Жаңалықтар

Қылмыстың алдын алу — қоғам болып күресетін мәселе

Жұма күні Ақтөбе қаласында «Құқықбұзушылықты ескерту мен алдын алудағы қоғамның рөлі және құқық қорғау органдарымен өзара әрекеті» деген тақырыпта халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Ақтөбе қаласының 150 жылдығына орайластырылған конференцияның пленарлық мәжілісіне Парламент Мәжілісінің депутаттары, атқарушы органдар мен зиялы қауым өкілдері, курсанттар қатысты.

Шарада алғаш боп сөз алған облыс әкімі Оңдасын Оразалин жыл басталғалы шаһардың 150 жылдығы аясында көптеген іс-шаралардың  ұйымдастырылып жатқанын, бүгінгі конференцияның да көтерген мәселесі өзекті екенін атап өтті. Заңбұзушылықтар неғұрлым аз болса, соғұрлым елдің жағдайы жақсара түсетініне ерекше маңыз берілді.

— Осындай пікірлер алаңына біз барлық сала мамандарын, шетелдік ғалымдарды да шақырып, қайткенде қылмыстың алдын аламыз деген сұраққа жауап іздеуді мақсат етіп отырмыз. Қоғамдағы мәселелерді бірігіп шешсек, қай тарапқа да жақсы болары сөзсіз. Құқық қорғау органдары мен осы салаға қатысы бар мамандардың басын қосу арқылы баршасы өзара тәжірибе алмасады деген ойдамын, — деді Оңдасын Сейілұлы.

ҚР Парламенті Мәжілісінің Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің төрағасы, заң ғылымдарының докторы Нұрлан Әбдіровтың айтуынша, елімізде қылмыстың саны жылдан-жылға азайып келеді. Бірақ кейбір салалардағы қылмыстың көлемі, оның тереңдігі бәрібір алаңдатпай қоймайды екен. Сондықтан конференцияның көтерер жүгі ауыр екенін айтқан ол алдымен қылмыстың жасалуынан бұрын себебін анықтау, мейлінше қоғам болып соның түп-төркінін жою жолында күш біріктіру керектігіне тоқталды.

Ал ҚР Президенті Әкімшілігінің құқық қорғау жүйесі бөлімі меңгерушісінің орынбасары Наиль Ахметзакиров:

— Қылмыстың алдын алу, оған тосқауыл болуда еліміздің заң жүйесінің атқаратын рөлі зор. Осы жүйе мен қарапайым азаматтардың заңды жетік білуі, кез келген заңбұзушылықтың жолын кесудегі бастамашылдығы қандай деңгейде екені баршаға қызық. Осы сұрақтарға жауапты конференция барысында білеміз деп ойлаймын. Өйткені мұнда қазақстандық ғана емес, көршілес Ресей Федерациясынан келген ғалымдар бар.

Бір анығы, бүгін бәріміздің бұл саладағы ғылыми тәжірибемізбен бөлісіп, пікір алмасатын мүмкіндігіміз бар. Мұнда ғылымға жаңадан енген әдістемелер жайы да айтылатынын ескерсек, үлкен мәселелердің шешімін табар кез алыс емес деп есептеуге болады. Осы бастамаға атқарушы биліктің қалыс қалмай, қолдау танытуы — өте қуантарлық жағдай, — дей келе, жиналғандарды Ақтөбе қаласының 150 жылдығымен құттықтады.

Сонымен қатар, облыс прокуроры Марат Қайбжанов қоғамдық тәртіпті сақтауда қоғамдық көмекшілердің белсенділігі әлі жоғары емес екенін айтып, қылмыстың бетін ашуда жәрдемін тигізген азаматтарға сый-құрмет көрсетуде атқарушы биліктің өзі қолғабыс жасаса деген  тілегін ортаға салды. Оның ойынша, сонда ғана заңбұзушылық азаюы бек мүмкін.

Жалпы Ақтөбе облысында өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда құқықбұзушылық 12,3%-ға төмендеген. Мәселен, жыл басынан бері 4339 құқықбұзушылық тіркелсе, өткен жылы бұл көрсеткіш 4978-ге жеткен болатын.

ҚР Парламенті Сенатының депутаттары М.Тағымов, М.Жұмағазиев, ҚР ІІМ әкімшілік  полиция комитетінің төрағасы М.Байболов, Ресейдің Екатеринбург, Орынбор қалаларынан арнайы келген М.Черепанов, В.Попов, Е.Мищенко тәрізді құқық саласының профессорлары мен заң ғылымының докторлары қатысқан бұл пленарлық мәжіліске облыстағы 12 аудан әкімі де онлайн-байланыс арқылы қосылып, саладағы түйткілдерді жоюға бағытталған әдіс-тәсілдерге қанық болды.

Азаматтық қоғам институттарының заңбұзушылыққа қатысты ескерту жұмыстарына атсалысуы, құқық қорғауда қоғамның алатын орны, заңнамаға жаңартулар енгізілуі тиіс бөлімдер, т.б. тақырыптар баяндамашылар тарапынан назарға алынды.

 

*  * * * *

Түс ауа конференцияға қатысушылар М.Бөкенбаев атындағы Ақтөбе заң институтының қабырғасында «Педагогикалық шеберлік мектебі» кабинетінің ашылу рәсімінде болып, жаңадан ашылған заң қызметтерін көрсететін орталықтың жұмысымен танысты. Сондай-ақ, оқу-зертханалық кешен, оқу-жаттығу полигоны, ғимараттың басқа да бөлімдерін аралады. Артынша «Курсанттар аллеясына» ағаш отырғызды.

Айбек СЕРІКҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button