Спорт

Сырт алаңдағы тең ойын

Премьер-Лига

«Жетісу»-«Ақтөбе» — 1:1

«Астана» тағы да ұтылып қалды. Өз алаңында ұтылды. Ал қатарынан бесінші рет жеңіске жеткен «Қайсар» елордалықтардың желкесінен демалып тұр. «Қайрат» 10-орындағы «Ертісті» ілдалдалап әзер ұтып, бір адым ілгері жылжыды. Жалпы 11-тур ойындарына барлығы 15 000 жанкүйер жиналды.

Көш соңында келе жатса да «Ақтөбе» бірінші айналымның соңғы ойынын сенімді өткізді. Кездесуден соңғы баспасөз мәслихатында «Жетісудың» бас бапкері Дмитрий Огайдың: «Меніңше, бұл ойында «Ақтөбе» жеңіске лайығырақ болған секілді», — деуі — осының айқын дәлелі. Әрине, Д.Огай одан әрі өз командасының проблемаларын айтып кетті. Дегенмен, жетісулықтарды абыржытқан сол проблемалармен бірге «Ақтөбенің» мығым ойыны екеніне еш шек келтіруге болмайды. Ал кейбір футбол мамандарының «Жетісудың» алғашқы төрттіктің сапында келе жатқанын алға тартып, бұл ойында алаң иелерінің жеңетіні туралы алдын ала болжам жасауы, бәлкім, әлі де «Ақтөбенің» ерік-жігерін дұрыс бағалай алмай жүргендігінен шығар.

Футболды, Талдықорғанға бармаса да, тікелей хабар арқылы тамашалағандар жерлестеріміздің қандай да психологиялық қысымды жеңе алатындығына куә болды. Бұл кездесуде, мысалы, бұрыннан тіс қаққан Саша Марьянович пен Виталий Волковты, Бағдат Қайыров пен Асланбек Кәкімовті айтпағанда, сапқа кейін қосылған Ардақ Сәулет пен Әлішер Әжімовтің, Рустам Темірханның қимылдары, тіпті Премьер-Лига ойындарына араласуға енді-енді мүмкіндік алған Рустам Сахибовтың қандай жанкештілікпен ойнағаны жанкүйерлерді шын сүйсіндіріп отырды.

Ойын басталысымен тығырыққа тіремек болған алаң иелеріне дес бере қоймаған, шабуылшылардың жолын кес-кестеп отырған жерлестеріміз бірінші таймның соңында ғана бармақ тістіп қалды. Онда да, жасыратын несі бар, біздің қақпашымыз өрескел қате жіберіп алды. 44-минутта Мирам Сапанов алаң ортасынан тастаған доп біздің қақпамыздың маңына жылдам жетті. Осыны пайдаланып Руслан Степанюк жасаған соққының бағытын қақпашымыз Равиль Нұрмұхаметов дұрыс аңғарғанымен, қолы тиіп тұрған допты мығым ұстай алмай сусытып алды да, сол бойда Руслан қайыра әрекет жасап, допты ентелей келген Айбар Жақсылықовқа жылжыта салды, ал Айбар нысананы дәл көздеді. Алас-қапаста біздің қорғаушыларымыз еш әрекет жасай алмай қалды — 1:0.

Алайда қонақтардың ұнжырғасы түсіп кеткен ештеңесі жоқ. Екінші таймда ақтөбеліктер қорғанудың ғана емес, ең әуелі есепті теңестірудің амалын көп қарастырды. Ақыры сол мақсатқа жетті де. 74-минутта Рустам Темірхан оң қанаттан допты қонақтардың айып алаңына әуелете тастады да, қорғаушылардың бірі оны баспен кері қайтарды. Бұл допты баспен қағып алған Саша Марьянович жерге еппен түсірді де, қақпаға қарата қайта тепті. Осы кезде қақпаның алдында қарауылдап жүрген Абат Айымбетов дөңгелене жеткен допты тоқтатып алды да, шалт бұрыла соққы жасап, жібек торға сүңгітті де жіберді — 1:1.

Бұдан соң, әрине, намысқа басқан алаң иелері шабуылды үдетуге тырысты, ал ақтөбеліктер қорғаныста жатып алмай, әлгі шабуылдардың жолын кесумен бірге өздері де қарсы шабуылдар ұйымдастырып отырды. Жалпы бұл кездесуде қонақтардың жеңіске жетерліктей басқа да мүмкіндіктері болды. Бірақ, айталық, бір жағдайда Аслан Кәкімов тиімді сәтті дұрыс пайдалана алмай қалса, екінші ретте бұрыштамадан соғылған допты қақпаға енгізіп жіберудің мүмкіндігі қолдан сусып кетті.

Осылайша кездесу тең есеппен аяқталып, «Ақтөбе» төрт турға созылған жеңілістер тізбегін үзді.

Ал сәл-пәл таратыңқырап айтатын болсақ, бұл ойында да ақтөбелік футболшылар еш аянып қалған жоқ. Соның ішінде жас ойыншылар да ештеңеден үргедектенбей, жанкешті қимылдар көрсетті. Командаға аса қажетті қасиеттердің бірі осы болса керек.

«Жетісу»-«Ақтөбе» — 1:1

Гол авторлары: Айбар Жақсылықов, 44-минут (1:0);  Абат Айымбетов, 76-минут (1:1).

Ескерту қағазын алғандар: А.Шабанов, 54-минут («Жетісу») — А.Шурыгин, 45+1 минут («Ақтөбе»).

«Жетісу»: Андрей Шабанов, Ермек Қуантаев, Никита Наумов, Дэвид Мавутор, Мирам Сапанов, Ненад Адамович, Альмир Мухутдинов (капитан), Камо Оганесян, Рауль Джалилов (Олег Хромцов, 80-минут), Руслан Степанюк, Айбар Жақсылықов (Елжас Алтынбеков, 64-минут)​.

Бас бапкер Дмитрий Огай.

«Ақтөбе»: Рамиль Нұрмұхаметов, Виталий Волков (капитан), Саят Жұмағали, Рустам Темірхан, Бағдат Қайыров, Ардақ Сәулет, Антон Шурыгин (Әлішер Әжімов, 79-минут), Саша Марьянович, Есен Жасанов (Рустам Сахибов, 72-минут), Асланбек Кәкімов (Жамбыл Көкеев, 87-минут), Абат Айымбетов.

Бас бапкер Александр Седнев.

18 мамыр 2019 жыл. Талдықорған, «Жетісу» стадионы. 2000 адам. 

*   *   *

Басқа кездесулердің нәтижесі:

«Астана» ( Нұр-Сұлтан) — «Шахтер» (Қарағанды) — 1:2

«Оқжетпес» (Көкшетау)-«Қайсар» (Қызылорда) — 1:2

«Ордабасы» (Шымкент)-«Тараз» (Тараз) — 3:0

«Тобыл» (Қостанай)-«Атырау» (Атырау) — 3:0

«Қайрат» (Алматы) — «Ертіс» (Павлодар) — 2:1

15 мамырда Павлодарда «Ертіс» пен «Астана» алдағы 19-турдың кездесуін алдын ала өткізіп, есеп 0:4 есебімен қонақтардың пайдасына шешілгенін еске саламыз.

*   *    *

11-тур:

Бұл турда да дәл өткен турдағы секілді 17 гол соғылды. Бұл жолы 2:1 есебі үш рет, 3:0 есебі екі рет қайталанды. Бір ғана тең ойын есебі тіркелді.

19 рет ескерту қағазы көрсетілді.

Ең шапшаң гол авторлары — Эсеола («Қайрат»), 6-минут; Тоқтар Жаңғылышбай, («Ордабасы»), 7-минут.

Екі гол 90-шы және 90+3 минуттарда соғылды.

*   *   *

Сонымен алғашқы үш орында бұрынғыша «Астана» (28 ұпай); «Қайсар» (23 ұпай); «Тобыл» (23 ұпай) тұр. «Астананың» басқалардан екі ойыны артық.

4-орынға 20 ұпаймен «Ордабасы» көтерілсе, 5-орынға 19 ұпаймен «Қайрат» ентігіп жетті. «Қайраттың» басқалардан бір ойыны артық.

6-орынға 18 ұпаймен «Жетісу» сырғып түсті.

7-8 орын иелері өзгерген жоқ: «Шахтер» (17 ұпай), «Оқжетпес» (14 ұпай).

9-11 орындарды да бұрынғысынша 9 ұпайдан жинаған үш команда еншілеп тұр: «Тараз», «Ертіс», «Атырау». Басқалардан «Ертістің» бір ойыны, «Атыраудың» екі ойыны артық.

Еш ұпайы жоқ (-5) «Ақтөбе» 12-орында тұр. ФИФА шешімімен «Ақтөбе» командасынан 12 ұпай шегеріліп қалғанын еске саламыз.

*   *   *

12-тур ойындары 26 мамыр, жексенбі күні өтеді.

Бұл турда «Ақтөбе» өз алаңымызда Шымкенттің «Ордабасы» командасын қабылдайды.

Басқа кездесулер:

«Оқжетпес» — «Астана»

«Жетісу» — «Қайсар»

«Тараз» — «Тобыл»

«Шахтер» — «Қайрат»

«Ертіс» — «Атырау»

Ертай АШЫҚБАЕВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button