Жаңалықтар

«Аманат» қоғамдық мониторинг жүргізеді

Президент сайлауында қоғамдық мониторинг жүргізіледі. Оны жаңадан құрылған «Аманат» азаматтық алаңы жүзеге асырмақ. Құрамында әртүрлі қоғамдық ұйымдардың мүшелері, сарапшылар бар топ саяси науқанға белсенді қатыспақ. Бұл туралы сенбі күні «Аманат» азаматтық алаңының облыстық штабының ғимаратында өткен баспасөз мәслихатында айтылды.

Шара барысында «Аманат» штабының мүшесі, алаңының 3-бағытының кураторы Шыңғыс Лепсібаев штаб жұмысы, мақсат-міндеті туралы жан-жақты түсіндіріп берді.

— Штаб жұмысы негізгі 5 бағытты қамтиды. Біріншісі — сайлауды өткізуге дайындық. Екіншісі — сайлаушылардың өз құқықтары туралы хабардар болуы. Бұл — сайлаушылардың құқықтық процедуралары, сайлау кезеңдері мен мерзімдері туралы ақпараттандыруды қарастыратын ең маңызды бағыттардың бірі. Үшіншісі — адалдық. Еліміздің әрбір өңірінде, әрбір сайлау учаскесінде тәуелсіз бақылау желісін құру. Бақылаушыларды халықаралық ұйымдардың стандарты бойынша оқыту. Жедел ақпарат алмасу желісін құру. Құқықбұзушылықтың алдын алу. Жергілікті атқарушы органдармен, сайлау комиссияларымен, үміткерлердің штабтарымен ынтамақтастықта жұмыс істеу. Төртіншісі —  ашықтық. Азаматтар, журналистер, сарапшылар, ғалымдармен бірлесіп, сайлау бойынша барынша ашық және объективті ақпарат беру мен пікір алмасу. Тәуелсіз диалог платформалары мен пікірталас алаңдарын құру. Түрлі көзқарастағы, түрлі пікірдегі сарапшылардың пікірлерін тыңдау. Бесіншісі — ынтымақтастық. Бұл бағыт құрмет пен сенім қағидаттарында мемлекет пен қоғамның тең ынтымақтастығын қамтамасыз етуі тиіс, — деді Шыңғыс Лепсібаев.

Айта кету керек, қазір еліміздің барлық өңірлерінде «Аманат» азаматтық алаңының облыстық штабтары ашылды. Ақтөбедегі штабқа Айгүл Дүйсенова жетекшілік етеді.

Шара соңында ол журналистердің сауалдарына тұшымды жауап берді.

* * *

Сол күні «Аманат» азаматтық алаңының облыстық штабының ғимаратында тәуелсіз бақылаушыларға арналған тренинг өтті. Оны «Аманат» азаматтық алаңының мүшесі Шыңғыс Лепсібаев жүргізді.

Шараның мақсаты — сайлау туралы құқықтық талаптарға сәйкес ақпарат беру, сайлаушылар мен бақылаушылардың міндеттерін құқықтық негізде түсіндіру, жергілікті сайлау комиссиясымен өзара бірлескен іс-қимылдар жасауға үйрету. Сондай-ақ, орталық сайлау комиссиясының, үміткердің сайлау штаб-пәтері және өзге де сайлауға қатысты аймақтарда заң бұзу деректері тіркелген жағдайда бақылаушылардың іс-әрекеттері туралы құқықтық ақпарат беру.

— Қазір «Аманат» азаматтық алаңы әр ауданда бір-бірден мобильді капитан дайындап жатыр. Мобильді капитандар өз аудандарындағы сайлау учаскелерінің санына қарай бақылаушылар даярлайды.

Облыста 529 сайлау учаскесі бар. Соның барлығында «Аманаттың» бақылаушылары болады, — дейді «Аманат» азаматтық алаңы облыстық штабының жетекшісі Айгүл Дүйсенова.

Семинар соңында қатысушыларға сертификаттар мен «Бақылаушылар блокноты» табыс етілді.

Айта кету керек, облыстық штабтың бірыңғай байланыс орталығы бар: 8-778-80-252-80. Осы арқылы сайлауға байланысты кез келген сауалға жауап алуға болады.

Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button