Басты жаңалықтарӘлеумет

Мираның мейірімі

Ақтөбелік көпбалалы ана Мира Жиеналина жақында «Асыл ана-2019» облыстық форумында «Аяулы ана» аталымы бойынша құрметке бөленді. Бүгінде тоғыз бала тәрбиелеп отырған Жиеналиндер отбасы көпке үлгі. Себебі олар тұрмыстық қиыншылықтарға қарамастан, екі баланы өз қамқоршылықтарына алып отыр. 

 

Сиырдың сүті, самаурынның шайы

Осыдан он төрт жыл бұрын Әйтеке би ауданының Қарабұтақ селосындағы үлкен бір әулетке келін боп түскен Мира өзінің ибалылығымен, кішіпейілділігімен құрметке ие болды. Темір ауданының Шұбарқұдық ауылында туып-өскен ол 2003 жылы білімін жалғастыру үшін теміржол саласы бойынша арнайы колледжге грант негізінде оқуға қабылданады. Оқып жүріп жолдасы Еділханмен шаңырақ көтереді. Бастапқы уақытта жас шаңырақ иелері ауылда тұрады. Енесіне өз анасындай қараған келінді кім жек көрсін?! Оның үстіне ауылда өскен қыз келін болғаннан кейін де ауылдың тірлігін тез меңгеріп кетеді. Ең бастысы — ененің көңілін табуға тырысты. Ерте тұрып, сиыр сауып, шоқ самаурынмен шай қайнату, іс тігіп, отын тасу, ошаққа нан салу — Мираның күнделікті жұмысы еді. Ол ерке келін болған жоқ. Аяғы ауыр кезінде де тыным таппай жұмыс істейтін. Ағаш жарып, үй сылау, тезек теру сияқты жұмыстарды ешкімнің көмегінсіз атқара беретін. Оның үстіне, қарашаңыраққа мейманның көп келетіні белгілі, қонақтарға барынша құрмет көрсетуге де уақыт тауып жататын.

 

Тоғыз баланың татулығы

2013 жылы Еділхан мен Мира қалаға келеді. Отағасы «Автопарк» мекемесіне автобус жүргізушісі болып орналасса, зайыбы қасына билет кесуші ретінде жұмысқа қабылданады. Балаларды туысқандарының үйіне тастап, таңның атысы, күннің батысы жолда жүрген екеуі осылайша күнелтіп жатты. Алайда 2015 жылы олар бес баламен жұмыссыз қалады.

Соңымнан ерген сіңлім отбасындағы келіспеушіліктерге байланысты ажырасып тынды. Екі баласымен біраз жыл қолымда тұрды. Балалары тым кішкентай болғасын, өз баламдай мәпелеп, қамқорлық таныттым. Кейін сол сіңлім денсаулығына байланысты көз жұмып, екі бала біздің қолымызда қалды. Күйеу баламыз балаларына қайырылмады. Өз балаларыммен кішкентайынан бірге өскесін, оларды мемлекет қарауына тапсыруға қимадым. Жолдасым екеуіміз ақылдаса келе, екі баланы өз қамқорлығымызға алуға бекіндік. Әрине, ол әншейін қол қойып, келісім бере салатын іс емес екенін де білдік. Бұл істе бірнеше рет үйімізге комиссия келіп, тексеріс жасады. Балаларымыздың, өзіміздің мінез-құлқымыз, тұрмысымыз жайында жан-жақты зерттеді, көршілерімізден біздің отбасымыз  жайында сұрастырды. Балаларым мектепте үлгілі болып, көршілерімізбен тату-тәтті күн кешіп жатқанымыздың бәрі екі баланы қамқоршылығымызға алуда үлкен септігін тигізді, — дейді Мира.

Бүгінде тоғыз баланың ата-анасы Еділхан мен Мира  тұрмыстық қиыншылықтарға қарамастан, балаларын мейлінше тәрбиелі етіп өсіруге тырысып бағуда. Әрдайым оларды таза жүру, өтірік айтпау, сабақты жақсы оқуға, ең бастысы — бір-бірімен тату болуға үндейді. Жиеналиндер отбасындағы балалардың ең үлкені биыл жетінші сыныпты аяқтаса, ең кішісі — бір жаста. Мектеп жасындағы бес баланың сабақ үлгерімдері жақсы, арасында спортпен шұғылданатындары да бар.

Балаларым бір-бірімен өте тату. Үлкендері кішісіне қамқорлық танытады. Сіңлімнің балаларын қамқорлығымызға алғанда, кішісі Назымның жасы небәрі бірде еді. Қазір бізге «папа», «мама» деп шауып жүр. Үлкені Дияс анасынан айырылғанда есін білетін жаста болды. Ол да аға-әпкелерінің айтқанын тыңдап, барынша үлгілі болуға тырысады. Әрине, қанша жерден қамқорлық жасасақ та,  аналық мейірімге жетпейтіні белгілі. Дегенмен оларды өз балаларыммен бірдей етіп өсіруге тырысамыз, — дейді Мира.

 

Көпшіліктің дауысы, демеушілер көмегі

Қазір Жиеналиндер отбасындағы басты мәселе — баспана. Бұл отбасы бүгінде Ақтөбе қаласының Сүт зауыты ауданындағы шағын көлемдегі екі бөлмелі пәтерді ай сайын 30 мың теңгеге жалдап отыр. Қыс айларында коммуналдық төлемның мөлшері қымбаттап, пәтерақысы 45 мың теңгеден бір-ақ шығады. Отыз төрт жастағы Мира емізулі баласымен үйде отыр, ал Еділхан болса күнделікті нәпақасын такси қызметінен тауып жүр.

Осыдан екі жыл бұрын Ақтөбе қаласының әкімі Ілияс Испанов және бір топ Мәжіліс депутаты Жиеналиндер отбасындағы тұрмыстық қиыншылықтарды өз көздерімен көргеннен кейін, бұл отбасыға жеке үй салу үшін құзырлы органдарға жер бөлуді тапсырыпты. Жалпы ауданы 10 сотық жер Жиеналиндер отбасына Бекқұл баба ауылынан бұйырған. Жердің ресми құжаттары рәсімделген. Талап бойынша, құрылыс екі жылдың ішінде жүргізілуге тиіс. Алайда шиеттей баламен отырған отбасыға әзірге үй салу үшін құрылыс материалдарына қаражат жоқ.

— Елімізде мен сияқты көпбалалы аналарға ерекше қолдау көрсетіліп жатыр. Биыл 1 сәуірде атаулы әлеуметтік жәрдемақы алу үшін құжаттарымды тапсырдым. Бұған дейін отбасымның тұрмыстық жағдайы турасында әлеуметтік карта толтырылып, мамандар жәрдемақыға ілігетінім жайында айтқан болатын. Әрине, бұған дейін де қамқорлықтағы балаларым үшін мемлекеттен жәрдемақы алып келдім. Алайда ол қаражатты екі баланың банктегі есепшоттарына аударып отырмыз. Жақында отбасымызға тағайындалған 192 мың теңге көлеміндегі атаулы әлеуметтік жәрдемақыны қолымызға алып, қуаныштан төбеміз көкке бір елі ғана жетпей қалды. Бұл — менің балаларымның ырзық-несібесі, — дейді Мира.

Мира жергілікті биліктегілерге ерекше алғысын айтады. Бұл отбасыға ақтөбелік кәсіпкерлер де аянып қалмай, барынша қолдау көрсетуде.  Соның бірі — кәсіпкер, облыстық іскер әйелдер қауымдастығының төрайымы Күлшат Масалимова  Жиеналиндер отбасындағы балаларды киім-кешекпен қамтамасыз етіп, қол ұшын беруден жалыққан емес. Былтыр «Бақытты бала» жылында да бұл кәсіпкер осы отбасы үшін жомарттық көрсетіп, қолдау танытқан.

Биыл өңірімізде төртінші рет ұйымдастырылып отырған «Асыл ана-2019» облыстық форумында 20 номинация сарапқа салынды. Әйелдердің қоғамдағы рөлін насихаттау мақсатында өткен байқаудың шарты бойынша, қатысушылар әлеуметтік желідегі «Асыл ана» парақшасына тіркеліп, өзі туралы мәлімет жариялап, дауыс жинады. Осы байқаудың «Аяулы ана» аталымына Мира Жиеналина лайық деп танылып, көпшіліктің көп дауысымен жеңімпаз болды.

 

Ақтөбеде 788 бала қамқоршылық тәрбиеде жүр

Облыстық білім басқармасының мәліметі бойынша,  қазіргі таңда облыста 979 жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған бала тәрбиеленіп жатыр. Оның ішінде 788 бала қорғаншылық пен қамқоршылықта болса, патронат тәрбиедегі балалардың саны  — 102. Сол сияқты, интернаттық ұйымдарда 89 бала бар.

Бүгінде жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды отбасына орналастыру бағытында атқарылған жұмыстардың нәтижесінде облыста аталған санаттағы балалар санының тұрақты азайып келе жатқаны байқалады. Яғни, 2013 жылы бұл  көрсеткіш 1567 бала болса, биыл наурыз айындағы көрсеткіш — 979. Осылайша, бес жылдың ішінде жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың саны 588-ге азайған. Бұл 37,5 пайызға төмендегенін көрсетеді.

Қазір Ақтөбеде жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған білім басқармасына қарасты Хромтау, Темір, Қобда, Мәртөк отбасы үлгісіндегі балалар үйі, сондай-ақ «Мейірім» жастарды әлеуметтік бейімдеу орталығы, «Аяла» өмірлік қиын жағдайдағы балаларды қолдау орталығы жұмыс жасайды.

Басқарма мамандарының айтуынша, балалар үйлеріндегі тәрбиеленушілер санының  азаюына байланысты Алға облыстық балалар үйі мен кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығын біріктіре отырып, «Аяла» өмірлік қиын жағдайдағы балаларды қолдау орталығы ашылған болатын. Орталықтың мақсаты — өмірлік қиын жағдайдағы балаларды тәрбиелеу мен оқыту, бос уақытын және демалысын ұйымдастыру бойынша қажетті жағдайларды жасау, медициналық, психологиялық қолдау көрсету. Сондай-ақ, балаларға санитарлық-тұрмыстық және санитарлық-гигиеналық қызмет көрсетумен қатар, мамандық таңдауға көмектесіп, өз бетінше өмірге және еңбек қызметіне дайындау. Бүгінгі күні бұл орталықта 25 кәмелетке толмағандар тәрбиеленіп жатыр.

Мамандар жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды қорғаншылық (қамқоршылық), патронаттық тәрбиеге беру, асырап алу және баланы қабылдайтын отбасыға беру арқылы орналастырудың түрлері қарастырылғанын айтады. Соның нәтижесінде, соңғы жылдары мұндай топтағы балаларды отбасыға орналастырудың патронаттық тәрбиеге беру түрі  көп таралып келеді. Облыс бойынша өткен жылы  88  жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар анықталып, 73 бала қорғаншылыққа (қамқоршылыққа), 5 бала патронаттық тәрбиеге өтсе, жеті баланы асырап алған, ал  үш бала сәбилер үйіне орналастырылыпты.

Бүгінгі таңда елімізде бала асырап алу бойынша өтініштерді қабылдау және мемлекеттік қызмет көрсетудің нәтижелерін беру электрондық үкіметтің www.egov.kz веб-порталы арқылы жүзеге асырылады. Мемлекеттік қызмет көрсету мерзімі құжаттар топтамасын портал арқылы тапсырған сәттен бастап он жұмыс күнін талап етеді.

Арайлым НҰРБАЕВА.

 

 

 

Бала асырап алуға тілек білдірген адамдарды есепке қою үшін құжаттар тізімі:

– бала асырап алуға тілек білдіру туралы өтініш;

– жақын туыстарының бала асырап алуға жазбаша келісімінің электрондық көшірмесі;

– көрсетілетін қызметті алушының және егер некеде тұрса, жұбайының (зайыбының) жиынтық табыс мөлшері туралы анықтамасының электрондық көшірмесі;

– отбасы жағдайы туралы анықтамасының электрондық көшірмесі;

– денсаулығы туралы анықтама;

– тұрғын үймен пайдалану құқығын дәлелдейтін құжаттардың электрондық көшірмесі.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button