Жаңалықтар

Жан-жақты ақпарат беріледі

Республикалық  «Аманат» тәуелсіз азаматтық платформасының өкілдері өткен сенбіде  ҚР Президенттігіне үміткер Амангелді Таспиховтың Ақтөбе облыстық қоғамдық штабына келді.

Елімізде тұңғыш рет  ел Президенттігіне  кәсіподақ өкілі үміткер ретінде тіркеліп отыр.  Мұның өзі  жұмыс сипатына   қарай біріккен  жұмыскерлер  ерікті қоғамдық ұйымының  республика шеңберінде белгілі бір  деңгейге жеткендігін  және  азаматтардың  сеніміне ие болғандығын көрсетеді.  Кәсіподақтар  қазақстандықтардың құқықтары мен  мүдделерін  қорғауға бағытталған маңызды қоғамдық институтқа  айналды.

Амангелді Таспиховтың қарапайым әрі түсінікті  жазылған сайлауалды  бағдарламасында   жұмыскерлер құқықтарын өрескел бұзатын жұмыс берушілердің жауапкершілігін күшейту, еңбек қауіпсіздігін сақтау, еңбек миграциясын реттеу, жұмыскерлерге лайықты жалақы төлеу мәселелері қамтылған. Президенттікке үміткердің  ақтөбелік штабының өкілдері  жұмыс берушілер мен жұмыскерлер тарапынан  екіжақты жауапкершілікті  күшейту керек деп есептейді.

—  Негізгі міндеттеріміздің бірі — облыс және қала тұрғындарына  Президенттікке үміткер туралы толық әрі жан-жақты ақпарат беру. Сонымен қатар  кәсіподақтардың  бүгінде  сан алуан  күрделі сұрақтарды шеше алатындай  қуатты күшке айналып келе жатқанына азаматтарымыздың назарын аудару. Кәсіподақтар қай кезде  де ең бірінші орынға әлеуметтілік әділеттілікті шығарады, — деп түсіндірді штаб қызметкері Қуан Көктов.

ҚР Президенттігіне үміткер Амангелді Таспиховтың  қоғамдық қабылдау бөлмесі  Маресьев көшесі, 91-үйде,  облыстық кәсіподақтар орталығы ғимаратында  орналасқан. Азаматтарды қабылдау 12 мамырдан басталса, содан бері   кәсіпорындардағы  еңбек заңнамасының сақталуы сұрағымен  4 ақтөбелік  қабылдауда болды.

«Аманат» азаматтық платформасының өкілдері  қоғамдық қабылдау бөлмесінің жұмысымен де  танысты.

— Бізде тәуелсіз бақылаушылардың үлкен тобы топтастырылды, — дейді «Аманат»  республикалық штаб төрағасының орынбасары Андрей Кудеев.  — Мақсат —  сайлау күні  барлық сайлау учаскілерінде  біздің тәуелсіз платформаның бақылаушыларының  болуын қамтамасыз ету.

Қонақтар  сайлауалды штаб жұмысының жақсы ұйымдастырылғанын атап өтті. Кездесу соңында  «Аманат» өкілдері  А.Таспиховтың  облыстық қоғамдық штабына  сайлауалды штаб мүшелері, сенімді өкілдер мен бақылаушылардың  барлық құқықтары мен міндеттері жазылған «Бақылаушы блокнотын» тапсырды.

                                                                   Инесса ФАДЕЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button