Тұлға

Ұлт жанашырының ұлағаты

Қоғам және мемлекет қайраткері, ағартушы ұстаз, ғалым Мұхтар Арынның есімі Ақтөбе жұртшылығына етене таныс. Әсіресе, аға буын өкілдері Ақтөбе өңірінің тарихын, тәуелсіздік жылнамасын осы тұлғаның өмірі мен қызметінсіз көзге елестете алмайды. Халық жазушысы, тағылымды тұлға Әбіш Кекілбаев айтқандай, керек заманда туып, керекті шаруаға ат қосысып, келелі іс тындырып кеткен ел ардағының туғанына биыл 20 мамырда 83 жыл толады.

1983-1995 жылдары Ақтөбе педагогикалық институтына басшылық жасап, білім ордасының  өркендеп дамуына өлшеусіз үлес қосып, кейінгі ұрпаққа өшпестей із қалдырған ұлағатты тұлғаның мерейлі жасын Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университеті дәстүр бойынша кең көлемде атап өтпек.

Өз өмірінде талай абыройлы қызмет атқарып, келелі ой айта білген кемеңгер басшы Ақтөбе өңірінде еңбек еткен он екі жыл ішінде Ақтөбе педагогикалық институтын республикадағы жаңа тұрпаттағы көпсалалы жетекші жоғары оқу орындарының біріне айналдырып, оның облыстағы рухани орталық ретінде танылуына зор үлес қосты. Біртуар азамат Ақтөбе өңірі тарихи тұлғаларының, мемлекет қайраткерлерінің, ғылым, әдебиет және өнер ақтаңгерлерінің есімдерін жұртшылық жадында жаңғыртып, өскелең ұрпақ санасына сіңіру бағытында да игілікті істердің бастамашысы болды. Егемен еліміздің тұңғыш Парламентінің мүшесі ретінде Қазақстан қоғамының рухани саласын түбегейлі жаңартуға арналған заңнамалық актілерді жасақтауда жоғары белсенділік және қайраткерлік танытты. Ол өзі зерттеп, зерделеп, насихаттаған «Бес анығының» жай ғана жаршысы болып қойған жоқ. Өз болмысында шынайы ұлттылықтың айшықты белгілері — ана тіліміздің, сыни тарихи сананың, биік адамгершілікке уағыздайтын діни ұстанымның, озық ұлттық дәстүрлердің өміршеңдігін күнделікті тірлікте паш ете білудің, туған жерін жан-тәнімен сүйе білудің кісі қызығарлықтай үлгісін көрсете алған дара тұлға атанды. Ол туралы Қазақстанның халық жазушысы Әбдіжәміл Нұрпейісов: «Мұхтар көп ішіндегі жай жақсы жігіттің бірі емес, бірегейі еді. Ақтөбе өңірінің теңдік үшін тайталасып күресіп өткен билерінің, батырларының, ақындарының аруағын тірілткен тұста көшбасшы, көсем болған, тарихи, мәдени-рухани һәм ағарту салада жанын жалдап, аянбай еліне қызмет еткен көзі ашық, көкірегі сергек, нар жүгін көтерген, өзі де нар жігіт еді», — деп жоғары баға берген болатын.

Мұхаңмен замандас, қызметтес болған әріптестері мен шәкірттері оның биік адами қасиеттеріне сүйсініп, білікті басшының іскерлік шеберлігінің қыр-сырына үңіліп, оның титімдей болса да сынығын өз бойларына жұғысты етуге тырысты.

Мұхаң қандай да болмасын істі қолға алғанда оның өзектілігін құрайтын алғышарттары мен жүзеге асырылуының бүгінгі және ертеңгі салдарын терең зерделеп, нақты болжам жасап, жұмысты атқару барысында жүйелілікті, ыждағаттылықты, тиянақтылықты, табандылықты қамтамасыз ете білу қабілеті ерекше бола-тұғын. Соның арқасында ол өзі бастаған, орындалуына бел шешіп кіріскен істердің бәрі де алгортим негізінде жемісті нәтижелерін беретін. Соның кейбіреулеріне тоқтала кетсек. Мәселен, институттың басты міндеті —облысқа, батыс өңіріне қажет педагог кадрларын даярлау болса, өңірде оларға деген сұраныс құрылымы сарапталатын. Соған сәйкес жаңа мамандықтар ашу мәселесі зерделеніп, оқу-тәрбие жұмысын жолға қою үшін кадрлық, материалдық, әдістемелік ресурстар кешенін жасақтау міндеттері нақтыланатын.

Институттағы және сырттан шақырылатын білікті кадрларды баспанамен қамтамасыз етуге жете көңіл бөлініп, көптеген талапты жас оқытушылар аспирантура мен докторантураға оқуға жіберілді. Оларға тұрақты түрде материалдық және моральдық қолдау көрсетіліп отырды. Солардың көпшілігі қазіргі Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің ұстаздар, жетекшілер корпусының арқауына айналды. Олар бүгінде: «Біз Мұхтар Ғалиұлының алдын көрдік, тәлім-тәрбиесін алдық, қамқорлығын сезіндік», — деп орынды мақтанады.

Мұхтар Арын басшылық еткен кезеңде оқу орнында жаңа мамандықтар көптеп ашылып, олардың саны 8-ден 22-ге артты, қазақ тілінде оқытатын бөлімдер саны көбейді, студенттер контингентін аймақтық емтихан комиссиялары арқылы жасақтау, шетел пәндері мұғалімдерін жеделдетілген түрде даярлау тәжірибесі енгізілді, шетелдік қандастарымыз үшін дайындық бөлімі ашылды. Нарықтық экономикаға көшу барысында бизнес және менеджмент саласының мамандарына сұраныс жедел түрде артатындығын ескерген Мұхаң педагогикалық институтта бөгде мамандық ашудың қаншалықты машақаты көп іс екендігіне қарамастан, жоғарыдағыларға өз дәлелін өткізіп, аталмыш бағыт бойынша мамандар даярлау ісін республикада алғашқылардың қатарында өзі бастап кетті. Кейіннен бұл қадам педагогикалық емес мамандықтар санын ұлғайтуға, осылайша батыс өңірінде Ақтөбе педагогикалық институты негізінде университет ашу мәселесі күн тәртібіне қойылды.

Осы тәріздес кешенді жұмыс институттағы тәрбие және білім беру ісін жетілдіру бағытында да жалғасын тапты. Бұл жерде тәрбиенің білімнің алдында аталуы жайдан-жай емес. Мұхаң әу бастан, ректорлық қызметіне кіріскен сәттен бастап, тәрбие, оның ішінде ұлттық, қазақи тәрбие мәселесіне айрықша көңіл бөлді. Оқу процесіне әлем халықтарының және қазақ халқының рухани бай мұрасын, әсіресе тілін, тарихын, тәлім-тәрбие тәжірибесін, дәстүрлі дінін жүйелі түрде насихаттау мақсатында жаңа пәндер, арнайы курстар енгізілді, республикада алғашқы болып этнопедагогика кафедрасы ашылды.

Қоғамда мұғалім мамандығы мәртебесінің қаншалықты «тағдыршешті» мән-мағынаға ие екендігін Мұхаң өзі жүрген ортада сан мәрте қайталап, осы ақиқатты тыңдаушыларының санасына сіңіріп, жүректеріне ұялатуға жалықпайтын. Бұл ретте Әл-Фараби бабамыздың: «Тәрбиесіз білім адамзаттың қас жауы», — деген афоризмін, Ренанның: «Тарих дегеніміз – бір халықтың тек қана еркіндікке қарай ұмтылысының тарихы ғана емес, сол халықтың тәрбиесінің де тарихы», — деген айқындамасымен жалғап, қазақи тәрбие ерекшелігінің үлгісі ретінде «Құлынында — қақпа, тай күнінде — тартпа, құнанында — сақта, дөненінде — бапта, бестісінде — бәйгеге сал» қағидасын келтіретін-ді.

Мұхтар Арын парламенттік, министрлік делегациялар құрамында болып, Мысыр, Түркия, Германия, т.б. елдерге барған сапарларынан оралғанда, сол елдерде білім мен тәрбие туралы сөз болғанда, тәрбие мәселесі бірінші орынға қойылатындығына куә болғандығын, ал кейбіреуінде тіпті министрліктің атауы «тәрбие» сөзінен басталатындығын ризашылық сезіммен айтып отыратын. Осының бәрі Мұхтар ағамызды «Тәрбие деген тәңір бар» тұжырым-түйінін жасауға, «Бес анық» атты тәрбие жүйесінің концепциясын жасақтауға жетеледі. Көлемі шағын болса да, мазмұны мен маңызы мол бұл ой-толғамдарының қоғамның қазіргі кезеңдегі рухани жаңғыру міндеттерін қисынды шешімін тауып, жүйелі түрде жүзеге асыруға пәрмені мол екендігіне дау жоқ.

Ұлағатты ұстаз, білікті басшының оқу процесін ізгілендіру, гуманитарлық бағыттағы пәндерді оқыту сапасын көтеру, арнайы курстар енгізу мәселелері бүгінде университет басшылығының басты назарында. Бүгінге дейін университеттің материалдық базасын жетілдіру, оны қайта жасақтау бағытында бірқатар игі қадамдар жасалды. Атап айтсақ, екі Студенттер үйі пайдалануға беріліп, Жастар сарайы жаңартылды, «Мәңгілік ел» мәжіліс залы, кинотеатр жасақталды. Ақтөбе өңірінің тарихи тұлғаларының, ірі мемлекет және қоғам қайраткерлерінің атаулы оқу кабинеттері ашылып, бірқатар белгілі тұлғалардың есімдері оқу ғимараттарына берілуде. Сондай-ақ биыл ғалымның туғанына 83 жыл толуына орай Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің бір топ ғалымдары Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласындағы «Киелі жерлер географиясы» бағдарламасы негізінде «Ақтөбе — Нұр-Сұлтан — Павлодар — Семей — Жидебай — Қарқаралы — Қарағанды — Баянауыл — Екібастұз — Нұр-Сұлтан — Ақтөбе» маршруты бойынша «Жұбановтан Абайға!» атты ғылыми-танымдық экспедициясына жіберіледі.

Ал өз өмірін білім мен тәрбие саласына арнаған ғалым, білікті басшы Мұхтар Арынның есімі университеттің бас оқу ғимаратына беріліп отыр. Сондай-ақ қала аумағында орналасқан М.Арын атындағы Қарғалы орта мектебінде университет кафедрасының филиалы ашылды. Бұл — Мұхтар Арындай ұлт жанашырына бүгінгі ұрпақтың жасаған ерекше құрметі.

Айта кету керек, Мұхтар ағамыздың Ақтөбе өңіріндегі ерен еңбегінің тағы бір айшықты көрінісі — Ұлы Абай мұрасын насихаттауға атсалысуы. Ол қазақтың маңдайына біткен жалғыз классигі — Абайдың рухани мұрасын Ақтөбе жұртшылығына кеңінен жеткізуге аянбай еңбек сіңірді. Ұлы ақынның 150 жылдығына екі жыл қалғанда-ақ, «Абайды таныту мерейтойдың қарсаңында емес, бүгіннен басталуы қажет», — деген ұстаныммен кешенді жоспар дайындалды. Семейдегі Абай музейімен байланыс орнатылып, институтта жасақталатын «Абайтану» кабинетіне экспонаттар алынды. Мұхаң кабинетті ашу жұмыстарының барысын өзі күнбе-күн қадағалап, нақты кеңесін беріп отырды. Барлық мамандықтарға «Абайтану» арнайы курсы оқытылды, тұрақты түрде жұмыс жасайтын қалалық ғылыми-көпшілік семинар,  абайтанушы ғалымдармен кездесулер ұйымдастырылды, облыстық газеттерде, телеарналарда «Абай тағылымы» айдарымен мақала, сұхбаттар жарияланды, ақындар мүшәйрасы өткізілді. Абай әндерінен концерттік бағдарлама, «Абай» операсынан үзінді, Гете-Лермонтов-Абай шығармаларының («Қараңғы түнде тау қалғып») үндестігі туралы әдеби-музыкалық композиция әзірленді. Абайға байланысты шаралар, негізінен, орыс әдебиетімен салыстыра «біздің Пушкин» тұрғысынан өткізіліп келсе, ендігі басымдығымыз ұлы тұлғамызды алғаш рет тәуелсіз Қазақстан тұрғысынан, Шығыс әдебиеті және мәдениетімен жақындастыра таныту болды. Сонымен бірге, білікті басшы «Абайды үйренемін!» деген халықтың өзінің ынтасы, ұмтылысы болуы қажеттігін, Абайды тықпалауға әсте болмайтындығын үнемі ескертіп отыратын. Мұхаңның Абайды танытуда, тануда жасаған зор еңбегін Ақтөбе жұртшылығы көзінің тірісінде-ақ бағалады.

Әр кездің өз ағартушысы болары хақ. Мұхтар ағамыз халықтың жадында заманның бір қилы кезеңінде елдің, жас ұрпақтың сыралғы дәстүрлі құндылықтары мен өміршең жаңа леп-үлгілері арасындағы үйлесім мен үндестікті жазбай танып, өмірінің темірқазығына айналдыруы үшін аянбай тер төккен ағартушы-қайраткер болып қалады.

Ғалым ұлағаты — өміршең мұра. Ол — бүгінгі және ертеңгі тәрбие мен білім беру саласын өркендетуге, жас ұрпақтың бойына ұлттық, рухани құндылықтарымызды сіңіруге қызмет ететін баға жетпес байлық.

Абылай Мұхамбетжан,

философия ғылымдарының кандидаты,

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік

мемлекеттік университетінің доценті.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button