тәжірибеден өтті. Соның төртеуін жұмысқа алдық, — дейді ол.

Жалпы, ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры облыстық филиалы арқылы 2017 жылы — 1,3 млрд, 2018 жылы 2,4 млрд теңге көлемінде заем берілген.

 

Несиенің жылдық мөлшері — 6 пайыз

Нәтижелі жұмыспен қамтудың және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының микрокредит  және кепілдік беру бойынша тағы бір операторы —  «Даму» қоры. Аграрлық кредиттік корпорация мен ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры аудандардағы кәсіп иелеріне, ал «Даму» қорының облыстық филиалы Ақтөбе және Хромтау қалаларындағы кәсіпкерлерге қолдау көрсетеді.

— Жұмыссыздар, өзін-өзі жұмыспен қамтып отырғандар, бар кәсібін кеңейтуге  және жаңа кәсіп бастауға ниет еткен азаматтар «Еңбек» бағдарламасына қатыса алады. «Даму» арқылы 6500 айлық есептік көрсеткіш көлемінде, яғни 16,4 миллион теңгеге дейін несие алуға болады.  Бұрынғы бағдарламалардан ерекшелігі — заем алушылар кәсіптің қай түрімен айналысамын десе де, өз еркі, ешқандай шектеу жоқ. Несие 6 пайыз жылдық мөлшерлемемен негізінен жаңа бизнесті ашуға, дамытуға, айналым қаражатын толықтыруға беріледі. Несие инвестициялық мақсаттар үшін — 5 жылға дейін, айналым қаражатын толықтыру үшін 3 жылға дейін рәсімделеді. Сондай-ақ, «Даму» қоры несие алғысы келетін кәсіпкердің кепілдігі жетпеген жағдайда несие мөлшерінің 85 пайызына дейін кепілдеме береді. Бұл азаматтар үшін үлкен мүмкіндік, — дейді «Даму» қоры Ақтөбе облыстық филиалының басшысы Берік Нұрғалиев.

Қаржыландыру механизмі қалай жүзеге асырылады? Жергілікті атқарушы орган республикалық және жергілікті қазынадан бөлінген қаражатты аталған қорға аударады. «Даму»  қоры оны екінші деңгейлі банктерге орналастырады. Кәсіпкерлер несиені банктер арқылы рәсімдейді.

—   Биыл «Еңбек» бағдарламасын жүзеге асыруға «Сбербанк», «Forte Bank» және Қазақстанның Халық банкі қатысып отыр. Бұған қоса кәсіпкерлер былтырғы қаражат есебінен «АТФ Банк» пен «Нұрбанк» филиалдары арқылы да несие рәсімдей алады. Ол үшін алдымен «Даму» қорының филиалына келіп, бағдарлама шарттары мен механизмдері бойынша толық ақпарат алған дұрыс. Кәсіпкелерге құжат жинауға, тегін бизнес-жоспар әзірлеуге қолдау көрсетеміз, — дейді Б.Нұрғалиев.

«Еңбек» бағдарламасы басталған уақыттан бері «Даму» қоры арқылы жалпы сомасы 1 674,48 мың теңгеге 150 шағын несие берілген. Олардың 57 пайызы — ісін жаңа бастаған кәсіпкерлер. Сондай-ақ, аталған қор жалпы сомасы 597,88 млн теңгенің 58 жобасына 298,32 млн теңге көлемінде кепілдік берген.

 

 

Ісің сәтті болса, өмірің тәтті болады

Ақтөбелік жеке кәсіпкер Орынбек Төлебаевтың «Тәтті» кафе-кулинариясы келушілерге дәмді тағамдар мен фаст-фуд өнімдерін ұсынады.

Кәсіпкер «Еңбек» бағдарламасы бойынша «Нұрбанктен» жылдық 6 пайызбен 17,5 млн теңге көлемінде несие рәсімдеді. Бұл қаражат ғимарат алуға, жөндеу жұмыстарына және негізгі құралдарды алуға, тауар айналымына жұмсалды.

Несиені рәсімдемес бұрын «Даму» қоры облыстық филиалының кәсіпкерлікке қызмет көрсету орталығы менеджерлерінен кеңес алып, құжат дайындаған.

— Бұған дейін құрылыс-монтаждау, көлікпен жүк тасымалдау секілді түрлі кәсіппен айналыстым. Алайда, кәсіпкерлікке қызмет көрсету орталығына келіп, мемлекеттік бағдарламалар мен олардың шарттары, механизмдері туралы толық ақпарат алғаннан кейін, «Еңбек» бағдарламасы арқылы несие алып, кафе-кулинария ашуға қол жеткіздім, — дейді ол.

 

 

«Бастау-бизнес»

Биыл «Бастау-Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне 1125 адамды оқытуға 88,37 млн теңге қарастырылып отыр. Ал жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға мемлекеттік гранттар беру үшін биыл 420 адамға 172 729,6 млн теңге бөлінді.

«Бастау-Бизнес» жобасының Ақтөбе облысындағы үйлестірушісі Динара Жұмабаеваның айтуынша, 2017 жылы аталған жоба аясында алты ауданда 1125 адам, ал былтыр 12 аудан бойынша 2231 адам кәсіпкерлік негіздеріне оқыған.

Кәсіпкерлік негіздеріне оқыған азаматтар жаңа бизнес-идеялары үшін гранттар ала алады. Жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға арналған мемлекеттік гранттар 100 айлық және 200 айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде беріледі.

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button