Тұлға

Нар тұлғалы азамат

Еліміздің тұңғыш Қорғаныс министрі, армия генералы Сағадат Нұрмағанбетов арамызда болғанда 95 жасқа толар еді.

Ол тәуелсіз еліміздің Қарулы Күштерінің қалыптасуына өлшеусіз үлес қосты. С.Нұрмағанбетов Ұлы Отан соғысынан оралғаннан кейін ұзақ жыл еліміздің Қарулы Күштері қатарында жауапты қызметтер атқарды.

1924 жылдың 25 мамырында Ақмола облысының Еңбек ауылында туған С.Нұрмағанбетов 1942 жылы әскер қатарына шақырылып, Түрікменстандағы Кушка қаласында әскери дайындықтан өткен соң майданға аттанады. Сұрапыл соғыс жылдарында ол 1-Беларус, Солтүстік Кавказ, Украина, Молдавия, Польша, Германия майдандарында соғысып, Гитлер канцеляриясын шабуылдауға қатысты. 1945 жылдың 27 ақпанында Польша жерінде жау қорғанысын бұзып өту кезіндегі жауынгерлік тапсырманы ержүректілікпен орындап, көрсеткен ерлігі үшін оған Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. С.Нұрмағанбетовті марапаттауға жіберілген ұсыныста,  1052-атқыштар полкінің командирі, Кеңес Одағының Батыры подполковник  А.Пешков пен 301-ші атқыштар дивизиясының командирі А.Антонов былай деген екен: «…1945 жылы  24 сәуір күні батальон командирі С.Нұрмағанбетов жаудың төтеп тұрған оғына қарамастан әскери шеберлігімен басқарған батальон жауынгерлері көше шайқасында аса ерлік көрсетіп, шоғырланған фаустниктерді (танкіге қарсы ататын гранаталар) және автоматчиктерге жойқын тойтарыс беріп, 450 жауды тұтқындап, 150 фашистің  көзін жойып, оқ атып жатқан 9 бекеттің үнін өшірді. Екі дүркін Кеңес Одағының Батыры деген атаққа лайықты», — деген. Амал қанша, бұл ұсыныс елеусіз қалыпты.

С.Нұрмағанбетов 1946-1949 жылдар аралығында Мәскеудегі М.Фрунзе атындағы Әскери академияны тәмамдап, Орта Азиядағы Түркістан әскери округіне полк басқаруға жіберілді. Содан соң әртүрлі командалық лауазымдарда, оның ішінде Қазақ КСР Азаматтық қорғаныс штабының бастығы, Орта Азия әскери округі қолбасшысының орынбасары, Оңтүстік топ әскерлері қолбасшысының бірінші орынбасары (Венгрия) қызметін атқарды. КСРО Қарулы Күштері Бас штабының академиясындағы курста оқыды.

Ол өзінің еңбек жолында Қазақ КСР соғыс және еңбек ардагерлері кеңесінің  төрағасы, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесіндегі Ардагерлер мен Қарулы Күштер мүгедектері істері комитеті төрағасы қызметін де атқарды. 1991 жылы  Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен Мемлекеттік Қорғаныс комитетінің төрағасы, ал 1992 жылдың 7 мамырында Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі болып тағайындалды. 1994 жылы 23 мамырда Мемлекет басшысының Жарлығымен С.Нұрмағанбетовке «Халық қаһарманы» атағы мен №1 «Алтын жұлдыз» ордені табыс етілді. 1995 жылдың қарашасында армия генералы атағымен отставкаға шығып, ел Президентінің кеңесшісі болды.

Сағадат Нұрмағанбетовті ТМД елдерінің халқы, соның шінде офицерлер мен генералдар  өте құрмет тұтады. Ол 2005 жылдың 9 мамырында Нью-Йорк қаласында ТМД елдерінің атынан Екінші дүниежүзілік  соғыстың аяқталғанына 60 жыл толуға арналған шарада БҰҰ Бас Ассамблеясына  делегат ретінде сайланып, сол шеруде сөз сөйлеген еді. Айбынды қолбасшы 1971-1994 жылдары республика Жоғарғы Кеңесіне бірнеше мәрте депутат болып сайланды.

Ел үкіметінің қаулысымен Нұр-Сұлтан қаласындағы «Жас ұлан» мектебіне бүгінде армия генералы С.Нұрмағанбетовтің есімі берілді.  Оның жауынгерлік және қайраткерлік өмір жолындағы ерліктері мен еселі еңбектері жоғары бағаланды.

Мен генерал Сағадат Нұрмағанбетовты сонау 1972 жылы ақпан айында Семей полигонында әскери жатығу кезінде бірінші рет көрген едім. Сол кезден бастап қызмет бабымен, әскери жаттығулар кезінде, әскери жиналыста кездесіп, оған күнделікті қызметті талай рет баяндаған едім.

Сағадат аға нар тұлғалы азамат еді. «Жаймашуақ жаны бар, таза сақталған ары бар, ұлтын сүйген қызу қаны бар» азамат еді.

Ол өмірдің сан саласында өз болмысын таныта білді. Білгір маман әскери стратег болды, ұйымдастырушылық қаблетін көрсетті. Осылайша мемлекеттік дәрежедегі қайраткер болып  қалыптасты.

Бүгінде мәңгілікке кеткен әскери қолбасшыны халқы есіне алып, оның есімін аялап, жүрек төрінен орын береді.

Былтыр қазанда облыстық мәслихат депутаттарының қолдауымен Ақтөбе қаласындағы бұрынғы Киселев көшесіне армия генералы Сағадат Нұрмағанбетов есімінің берілуі де нар тұлғаға көрсетілген жоғары құрметтің көрінісі.

Қ.СӘТЕНОВ,

 «Қарулы Күштер ардагерлері» республикалық қоғамдық бірлестігі  облыстық  филиалының төрағасы, отставкадағы полковник.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button