Экономика

Жаппай кәсіпкерлікті дамыту жұмыссыздықты азайтады

Брифинг

Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы еліміздегі жұмыссыздық деңгейін төмендетуге бағытталған. Бұл бағдарламаға жұмыссыз ретінде тіркелгендер және  өзін-өзі жұмыспен қамтып отырғандар, кәсіби біліктілігі жоқ азаматтар қатыса алады.

Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында «Еңбек» бағдарламасының Ақтөбе облысында жүзеге асырылу барысы айтылды. Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бөлім басшысы Жәнібек Нығметқалиевтің айтуынша, облыста аталған  бағдарлама аясындағы «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне 1125 адамды оқытуға 88,7 млн теңге қаралған.

— «Бастау Бизнес» қатысушыларды кәсіпкерлік дағдыларына, оның ішінде ауыл шаруашылығы кооперативтерін қалыптастыру қағидаттарына оқытуға, сондай-ақ олардың бизнес жобаларын қолдауға бағытталған. «Еңбек» бағдарламасының «Жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағыты бойынша ауылдық елді мекендерде, шағын қалаларда және қалаларда, моноқалаларда кредит беру де қарастырылған. Бұл мақсатта облыста биыл 5041,8 миллиард теңге бөлініп отыр, — деді ол.

Кәсіпкерлерге несие алу кезінде кепілдіктің қажет екені белгілі. «Еңбек» бағдарламасы бойынша ауылдық жерде және шағын қалаларда микробизнес ашуға, бизнесті кеңейтуге, кооперативтер құруға, қалаларда және моноқалаларда жаңа микрокәсіпорындар құру, бизнесті кеңейту мақсатында  облыста шағын несиелерді кепілдендіруге 351,0 млн теңге бөлініп отыр. Бұл қаражат кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы басқармалары арқылы беріледі.

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Нұржау Тұрғамбековтің айтуынша, аталған бағдарлама бойынша 2017 жылы 495 жобаға 2 млрд 291 млн теңге, 2018 жылы 984 жобаға 3 млрд 850 млн теңге қаралды.

— Биыл 976 жобаны қаржыландыру үшін республикалық қазынадан 3 миллиард 850 миллион теңге қаражат бөлінді. Біз екі қаржы институты — ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры мен несие корпорациясына сәуір айында қаржыны аудардық, мамыр айынан бастап олар несиелеу жұмыстарын бастап кетті. Қазіргі таңда 102 жоба түсті, соның 38-іне 160 млн теңге берілді. 137 млн теңгенің 24 жобасы мақұлданды және 184 миллион теңгенің 40 жобасы қазір қарастырылып жатыр, — деді ол.

«Еңбек» бағдарламасының операторларының бірі — «ҚазАгро» холдингінің еншілес компаниясы «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ. Аталған қордың облыстық филиалы басшысы Гүлжанат Ерғазинаның айтуынша, биыл осы қор арқылы ауылдағы кәсіпкерлерге қолдау көрсету үшін облысқа 2 млрд 150 млн теңге бөлінген.

— Қаражат сәуір айының аяғында түсті, мамыр айындағы сегіз жұмыс күні ішінде құны 85 миллион теңге болатын бірқатар жоба қаржыландырылды. Қазір 280 миллион теңгенің 76 жобасы қарастырылып жатыр. Бұл бағдарлама бойынша ауылдық жердегі сауда-саттықтан басқа барлық бизнес түрін дамытуға мүмкіндік бар. Қазіргі уақытта аталған бағдарламаға Шалқар, Мұғалжар, Мәртөк, Қобда, Темір аудандары белсене қатысып жатыр, — деді Г.Ерғазина.

(«Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы туралы газетіміздің алдағы сандарынан толық оқи аласыздар).

 Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button