Басты жаңалықтарМәселе

Ақтөбе таза қала ма?

Тазалық — денсаулық кепілі. Ал қала тазалығын сақтау, оған үлес қосу — әрбір тұрғынның міндеті. Қала келбеті тек зәулім де сәулетті үйлермен, жасыл желекті саябақтармен өлшенбейді. Күн сайын көркейіп келе жатқан Ақтөбенің ажары оның тазалығына да тікелей байланысты. Алайда қаламызда көше бойларына, көп қабатты үйлердің аулаларына бейберекет қоқыс және құрылыс қалдықтарын тастайтын тұрғындар бүгінде азаяр емес. Ал қала тұрғындарының бірқатары бұл мәселеде тұрмыстық қалдықтарды тасымалдайтын жауапты мекемелердің жұмысына көңілі толмайтынын айтады. Сонымен…

 

Тазалыққа кім жауапты?

Ақтөбе қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің бас маманы Әділбек Ахметтің айтуынша, бүгінгі күні қала бойынша қалдықтарды полигонға шығару қызметін үш мекеме жүзеге асырады. Олар — «Nео Plus» ЖШС, «№27 басқарушы компания» ЖШС және «Таза Life» жеке кәсіпкерлігі.

— Бұл мекемелер өткен жылдан бастап өз жұмысын бастады. Әр серіктестікте өзінің жұмысшылары, жеке техникалары бар. Бүгінде жаңа техникаларды сатып алу, шығындарды өтеу бойынша бұл мекемелерде бірқатар қиындықтар туындап отыр. Олардың барлығы қаржыға келіп тіреледі. Осы орайда мекемелер тарифті өсіру туралы өз ұсыныстарын білдіруде. Алайда әзірге бұл тұрғыда нақты шешім қабылданған жоқ. Айта кету керек, бүгінде Ақтөбе қаласы бойынша тұрмыстық қалдықтарды шығару қызметінің тарифі — 104 теңге. Бұл — еліміз бойынша ең төменгі тариф, — дейді ол.

Өткен жылы Елбасының коммуналдық тарифтерді реттеуге байланысты тапсырмасына орай облыста су, жылу, газ бағасы төмендеген болатын. Бұл орайда тұрмыстық қалдықтар тарифінің бағасы 1 теңгеге ғана арзандады. Тұрғындар бұл «жаңалыққа» қуана қоймады. Себебі көпбалалы, адам саны көп отбасыларға бұл қымбатқа түседі. Алайда қоқыс тасымалдайтын мекемелер бұл тарифке келіспейтінін айтады. Себебі тұрғындардың қызмет ақысын уақтылы төлемеуіне байланысты компаниялардың шығыны көбейген.

— Қазіргі таңда еліміз бойынша ең төменгі тариф — біздің облыста. Атап айтсақ, Қостанайда тариф бағасы 180 теңге болса, Оралда — 195 теңге. Бұл тұрғындар үшін қолайлы және арзан. Алайда біз сияқты қоқыс тасымалдайтын мекеме үшін тариф бағасының төмендігі тиімсіз. Себебі жеке кәсіпкерлік болған соң, техниканың шығыны, жұмысшыларға төленетін жалақы, басқа да шығындар біздің қалтамыздан шығады. Сондай-ақ абоненттік база бойынша тұрғындар саны көп болғанымен, тіркелгендер саны аз. Яғни кейбір тұрғындар отбасындағы мүшелерінің санын нақты көрсетпей, қызмет бағасын дұрыс төлемесе, енді біреулер келісімшартқа тұрудан бас тартады. Екіншіден, тұрғын үйлерді жөндегеннен шыққан қалдықтар мен сенбіліктерден жинақталған қоқыстарды біз тегін жинап, тасимыз. Бізге бюджеттен ешқандай қаржылай қолдау жоқ, — дейді «Таза Life» жеке кәсіпкерлігінің директоры Ғабит Мақаш.

1990 жылдардан бері облыста «Ақжол ЛТД» атауымен жұмыс жасап келген серіктестік  былтыр жұмысын тоқтатып, «Таза Life» жеке кәсіпкерлігі болып қайта құрылған.

Бүгінде мекеме құрамында 60-қа жуық жұмысшы, 60-тан астам техника бар. Оның ішінде 17-сі — күнделікті қоқыс тасымалдауға арналған мамандандырылған машина.

Аталған мекеме қала бойынша Әлия Молдағұлова даңғылынан бастап Шанхай, Тұрғындар қалашығы аудандары, Әбілқайыр хан даңғылы, Есет батыр, Тургенев, Сәңкібай батыр көшелері, сондай-ақ Оңтүстік Батыс, Жаңақоныс, Құрашасай ауылдары тұрғындарына қызмет етеді. Мекеме қызмет ететін абонент саны — 85 мың.

— Тығыз орналасқан көп қабатты үйлерден қоқысты күн сайын жинап тұрамыз, ал жеке секторларды кесте бойынша аламыз. Мәселен, Оңтүстік-батыс, Жаңақоныс ауылдарындағы тұрмыстық қалдықтарды техникалардың мүмкіндігіне қарай 2-3 күнде жинаймыз. Жалпы тұрғындардың біздің қызметімізге көңілі толады деп ойлаймын. Көп жағдайда азаматтар әлеуметтік желі арқылы, сондай-ақ жұмысшыларымызға алғыстарын білдіріп жатады, — дейді «Таза Life» жеке кәсіпкерлігінің басшысы.

Ал Ақтөбе қаласы Алматы ауданына қарасты шаһардың ескі бөлігі, Заречный-1, Заречный-2, Заречный-3, Қарғалы, Ақжар, Бекқұл баба, Рауан, Кеңес Нокин, Пригородный, Ақшат, Қызылжар ауылдары мен осы аудандарда орналасқан бау-бақша ұжымдарының қоқысын қатты тұрмыстық қалдықтар полигонына тасымалдайтын «№27 басқарушы компаниясы» ЖШС құрамында 36 жұмысшы жұмыс істейді. Сондай-ақ серіктестікте 30-дан астам техника, ауыр қалдықтарды таситын арнайы машиналар да бар.

Аталған серіктестіктің басшысы Берік Сейітмағанбетовтің айтуынша, мекеме өткен жылдың мамыр айынан бастап жұмыс жасайды. Қазіргі таңда мекеме қоқыстарды жеке секторлардан аптасына екі рет, ал көп қабатты тұрғын үйлердің алаңдарынан күн сайын жинап отырады.

— Біздің мекемеде 90 мыңға жуық абонент бар. Көп жағдайда қоқысты уақытымен, күн сайын алуға тырысамыз. Алайда тарифтің төмендігі бүгінде бізге үлкен шығын әкеліп отыр. Сондай-ақ тұрғындар қызмет төлемақысын уақтылы төлемейді, контейнер алаңдарына жиһаздар мен ағаштарды, шөп, құм, ауыр қалдықтарды әкеліп төгіп тастайды. Негізінен ауыр қалдықтарды тұрғындар өздері техника жалдап, қала сыртына шығаруы керек. Осы мәселеде бізге учаскелік инспекторлар, бау-бақша ұжымдарының төрағалары көмектессе дейміз. Себебі ауыр қалдықтарды шығару бізге тиімсіз. Біз қоқыс шығарудан қашпаймыз, дегенмен тұрғындар тарапынан біздің жұмысымызға деген жанашырлық, қолдау болса, нұр үстіне нұр болар еді, — дейді Б.Сейітмағамбетов.

Серіктестік басшысы ескі қала бөлігіндегі Теміржол вокзалының маңындағы пәтерлерді жалға алған азаматтар қызмет төлемақысын уақтылы төлемейтінін, сондай-ақ тұрмыстық қалдықтарды алаңдарға бейберекет шашып тастайтынын айтады. Ал пәтерді жалға берген үй иелері жауапкершіліктен қашады.

— Күн сайын көркейіп келе жатқан қаламызға тазалықтың қажет екені белгілі. Қоғамдық орындарда, үй аулаларында тазалықты сақтамайтындар жиі кездеседі. Кейбір тұрғындар қоқысты арнайы орынға жеткізбейді. Кез келген жерге тастай салады. Сондай-ақ тұрғындардың көбі шағым айтуға құмар. Осының салдарынан біздің жұмысымызға көпшілік кереғар пікір айтып жатады, — дейді серіктестік директоры.

Тұрғындар не дейді?

Соңғы кезде тұрғындар әлеуметтік желілерде үй алаңдарында, көшелерде қоқыстың көп екенін, кей жағдайда мекемелердің қызметіне көңілі толмайтындығын жиі жазады. Осы орайда біз қоқыс жинайтын мекемелердің қызмет сапасы туралы сұрағанымызда тұрғындар мен пәтер иелері кооперативтері басшыларының пікірлері екіге жарылды.

12-шағын ауданындағы тұрғын үйлерге техникалық қызмет көрсететін «Жаңабек Сервис» ЖШС директоры Кенен Жаңабековтің айтуынша, бұл ауданда көп қабатты үйлер көп орналасқан. Тұрғындар санының көп болуына байланысты аулаларға қойылған контейнерлер қоқысқа тез толады.

— Жауапты мекемелер тұрмыстық қалдықтарды күн сайын жинағанына қарамастан, кей жағдайда тұрғындар әлеуметтік желілерге қоқыс толып жатқан аумақтарды суретке түсіріп, салып жатады. Әрине, барлық адамның көңілінен шығу мүмкін емес. Дегенмен біздің ауданға қызмет ететін «Neo Plus» серіктестігі күн сайын қоқыстарды жинап, алып кетеді. Мәселен, өткен аптада №20 үйдің ауласына қойылған контейнерлер алынып тасталып, тұрғындардың бірқатары наразылық білдірді. Алайда кейін контейнерлер №17 және №19 үйлердің алдына бөлініп қойылды. Айта кететін жайт, бізде тұрғын үй саларда қоқыс тастайтын арнайы орындар жобаға енгізілмейді. Соның салдарынан көп жағдайда қоқыс салатын контейнер бір жерден екінші жерге «көшіп» жүреді. Ал бұл тұрғындарға да, қалдықтар тасымалдайтын мекемелерге де тиімсіз, — дейді ол.

«Жөндеу» кооперативінің төрайымы Галина Науменконың айтуынша, Әбілқайыр хан даңғылы, Есет батыр, Прохоров, Маресьев, Киселев көшелеріне жауапты мекеме «Таза Life» ЖШС қоқысты күн сайын алып отырады. Тұрғындар тарапынан ешқандай арыз-шағым жоқ.

— Біздің коллектив құрамында 22 көп қабатты тұрғын үй бар. Кейде тұрғын үйлердің маңындағы жеке секторлардан, сондай-ақ дүкендерден көп қоқыс шығарылып жатады. Тазалыққа жауап беретін мекемелер уақытында келіп тұрмыстық қалдықтарды жинап, әкетеді. Әрине, қоқыстардың бейберекет шашылмауына тұрғындар да жауапты. Сондықтан бұл мәселеде екі тарап та жауапкершілікті сезінуі керек, — дейді ол.

Ал қала тұрғыны Талғат Садырбаев қалалық орталық мешіт аумағындағы «Придорожный» бау-бақша ұжымында тұрады. Оның айтуынша, өткен жылғы сәуір айынан бері бұл аумаққа қоқыс жинайтын техникалар келмейді. Соның салдарынан көшелер мен бос жатқан үйлердің аулалары қоқысқа толып кеткен.

— «Таза қала» мекемесі жабылғаннан кейін бізге қоқыс таситын техникалар келмейтін болды. Күл-қоқысты өзіміз жинап, жақын аумақтағы контейнерлерге апарып тастаймыз. Көп жағдайда тұрғындар көшеге, бос жатқан аулаларға қалдықтарды лақтырып кетеді. Ал қағаз, пакет сияқты жеңіл заттар жел көтерілсе «ұшып» жүреді. Бүгінге дейін осы аумаққа қызмет ететін компанияның өкілдері келіп, тұрғындармен кездескен жоқ. Келісімшарт жасау үшін ешқандай құжат жинамады. Сондықтан бау-бақша ұжымының тұрғындары атынан жауапты мекемелер осы мәселеге көңіл аударса екен, — дейді ол.

Зерттеп білгеніміздей, «Придорожный» бау-бақша ұжымы «№27 басқарушы компаниясы» ЖШС-ның территориясына кіреді.

Аталған серіктестік басшысы Берік Сейітмағамбетовтің айтуынша, бау-бақша ұжымының тұрғындары мекемемен жеке келісімшартқа тұруы керек. Ол үшін тұрғындар Некрасов көшесі, 112 мекенжайында орналасқан «Хоум Кредит Банк» ғимаратының екінші қабатындағы серіктестіктің абоненттік бөліміне (205-кабинет) құжаттарын тапсыруы қажет.

— Егер тұрғындар немесе бау-бақша ұжымының төрағасы келіп, біздің мекемемен екіжақты келісімшартқа отырып, уақтылы төлемақысын төлесе, аптасына бір немесе екі рет жұмысшылар жеке үйлерден барып, қоқыстарды жинап, алып кетеді. Бізге ең тиімдісі — ұжым төрағаларымен ортақ келісімшартқа отыру, — дейді серіктестік директоры.

 

Р.S. Соңғы жылдары облыста қоқысты жинау, оны өңдеу мәселесі күн тәртібінен түспей тұр. Ал биыл қала тұрғындары Ақтөбе қаласының 150 жылдығын атап өтеді. Осыған орай барлық ақтөбелік қаланың тазалығына ерекше назар аударуы керек. Ол үшін тазалық бірінші кезекте әр ауладан, әр отбасынан басталмақ. Олай болса, қала тазалығын сақтап, табиғатты аялап, оған жанашырлық танытайық!

 

 

«Ақтөбенің» анықтамасы

Ақтөбе облысы бойынша экология департаментінің деректеріне сүйенсек, облыста 2017 жылы пайда болған қалдықтар көлемі 300,5 мың тонна болса, 2018 жылы бұл көрсеткіш 298,6 мың тоннаны құраған. Ал биыл жыл басынан бастап пайда болған қалдықтар көлемі —  20,000 мың тонна.

Айта кету керек, бүгінде облыста қатты тұрмыстық қалдықтарды қабылдау және орналастыру үшін 12 рұқсат етілген полигон бар. Оның 5-еуі — коммуналдық, 7-еуі — жекеменшік. Ал жобалық шешімдерге сәйкес, аталған 12 полигонның ішінде қалдықтарды сұрыптау 9 полигонда жүзеге асырылады.

 

Данагүл ҚАЗИХАН.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button