Басты бет » Мәдениет » Ақтөбеге айтқыштар келе жатыр

Ақтөбеге айтқыштар келе жатыр

Ақтөбе қаласының 150 жылдығына орай ертең, яғни 17 мамырда Өнер орталығында республикалық әзіл-сықақ фестивалі шымылдығын түргелі отыр. «Айтқыштар — Ақтөбеде» деп аталатын әзілкештер мен қалжыңбастардың мерекесі осымен 8-рет өтпек. Осы жолы бас-аяғы он театр бабы мен бағын сынайды.

Жобаның авторы әрі ұйымдастырушысы, «Екі езу» сатира театрының директоры Нұрлыбек Жұбатқанның айтуынша, екі жылда бір рет өтетін фестиваль 2002 жылы өз бастауын алған. Мұндағы мақсат — ел ішіндегі әзіл-сықаққа жақын өнер ұжымдарын, жеке орындаушыларды анықтау, олардың жұртшылыққа танылуына, талаптарын ұштай түсуіне ықпал ету. Сондай-ақ, көрермендерге күлкі сыйлау да басты мұраттардың бірі.

— Бұл жобаның алғашқы жеңімпазы — қазіргі қазақ сатирасында кеңінен танылып, әлі де өнерін шыңдап келе жатқан Бауыржан Орда. Бұның жерлес ініміздің үлкен сахнада қалыптасуына өз оңды әсерін тигізгені сөзсіз. Оған дәлел — он жылдан бері Алматыда еңбек етіп жүрген ол  жақында ақтөбелік жастардың басын қосып, «Маэстро» театрын құрды. Былтыр «Алматы» баспасынан алғашқы «Қалжыңдаймын» кітабы жарыққа шықты.

Сонымен қатар, қазақ өнерінде өзіндік әдемі әзілдерімен орнын тапқан «Өнер қырандары» театры кезінде осы байқауда бас жүлдені қанжығаларына байлағанын мақтанышпен айтқым келеді. Біздің байқау талай талантты жастың қадамын нықтай түсуіне, осылайша, белгілі бір үлесін қосты. Әр жылдары Сейіт Кенжеахметов, Көпен Әмірбек, Мұхтар Шерім, Қайнар Олжай, Төрежан Мәндібай сынды ағаларымыз байқауға төрелік етті. Биыл қазылар алқасының төрағасы Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, актер-режиссер Асқар Наймантаев болмақ, — дейді әңгімелесушіміз.

Фестивальде ақтөбелік әзілкештерді айтпағанда, Нұр-Сұлтан, Алматы, Атырау, Жезқазған, Шымкент қалаларынан да қатысушылар өнерін ортаға салмақ. Олардың арасында жерлестерімізден құралған «Түйреуіш» пен «Маэстро», «Мистер Мұхтар» (Шымкент), «Ұлан-Асыр» (Жезқазған) театрлары ақтөбелік өнер сүйер қауымның алдына алғаш рет шыққалы отыр. Өз кезегінде ұйымдастырушылар фестивальге қатысушыларды бағалау кезінде интермедияның өзектілігіне, актердің орындау шеберлігіне, сахна мәдениетіне айрықша мән беретінін жеткізді.

«Қысқасы, күлкі шеруі 17 мамырда сағат 19.00-де Ақтөбе қаласындағы Өнер орталығында басталады. Сол күні-ақ қорытындысын шығарамыз. Бас жүлдеге 150 мың теңге тігіліп отыр. Айтпақшы, кіру тегін. Барлық оқырмандарды осынау мәдени шараға шақырамыз!», — деп жоспарымен бөлісті ол.

Айта кетейік, өткен жылы 20 жылдығын атап өткен «Екі езу» театры 27 мамыр күні ҚР Тұңғыш Президенті Н.Назарбаев атындағы Орталық мәдениет және демалыс саябағының сахнасында, яғни ашық аспан астында концертін өткізбек. Сол арқылы Ақтөбе қаласының 150 жылдығына өзіндік сый-құрметін көрсеткісі келетін труппадағылар жұртшылықты ән мен әзілдің ақысыз кешіне шақырады…

Айбек СЕРІКҰЛЫ.